Исі мұсылман қауымы сағына күткен қасиетті Рамазан айы да басталды. Берекелі айда Алла разылығынан үміт еткен мұсылман қауымы бүгін құлшылық ордаларына жиналып, тарауих намаздары да басталып кетті.
Жамағат жағы да қасиетті аймен қауышар сәтке ерекше дайындықпен, айрықша ықыласпен аяқ басып, кеш түсісімен құлшылық ордасына қарай ағыла бастады.
Сауабы сансыз мүбәрак айды мейлінше пайдалы өткізуді жоспарлаған жамағаттың осындай ыстық ықыласы мен ынтасы Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде айрықша байқалып, биылғы Рамазан айының алғашқы тарауық намазы оқылды.
Алла үйіне жиналған дүйім жұртты ҚМДБ -ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы қасиетті айдың келуімен құттықтап, Алла Тағаладан елдің амандығы мен берекесін тіледі. Айлардың сұлтаны болған Рамазанның қадір-қасиетіне тоқталып, мүбәрак мерзімді ізгі амалдармен көркемдеуге шақырды.
Сондай-ақ, Бас имам қасиетті Рамазан айы бойы облыстық «Әнет баба» мешітінде Құран кәрімді хатым етіп, тарауих намаздарында имамдыққа шығатын қариларды таныстырып өтті.
Айта кетейік, облысқа қарасты барлық мешіттерде бүгіннен бастап тарауық намазы жалғасады.
Өкіл имам тарауих намазынан соң жамағатпен бірге рамазанға аман-есен жеткізген Алла Тағалаға шүкіршілік айтып, ел тыныштығы мен бірлігі үшін, баянды болашағымыз мен тұрақтылығымыз үшін дұға жасады
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер