Адамзаттың мамыражай тыныштықта бақытты өмір сүруіне дүние молшылығы, отбасындағы татулық және ұлтаралық жарастықпен бірге, дінаралық татулықтың да ықпалы ерекше. Қаңтардың 6-нан 7-не қараған түні православие шіркеулерінің барлығында Рождество мерекесіне арналған құлшылық ету рәсімі өтті. ҚМДБ ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа және облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлы Қарағанды облыстық православ шіркеуінің басшысы Владимир Зелихановичпен кездесіп, Рождество Христова мерекесімен құттықтады. Қазақстанда православие ең көп тараған конфессияның бірі болып табылады. Орыс православие шіркеуі мемлекет пен діни бірлестіктердің арасында оң қарым-қатынастардың дамуына, қоғамымызда бейбітшілік пен келісімнің нығаюына үлкен үлес қосып келеді. Ислам діні достық, бейбіт дін болса, оған апаратын жолдар да дәл сондай болмақ. Біздің дініміз Алланың рақымына бөленер барша жақсылықты насихаттайды. Қасиетті Құрани Кәрімде «Уа, Адамзат! Біз сендерді бір еркек пен бір әйел жараттық. Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұлттарға бөлдік. Араларыңдағы ең ізгілерің тақуалықта тым жоғары болғандарың» делінген «Хужурат» сүресі, 13-аят.
Дана халқымыз «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп», «Алтау араз болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «бірлік барда, тірлік бар» деуімен татулықтың ырыс-береке екенін ұрпағына өсиет еткен. Жаратушы жалғыз иеміз, татулығымыздан айырмасын! Әмин!
Пікірлер