ҚМДБ-ның Қарағанды облысы өкілдігі және облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Әнет баба» мешітінде діни оңалту жұмыстарына қатысты семинар болып өтті.
Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлының мұрындық болуымен жүзеге асқан шараға діни жат ағымның алдын-алу бағатына жауапты қала, аудан имамдары мен мешіт ұстаздары қатысты.
«Жат ағымдардың алдын алу, онымен күресте имамдардың белсенділігін арттыру, бүгінгі таңдағы келелі міндеттердің біріне айналып отыр. Біз әркез жат ағымдарға қарсы бағытталған шараларды басты бағыт ретінде жүргізіп келеміз. Жүйелі жұмыстар оң нәтиже беріп отыр», - деп атап өтті, шараның ашылуында Қарағанды облысы бойынша жат ағымның алдын-алу бөлімінің жауапты маманы Кемербаев Данияр Ерікұлы. Сонымен қатар, діни басқарма тарапынан беркітілген бес бағыттың бірі діни оңалту бөліміне аса басымдық беру маңызға ие екенін тілге тиек етті.
Семинарды Астана қаласынан арнайы шақыртуымен келген діндерді зерттеу орталығының теологы, «Әл – Азхар» халықаралық университетінің түлегі Смагулов Марат Аманжолұлы жүргізіп, жат ағымдармен күрестің маңыздылығы жайында дәріс оқуда.
Сонымен қатар, ислам тарихынан, кері ағымдардың пайда болу оқиғаларынан құнды ойлар сабақтады. Дәстүрлі ханафи мәзһабының қазақ қоғамындағы мәдени және әлеуметтік саладағы атқаратын рөлі, діни экстремизмнің зиянды тұстары мен қазақ халқының ұлттық құндылықтары туралы ақпарат берді. Жат ағымның алдын- алу үшін атқарылатын шаралар мен оны жүзеге асырудың бағыт-бағдары түсіндірді.
Айта кетейік, аталмыш жиын екі күнге созылып, семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталатын болады.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер