ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Қиындықта ел бірге» атты бастамасымен Қарағанды облысы өкілдігі су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға барып, қайырымдылық асарын ұйымдастырды.
Облыс бас имамы Естай Айтуғанұлы бастаған дін қызметкерлері, жергілікті «Зекет және қайырымдылық қоры», облыс, қала мешіттерінің имамдары мен медресе шәкірттері, мешіт жамағаттары қазақтың асар дәстүрімен көмекке шықты.
Қайырымдылық шарасы барысында Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Шопа ауылы, Ақсу елдімекендерінің тұрғындарына көмек көрсетілді.
Қайырымдылық шарасы барысында су зардабын көрген халыққа азық-түлік, ас-су, киім-кешек, жатын орнына қажетті көрпе-төсек, балалар мен әйелдерге қажетті жабдықтар, тазалық құралдары, жылыту құралдары және т.б. көптеген көмектер жеткізілді.
Игі шараға арнайы қатысқан Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы аймақ тұрғындарына ізгі тілек айтып, Алладан есендік тілеп қайтты.
Айта кетейік, облысқа қарасты елді мекендерде болған су апаты салдарынан зардап шеккен аймаққа көмек беру әлі де жалғасын таппақ.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер