Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы өңірге қарасты мешіттердің имамдарымен бірге мұсылман күнтізбесіндегі ұлық мерекенің бірі Құрбан айт мейрамын өткізуге арналған дайындық жиынын өткізді.
Алқалы жиында айт намазы уақыты белгіленіп, Құрбан айт мейрамын жалпыхалықтық деңгейде атап өту мақсатында мерекелік шаралар ұйымдастыруды, www.qurban2024.kz сайты арқылы онлайн және офлайн форматта өтетін құрбан шалу рәсіміне арналған мал сою орындарын тазалық талаптарына сай дайындауды, арнайы штаб құрып, елдің аманатын тиянақты атқаруды, мейірімділік пен қамқорлыққа үндейтін ұлық мерекенің қадір-қасиетін және қандай игі амалдар атқаруға болатынын жамағатқа насихаттауды тапсырды.
Сонымен қатар, мешіттер мен көшелерге Құрбан айт мейрамымен құттықтау баннерлерін ілу, мал бағасының шектен тыс көтеріліп кетпеуі үшін тиісті шараларды қабылдау, Құрбан айт күндері сойылған мал еттерін сақтау пункттерін ашу, қасапшыларға арналған семинарлар өткізу, «Раббың үшін Құрбан шал» акциясын өткізу, құрбандық шалуға онлайн тапсырыстар қабылдау жұмыстарын ұйымдастыру, құрбан шалуға қатысты тиісті ақпараттарды халыққа алдын-ала видеороликтер, электронды нұсқамалар түрінде тарату, арнайы «Пәтуа сағаттарын» өткізу, құрбандық еттерін жинап, мұқтаж отбасыларға тарату істеріне еріктілерді жұмылдыру бойынша тапсырмаларды жүктеді. Сондай-ақ, Құрбан айт күндері мешіттердің ауласында қайырымдылық жәрмеңкелері мен ұлттық дәстүрімізге сай спорт түрлерінен сайыстар өткізу және т.б. сынды мәселелер сөз болды.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер