ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарманың кеңейтілген Төралқа мәжілісінде барша дін қызметкеріне бағдарламалық баяндамасын жолдап, мүфтият қызметінің жеті бағытын айқындаған болатын. Осы жеті бағыттың бірі – қайырымдылық болып табылады.
Қайырымдылық бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың есебін тыңдау, жұмыс жоспарын тағы бір пысықтау мақсатында Теміртау қаласының бас имамы Естай Айтуғанұлының төрағалығымен жиналыс өтті. Алқалы жиынға шаһарға қарасты мешіттердің имамдары, ұстаздары және қызметкерлері қатысты.
«Мешіт өнегелік істерде халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуы тиіс. Осы орайда, қаламыздың мешіттері тарапынан көптеген ізгі іс-шаралар жүзеге асуда. Әсіресе, жүйелі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Қайырымдылық – қайырлы іс», «Кең болсаң, кем болмайсың» шаралары қала тұрғындарының көңілінен шығып, әлеуметтік жағдайы төмен көптеген отбасыларға өзіндік қолдау болды. Алдағы уақытта да осы бетімізден таймай, қайырымды әрі хайырлы істерге ұйытқы болайық», деді Естай Айтуғанұлы.
Жиналыс соңында бас имам дін қызметкерлеріне бірқатар тапсырмалар беріп, нақты міндеттер жүктеді.
Пікірлер