Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Мұсылманның бауыры алдында алты міндеті бар. Олар: оның берген сәлеміне жауап беру; шақырылған жерге бару; егер бауыры кеңеске мұқтаж болса, онда оған шынайы кеңес беру; егер бауыры түшкіріп, «әл-хамду лиллә» (Аллаға шүкір) десе, оған «ярхамука Алла» (Алла сені жарылқасын) деп жауап беру; егер ол ауырып қалса, оны зиярат ету; бауыры қайтыс болса, оның жаназа намазына қатысу», деп айтса, дана халқымыз бір мақалында «Ақылдасып (кеңесіп) пішкен тон келте болмас», деп өсиеттепті.
Жоғарыда келтірілген хадис пен мақалды басшылыққа алған Теміртау орталық мешітінің имамдары мен қызметкерлері 2021 жылдың алғашқы жиынын өткізіп, жаңа жұмыс жылының жоспарын бекітті.
Жиынды Теміртау орталық мешітінің бас имамы Естай Айтуғанұлы ашып, жүргізіп отырды.
«Кеше ғана ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Діни басқарманың кеңейтілген Төралқа мәжілісінде 2021 жылы атқарылатын жұмыстардың жеті бағыты бекітілді. Осыған орай, Қарағанды облысы Теміртау орталық мешітінің қызметі толығымен аталмыш жеті бағыт аясында жүзеге асып, мешіт қызметкерлері тарапынан қарқынды және жемісті жұмыс атқарылуы тиіс», деді алғы сөзінде бас имам Естай Айтуғанұлы.
Оқу-ағарту, уағыз-насихат, қайырымдылық іс-шаралары, дәстүрлі емес діни ағымдармен жұмыс және өзге де мешіт қызметінің салалары бойынша жауапты имамдардың пікірі тыңдалып, ұсынылған жоспарлары ортаға салынып, әр сала бойынша міндеттер бекітілді.
Жиын соңында бас имам Естай Айтуғанұлы 2020 жыл қорытындысы бойынша марапаттау рәсімін өткізіп, бірқатар дін және мешіт қызметкерлеріне алғыс хат табыстады.
Атап айтқанда, Теміртау орталық мешітінің наиб имамдары Әлімбек Дәулетбекұлы, Асхат Нұртайұлы, Мақсат Қошқарбайұлы, Теміртау қалалық мешітінің наиб имамы Сұлтан Сайлауұлы, азаншысы Оңғар Хуанғанұлы, Ақтау кенті ауылдық мешітінің имамы Фазыл Асламденұлы, сондай-ақ бірнеше жылдан бері орталық мешітте хатшылық қызмет қылып келе жатқан Теміртау қаласы ақсақалдар алқасының төрағасы Шынуар Серікбайұлы, шаруашылық меңгерушілері Бағдат Есіркепұлы, Нұржан Тоқтарбайұлы, тазалық меңгерушісі Гүлжан Әбілқасымқызы алғыс хатқа ие болды.
Бұдан бөлек, Теміртау орталық мешітінің ардагер имамы Әлімбек Дәулетбекұлы мен тазалық меңгерушісі Гүлжан Әбілқасымқызына шипажайға жолдама табыс етілді.
«2020 жылы – еліміз үшін де, халқымыз үшін де оңай болған жоқ. Осы сәтте, еш қиыншылыққа мойымай, өз істеріңізді абыроймен атқардыңыздар. Қайырымды һәм хайырлы іс-шараларды ұйымдастырып, көмекке мұқтаж жандардың жүрегінде үміт сәулесін жақтыңыздар. Алла баршаңызға разы болсын! Алла сіздерге дініміздің, халқымыздың және Отанымыздың игілігі үшін, әрі қарайда жұмыс істеуге күш-қуат берсін», деді бас имамы Естай Айтуғанұлы.
Айта кетейік, мешіт қызметкерлеріне шипажайға жолдама беру – жыл сайынғы игі дәстүрге айналмақ.
Пікірлер