Нұра ауданына ресми іс-сапармен барған ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы аудан әкімінің орынбасары Муканова Салтанат Аққошкарқызымен жүздесіп, аймаққа қарасты мешіттердің діни ахуалына қатысты жиын өткізді.
Басқосуға Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінен келген дін қызметкерлері, Нұра аудандық мешітінің имамы Ерлан Серікұлы және әкімдіктің бірқатар қызметкерлері қатысты.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізген облыс бас имамы ең алдымен жергілікті діни ахуал төңірегінде сөз қозғап, күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелердің түйінін тарқатты.
Атап айтқанда, өңірдегі мешіт құрылыстары, құлшылық үйін құжаттандыру мәселесі, аймақ халқының діни ахуалы мен дін қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы қозғалды.
Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі бастамаларына әкімшілік тарапынан қолдау білдіруге шақырды.
Салтанат Аққошкарқызыда өз кезегінде аудандағы діни тұрақтылық пен халықтың дұрыс наным-сенімде болуы ел ынтымағы мен ауызбіршілігінің негізгі өзегі екенін айтты. Осы ретте діни басқарма төңірегінде бірлесе қызмет атқарып, имамдарға қолдау білдіруге әзір екенін жеткізді. Алдағы уақытта ортақ жобалар аясында ел үшін етене еңбек етуге ниет білдірді.
Жиында қос тарап ел келешегі мен өңірдегі діни тұрақтылық жолында бірқатар бірлескен игі жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Кездесу соңында облыс бас имамы Естай Айтуғанұлы әдеттегі игі үрдіс бойынша аудан басшылығына «Мүфтият» баспасынан жарық көрген «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын хадия етті.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер