Жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы аясында бастау алған шарасы облыстық «Әнет баба» мешітінде жаңа оқу жылы қарсаңында тағы да ұйымдастырылды. Бұл акцияның мақсаты – тұрмысы жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа оқу жылына даярлық жағынан қолдау мен көмек беру. Әлеуметтік бағыттағы бастама бойынша осы іс-шара шеңберінде 550 бала қамтылып, мектепке қажетті сөмкелер мен құрал-жабдықтар табыс етілді. Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы мен «Зекет» корпоративтік қорының ұйымдастырған ауқымды іс-шарасына ҚМДБ-ның қайырымдылық және уақып істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан Бекбосынұлы және ата-аналар қатысты. Арнайы іс-сапармен келген Камалжан Тұрдыбаев ата-аналарға құттықтау сөз айтып, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, бөлім басшысы К.Тұрдыбаев жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, қайырымдылықтың екі дүниедегі сауабы турасында айтып өтті. Шараға қатысқан ата-аналар да дін қызметкерлері мен оқушыларға өздерінің ақ тілегі мен ризашылықтарын жеткізді. Жалпы Қарағанды облысы бойынша 1000-ға жуық оқушыға көмек көрсету жоспарланды. Игілікті шара соңында балаларға балмұздақтар таратылып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқады.
Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер