Алланың ризалығына жетелейтін жол Ислам шариғатында жатыр. Соның бірі – имам Мүслимнен келген хадисте кездеседі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан: "Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері."– дейді. Бүгін Қарағанды шаһары тағы да бір мешітпен толығып, «Хазрет Али» мешіті ғимаратының ашылу рәсімі болып өтті. Игі шараға Қарағанды облысының Бас имамы және аймағымызға қарасты дін қызметкерлері мен қала жамағаты, ақсақалдар және БАҚ өкілдері қатысты. Мешіттің ашылу салтанатында Қарағанды облысы дін істері басқармасының басшысы Дулат Халел арнайы қатысып, жаңа мешіттің ашылуымен жамағатты құттықтап, Өзінің игі тілегін білдірді. Сондай-ақ, облыс бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы ғимараттың ашылуын көптен күткен жамағатқа өзек жарды тілегін айтып, жаңа мешіттің имамы Рахматуллаев Алимжан Қазақбайұлын қызметке тағайындады. Осы орайда берекелі һәм сауапты істі қолына алып, асыл дініміздің аймағымызда кеңінен құлаш жаюына үлкен үлес қосып, мешіт салу құрылысымен айналысып жүрген Ерғожа Алтай Оралтайұлына ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы алғыс хатын табыстап, ыстық сәлемін жеткізді. «Әр алыптың артында ана тұрады» деп айтқандай, осындай шарапаты мол істі дөңгелетіп жүрген азаматты дүниеге әкеліп, игі істің себепкері болган Ерғожа Гүлнар Қыдырмақызына да Хазреттің арнайы алғыс хаты ұсынылды. Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған. Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды».
Алтай Оралтайұлының аймағымызға сіңірген еңбегі ерен. Айта кетейік, осыдан дәл бір жыл бұрын Қарағанды қаласына қарасы, Күнгей ықшам ауданында да жаңа мешіттің құрылысын тәмамдап, халықтың игілігіне ұсынған болатын. Ашылған мешітке Қазыбек би бабамыздың есімі берілді.Дәл осындай құрылыс төрт мың адам сиымдылығына арналған мешіт Жезқазған қаласында салыну үстінде.
Мұсылмандар намаз оқып, құлшылық жасайтын қасиетті мекен мешіт салу және оның қатарын арттыру сауапты іс. Ендеше, тәуелсіз еліміздің төрінде Алланың жердегі үйі атанған қасиетті мешіттеріміз көп болсын! Әмин!
ihsan.kz
Пікірлер