ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлының ұйымдастыруымен «Әнет баба» мешіті дін қызметкерлерінің жылдық қорытынды жиыны болып өтті.
Еске салар болсақ, ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен 2023 - жылды қорытындылауға арналған Төралқа мәжілісінде Қарағанды облысы өкілдігі «Бес бағыт үздігі» номинациясын иеленген болатын.
Осы орайда, облыс бас имамы дін қызметкерлерінің жыл бойы атқарған жұмыстарының еңбегін елеп, қарқынды жұмыс атқарып, көптеген игі істердің ұйытқысы бола білген мешіт қызметкерлерін марапаттады. Сондай-ақ, өзге өкілдіктерден бес бағыт бойынша алға шыққан бөлім басшылары ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, облыстық мешітте ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан шаруашылық бөлімінің қызметкерлері мен мешіт асханасы ұжымына да арнайы алғысын білдіріп, барлық қызметкерлерге қаржылай сертификаттар табыстады.
Жиын соңында облыс бас имамы Естай Айтуғанұлы дін қызметкерлерінің алдағы 2024- жылдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер