ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Қарағанды облысы өкілдігінде «Qurban-2024» қайырымдылық акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, 13 470 жанұяға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Құрбан айттың алғашқы күні ҚМДБ-Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы арнайы құрбандық шалуға арналған қасапханада алғашқы құрбандық малының батасын жасап, ел мен жердің тыныштығы үшін дұға жасады.
Осы жылдың 16-18 маусым аралығында өткен мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт күндері Qurban2024.kz сайтына тапсырыс беру арқылы онлайн және жергілікті қасапханаларда офлайн форматта құрбан шалынды. Мерекеге орай арнайы құрылған жұмыс штабы құрбан шалу рәсімін сәтті аяқтап отыр.
Қорыта айтсақ, офлаин 2208 қой, 666 ешкі, 112 ірі қара және онлайн сайт арқылы 63 қой, 13 ешкі құрбандыққа шалынды. Барлық мәліметті жинақтап айтқанда, облыс бойынша 13 470 отбасыға құрбандық еті таратылды.
Сонымен қатар, құрбандық еті 7 мекемеге, атап айтқанда, мүгедектер қоры, зағиптар қоры, ауруханалар мен ардагерлер үйіне, медреселерге берілді.
Игі шараға дін қызметкерлері, жергілікті жамағат және еріктілер тобы ат салысты. Алла Тағала шынайы ниетпен құрбан шалып, мұқтаж отбасыларға мерекелік қуаныш сыйлап, сауапты іске ортақтасқаны үшін барлық азаматқа разы болғай!
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер