«Сәнә» дұғасын айтудың маңызы
Ифтитах тәкбірін айтып, қол байлай салысымен төменде келтірілген «Сәнә» дұғасы іштей айтылады. Бұл – сүннет.
«Сүбханакәллаһумма уә бихамдикә, уә тәбәракәс-мукә, уә тағала жаддукә, уә лә иләһә ғайрук»
" سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَبِحَمْدِكَ وَتَبَــارَكَ اسْمُكَ وَتَعَالَى جَدُّكَ وَلا إِلَهَ غَيْرُكَ "
(Мағынасы: «Я, Алла тағалам! Сені тәсбих етіп (күллі кемшіліктерден пәк, кемел екендігіңді айтып) пәктеймін. Саған «хамд» айтып мадақтаймын. Сенің көркем есімің аса мүбәрак. Сенің ұлылығың аса жоғары. Сенен басқа ешбір құдай жоқ»).
Бұл жайында сахаба Әбу Сағид әл-Худри былай дейді:
كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا قَامَ إِلَى الصَّلاةِ بِاللَّيْلِ كَبَّرَ ثُمَّ يَقُولُ سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَبِحَمْدِكَ وَتَبَــارَكَ اسْمُكَ وَتَعَالَى جَدُّكَ وَلا إِلَهَ غَيْرُكَ. رواه ترمذي قال: حديث أبي سعيد أشهر حديث في هاذا الباب..
«Пайғамбарымыз түнде намазға тұрғанда тәкбір айтып, мынаны оқитын «Сұбханакәлаһумма уә бихамдикә, уә тәбәракәсмукә уә тағала жаддукә уә лә иләһә ғайрук...»[1].
Сондай-ақ, хазірет Омар ибн Хаттабтың ифтитах тәкбірінен кейін осы дұғаны оқығандығы деректерде келтірілген[2].
«Әғузу» мен «Бисмилла»
«Сәнә» дұғасынан кейін әр намаздың тек әуелгі рәкағатында іштей «Әғузу билләһи минәш шайтанир ражим», деп, айтып, артынан «Бисмилләһир-рахманир-рахим» дейді
[3]. Алла тағала Құран Кәрімде:
«Егер Құран оқитын болсаң, «әғузу» айтып, қарғыс атқан шайтаннан Аллаға сыйын» – дейді
[4]. Яғни, намазда Құран сүрелері оқылатындықтан алғашқы рәкәғатта ғана бір рет «Әғузу» айтылады.
فَإِذَا قَرَأْتَ الْقُرْآنَ فَاسْتَعِذْ بِاللَّهِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ . سورة النحل- ٩٨
Намазда «бисмилләны» айту мәселесі
- Ханафи мәзһабы бойынша Құранда келген барлық «бисмиллә» Құран аяты болып есептеледі. Өйткені, Құран парақтарында уахи ретінде жазылғанның бәрі – аят. Мұнда талас жоқ. Демек бисмиллә да Құран парақтарында жазылғандықтан, оны да аят деуіміз заңды. Сол себепті, ғұсылы жоқ кісілер мен хайыз және нифасты әйелдердің «бисмилләны» Құран аяты ретінде оқуларына болмайды, тек бір істі Алланың атымен бастау мақсатында немесе жәй дұға ретінде айтуларына рұқсат.
- Ханафи мәзһабында «Бисмиллә» фатиха сүресінің бір бөлігі емес (Шәфиғи мәзһабында фатиханың бірі аяты болып есептелінеді). Оған дәлел ретінде Ибн Мәжәда келген бір хадисте Сахаба Әбу Һурайраның айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
«Алла тағала былай дейді: «Мен намазды Өзіммен, құлымның арасында екі бөлімге бөлдім. Бір бөлімі мен үшін, екінші бөлімі пендемнің тілектері үшін... Пенде «Әлхамдулиллаһи раббиль алямин» дегенде Алла тағала: «Құлым маған шүкір айтты, оған да сұрағаны беріледі», - дейді...»[5]
Осы хадиске қарасақ, фатиха сүресі «бисмилләсіз» айтылып отыр. Егер де, ол фатиха сүресінің бір бөлімі болған болса оны да міндетті түрде тілге алар еді. Демек, «бисмиллә» фатиха аяттарының бірі емес. Ол аят болғанымен, тек сүре араларын бөліп тұрушы рөлін ғана атқарады, ешбір сүреге қатысы жоқ.
- Дегенмен әр рәкәғат басында фатихадан бұрын іштей «бисмиллә» айтылады. Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммад «бисмилләны» фатиха аяттарынан санаған риуаятты да назарға ала отырып, әр фатихадан бұрын бисмилләны айту уәжіп деген[6]. Осыған қарап кей ғалымдарымыз: «Дұрысы әр рәкәғат басында фатихадан бұрын бисмилләны айту керек. Егер фатиха басында ұмытылып, айтылмай қалса намаз соңында сәһу сәждесін жасау керек»,– дейді[7].
- Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Әбу Юсуф: «Фатихадан кейін оқылатын қосымша сүренің басында «бисмилләны» айтудың қажеті жоқ. Өйткені, оның орны – намаздың басы», – десе, ал Имам Мұхаммед: «жасырын оқылатын намаздарда қосымша сүренің алдында бисмилланы айту абзал, жария намаздарда емес», – дейді[8].
- Намазда «Сәнә» дұғасы және «әғузу» мен «бисмиллә» үнемі жасырын айтылуы тиіс. Өйткені бізге Пайғамбарымыздан солай жеткен. Сахаба Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді:
عَنْ قَتَادَةَ عَنْ أَنَسٍ قَالَ صَلَّيْتُ خَلْفَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَأَبِي بَكْرٍ وَعُمَرَ وَعُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ فَلَمْ أَسْمَعْ أَحَدًا مِنْهُمْ يَجْهَرُ بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
«Мен Пайғамбарымыздың, Әбу Бәкірдің, Омардың және Османның артында тұрып намаз оқыдым. Олардың ешқайсысы «бисмилланы» жария етіп оқығанын естіген жоқпын»[9].
Қиямда Құран оқу (қырағат)
«Қиямда» тік тұрып, парыз намаздарының «әуелгі екі рәкәғаттың» әрқайсысында, ең аз дегенде, қысқа болса – үш аят, ұзын болса, бір аят оқу – парыз. Бұған дәлел, Құранда:
«(намазда) Құраннан жеңіл келгенін оқыңдар»[10], – делінеді. Осыған сүйеніп, Әбу Ханифа жеңіл келген бір аят оқу парыз десе, Имам Әбу Юусуф пен Имам Мұхаммед үш қысқа аят не бір ұзын аят оқу парыз деген. Демек, Құран аяты мүлдем оқылмаған намаз құлшылық болып саналмайды
[11].
Хадистен дәлел келтірер болсақ, Сахих Бұхариде келтірілген хадисте, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір кісіге намаз үйретіп жатып, былай дейді:
إذَا قُمْتَ إلَى الصَّلاةِ فَكَبِّرْ , ثُمَّ اقْرَأْ مَا تَيَسَّرَ معك مِنْ الْقُرْآنِ , ثُمَّ ارْكَعْ حَتَّى تَطْمَئِنَّ رَاكِعاً
«Намазға тұрғаныңда ифтитах тәкбірін ал. Кейін Құраннан жеңіл келгенін оқы да рукуғқа бар, руғуғты толығымен жаса!...»[12].
- Намазда «Фатиха» сүресі мен қосымша (зам) сүре оқу (кемі қысқа үш аят) – уәжіп. Екеуінің біреуі оқылмай қалса (Фатиха мен зам сүре), намаз соңында сәһу сәждесін жасау керек.
Бұл жайында Рифаға ибн Рафиғ Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай дегенін риуаят етеді:
إِذَا قُمْتَ فَتَوَجَّهْتَ إِلَى الْقِبْلَةِ فَكَبِّرْ ، ثُمَّ اقْرَأْ بِأُمِّ الْقُرْآنِ ، وَبِمَا شَاءَ اللَّهُ أَنْ تَقْرَأَ... رواه ابو داود
«Намазға тұрғаныңда құбылаға бет түзеп, тәкбір айт. Кейін «Фатиха» сүресін және Алланың қалауымен бір сүре оқы!...»[13]. (Сахих)
Бұхари және Мүслимде риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Фатиха сүресін оқымаған адамның намазы жоқ»[14], – дейді. Яғни, «Фатихасыз» намаз толық әрі кәміл болып есептелмейді. Аталмыш хадиске және өзге де осы тектес хадистерге сүйене отырып, кейбір мәзһаб ғалымдары «Фатиха» сүресін оқу парыз деген тұжырым жасаған. «Фатиха» сүресі оқылмаса, намаз бұзылады» деген. Дегенмен, жоғарыда келтірілген «Сахих Бұхаридегі» 724 нөмірлі хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір кісіге намаз үйретіп жатып, былай дейді:
إذَا قُمْتَ إلَى الصَّلاةِ فَكَبِّرْ , ثُمَّ اقْرَأْ مَا تَيَسَّرَ معك مِنْ الْقُرْآنِ
«Намазға тұрғаныңда ифтитах тәкбірін ал. Әрі Құраннан жеңіл келгенін оқы да рукуғқа бар...»[15].
Егер Фатиха сүресін оқу парыз болса, Пайғамбарымыз міндетті түрде оған «Фатиханы оқы», дер еді. Ханафи мәзһабында аталмыш екі хадисті ұштастыра келе: «Намазда қандай да бір аят немесе сүре оқу – парыз, ал «Фатиха» сүресін оқу – уәжіп», деп, үкім шығарған. Бұдан байқағанымыздай, намазда «Фатиха» оқылмайтын болса, намаз бұзылмағанымен толыққанды ғибадат болып саналмайды. Тирмизидің «Сүнәнінда» Әзірет Әли былай дейді: «Фатиха» оқылмаған барлық намаз – толық емес»[16]. Мұнда намаз бұзылады демеген, «толық емес», деп тұр. Бұл да «Фатиха» сүресін намазда оқу уәжіп екендігінің дәлелі.
- Үш немесе төрт рәкәғатты парыз намаздарының әуелгі екі рәкәғатында ғана «Фатиха» сүресі мен қосымша сүре оқу – уәжіп, ал қалған рәкәғаттарында «Фатиханы» оқу – сүннет[17].
Сахих Мүслім атты хадис жинағында риуаят етілген хадисте сахаба Әбу Қатада (р.а.) былай дейді:
عنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي قَتَادَةَ ، عَنْ أَبِيهِ ، أَنّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، " كَانَ يَقْرَأُ فِي الرَّكْعَتَيْنِ الأُولَيَيْنِ مِنَ الظُّهْرِ وَالْعَصْرِ ، بِفَاتِحَةِ الْكِتَابِ وَسُورَةٍ ، وَيُسْمِعُنَا الآيَةَ أَحْيَانًا ، وَيَقْرَأُ فِي الرَّكْعَتَيْنِ الأُخْرَيَيْن بفَاتِحَةِ الْكِتَابِ
«Пайғамбарымыз (с.а.у.) бесін мен екінті намаздарының әуелгі екі рәкағатында «Фатиханы» және (онымен қоса) бір сүре оқитын, кейде оқып жатқан аятын естіртетін. Ал, қалған екі рәкәғатында «Фатиханы» ғана оқитын»[18].
Бұл хадис «Сахих Бұхариде» де келтірілген[19].
- Үтір, нәпіл және сүннет намаздарының барлық рәкәғаттарында «Фатиха» мен қосымша сүре оқу – үәжіп[20]. Тирмизи «сүнәнінда» риуаят еткен хадис бойынша, сахаба Әбу Сағид (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у) мына сөзін келтіреді:
عنْ أَبِي سَعِيدٍ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِفْتَاحُ الصَّلَاةِ الطُّهُورُ وَتَحْرِيمُهَا التَّكْبِيرُ وَتَحْلِيلُهَا التَّسْلِيمُ وَلَا صَلَاةَ لِمَنْ لَمْ يَقْرَأْ بِالْحَمْدُ وَسُورَةٍ فِي فَرِيضَةٍ أَوْ غَيْرِهَا رواه ترمذي (حسن)
«Намаздың кілті – дәрет. Тахримі – тәкбір. Намаздың соңы – сәлем беру. Парыз намаздарында және өзге намаздарда (нәпіл, сүннет, үтір) Фатиха сүресі мен қосымша сүре оқымаған адамның намазы жоқ (кемел әрі толық емес)»[21]. (Хасан)
Имамға ұйыған кісі де іштей Құран оқи ма?
Имамға ұйыған адам (муқтади) «Сәнә», «тәшәһ-һуд» сынды дұғаларды ғана іштей айтып, «Фатиха» және қосымша сүре оқымайды. Бұған Ханафи мәзһабынан өзге мәзһәб ғалымдары да келіседі. Айталық, Абдуллаһ ибн Уәһәб, Мәлики мәзһабы ғалымы Әшһәб және табиғин Ибн Мусәйяб, т.б.
[22]. Бұл мәселе төменде келтірілген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде де айтылған.
«Сахих Мүслимде» риуаят етілген №577 хадисте сахаба Саид ибн Сәбиттен имамның артында қосылып қырағат ету жайында сұрағанда, Ол (р.а.):
سَأَلَ زَيْد بْن ثَابِت - رَضِيَ اللَّه عَنْهُ - عَنْ الْقِرَاءَة مَعَ الْإِمَام فَقَالَ : لَا قِرَاءَة مَعَ الْإِمَام فِي شَيْء. رواه مسلم
«Еш жерде имамның артында қырағат ету деген жоқ», – деп, жауап берді[23].
Сондай-ақ, «Сахих Мүслимде» келтірілген деректе Сахаба Имран ибн Хусайн былай дейді:
عن عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ قَالَ صَلَّى بِنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ صَلَاةَ الظُّهْرِ أَوْ الْعَصْرِ فَقَالَ أَيُّكُمْ قَرَأَ خَلْفِي بِسَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى فَقَالَ رَجُلٌ أَنَا وَلَمْ أُرِدْ بِهَا إِلَّا الْخَيْرَ قَالَ قَدْ عَلِمْتُ أَنَّ بَعْضَكُمْ خَالَجَنِيهَا. رواه مسلم.
«Пайғамбарымыз (с.а.у.) бізге бесінде ме, жоқ екінді де ме, имам болып, намаз оқыды. Намаздан кейін бізге қарап: «Қайсысың артымда тұрып «Сәббихисма Раббикәл әълә» деген?» – деп, сұрады. Ұюшылардың бірі: «Мен едім, бірақ, жаман ойым болған жоқ», – деп, жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз: «Қайсысы менімен жарысып тұрған, деп, ойлап қалдым»,[24] – дейді өзгелердің имаммен қоса жармасып оқып тұруын дұрыс көрмей.
Хадисші Тирмизиде «сахих жолмен» жеткен бір риуаятта сахаба Жәбир ибн Абдулланың мына сөзі келтірілген. Ол (р.а.) былай дейді:
عن أبي نُعيم وهبٍ بن كَيسانَ أنّه سمع جابر بن عبد الله يقول: مَن صَلَى رَكَعَةً لَم يَقرَأ فِيهَا بِأُمِّ القُرَانِ، فَلَم يُصَلِّ إلاَّ أن يَكُونَ وَرَاءَ الإمامِ" رواه ترمذي (حديث حسن صحيح)
«Кім де кім бір рәкәғатта болсын, Фатиха сүресін оқымаса, намазы жоққа есеп. Тек Имамның артында тұрса, оның жөні басқа». (Хадис Хасан және Сахих)[25].
Дарақұтнидің «Сүнәнындағы» сахаба Әбу Дәрданың мына сөзі риуаят етіледі:
عن أَبِي الدَّرْدَاءِ (فقيه الشام) سَمِعَهُ يَقُولُ سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَفِي كُلِّ صَلَاةٍ قِرَاءَةٌ قَالَ نَعَمْ قَالَ رَجُلٌ مِنْ الْأَنْصَارِ وَجَبَتْ هَذِهِ فَالْتَفَتَ إِلَيَّ وَكُنْتُ أَقْرَبَ الْقَوْمِ مِنْهُ فَقَالَ مَا أَرَى الْإِمَامَ إِذَا أَمَّ الْقَوْمَ إِلَّا قَدْ كَفَاهُمْ
«Бір кісі Пайғамбарымыздан: – Барлық намазда қырағат етіле ме? – деп сұрағанда, "Иә" деген жауап естіді. Сонда жаңағы кісі: «бұл маған міндет болды» дейді. (Әбу Дарда) Сол кезде жұртқа қарағанда, мен Пайғамбарымызға ең жақынырақ тұр едім, Ол кісі (с.а.у.) маған бұрылып: – Алайда қашан жамағат имаммен бірге оқыса, оның оқығаны жеткілікті», – деген еді[26].
Имам Мәліктің «Әл-Муатта» атты хадис кітабындағы риуаятта сахаба Абдулла ибн Омардан (р.ғ.):
حَدَّثَنِي يَحْيَى، عَنْ مَالِكٍ، عَنْ نَافِعٍ، أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ عُمَرَ، كَانَ إِذَا سُئِلَ هَلْ يَقْرَأُ أَحَدٌ خَلْفَ الإِمَامِ قَالَ إِذَا صَلَّى أَحَدُكُمْ خَلْفَ الإِمَامِ فَحَسْبُهُ قِرَاءَةُ الإِمَامِ وَإِذَا صَلَّى وَحْدَهُ فَلْيَقْرَأْ . قَالَ وَكَانَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عُمَرَ لاَ يَقْرَأُ خَلْفَ الإِمَامِ ". رواه مالك بن أنس
«Имамның артында тұрған адам қырағат[27] ете ме?», – деп сұрағанда Ол (р.а.): «Кім де кім имамға ұйып, намаз оқыса, имамның қырағат етуі жеткілікті. Ал, оңаша оқыған кезде қырағат етсін»[28],– деп, жауап берген. Сахаба Абдулла ибн Омар имамның артында тұрғанда қырағат етпейтін.
Жоғарыда келтірілген хадистердің барлығы имамға ұйыған кісі іштей «Фатиха» және қосымша сүрені оқымайтындығына дәлел бола алады.
Кей ғалымдар сахаба Әбу Һұрайра мен Айша (Оларға Алла разы болсын) анамыздан риуаят етілген: «Фатиха» сүресі оқылмаған намаз толық емес» деген хадиске сүйеніп, имамның артындағы жамағат та оқуы керек дегенді алға тартады. Алайда, аталмыш хадис оған дәлел бола алмайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл өсиетін намазды оңаша оқитындарға қаратып айтуы мүмкін. Бұлай деуімізге Ақиық сардардың (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) өзге хадисінде:
عن جابر عن أبي الزبير عن جابر قال قال رسول الله صلى الله عليه و سلم: " مَنْ كَانَ لَهُ إمَامٌ فَقِرَاءَةُ الْإِمَامِ لَهُ قِرَاءَةٌ ". رواه ابن ماجه (حسن)
Сахаба Жәбирдің (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім имамға ұйыған болса, имамның қырағат етуі – оның да қырағаты болып есептеледі»[29], – деген[30].
و أنس بن سيرين قال: قال عمر بن الخطاب: " تَكْفِيكَ قِرَاءَةُ الْإِمَامِ". رواه ابن أبي شيبة في "المصنف".
Әнас ибн Сириннің риуаяты бойынша, Омар ибн Хаттаб: «Саған имамның оқуы жеткілікті», – деген.
«Фатиха» оқымаған адамның намазы жоқ» деген хадиске Имам Ахмад ибн Ханбал: «Бұл хадис өз бетінше оңаша оқитындарға қатысты айтылған», – деп, түсіндірме берген.[31]
Кешігіп келіп, имамға ұйыған адам (мәсбуқ) имам сәлем бергеннен кейін орнынан тұрып, оқылмай қалған рәкәғаттарында «Фатиха» және зәм (қосымша) сүрені оқиды. Өйткені, ол өз бетінше оқитындардың қатарынан саналады.
«Әмин» дұғасы
Намазда тұрғанда «Фатиха» сүресінен кейін «Әмин», деп, дұға жасау – сүннет. Ханафи мәзһабы мен Мәлики мәзһабында
[32] бұл дұға іштей айтылады. Өйткені, Құранда Алла тағала:
«Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде дұға етіңдер»[33], – деп, жасырын айтылған дұғалардың абзал екенін білдіріп тұр.
ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً
Ал, «Әмин» дұға болғандықтан жасырын айтылғаны абзал. Оның үстіне, Пайғамбарымыздан жеткен бірнеше хадисте «Әминді» іштей айтудың абзал екендігі білдірілген. Атап айтсақ:
Хадисші Хаким ән-Нисабури Бұхари мен Мүслімнің хадис қабылдау өлшемдерін (критерий) қолдана отырып жинақтаған «Мүстәдрак» атты хадис жина-ғында Алқама әкесі Уәилдің Пайғамбарымызбен (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) оқыған намазын риуаят етеді. Әкесінің айтуы бойынша:
عن علقمة بن وائل، عن أبيه: أنه صلى مع النبي صلى الله عليه و سلم حين قال: "غير المغضوب عليهم و لا الضالين" قال امين يَخفِضُ بِهَا صَوتَهُ". رَوَاهُ الحَاكِمُ: (هذا حديث صحيح على شرط الشيخين و لم يخرجاه)
«Пайғамбарымызбен бірге намаз оқығанда Пайғамбарымыз «Ғайрил мағдуби ғаләйһим уәләддалин» дегеннен кейін дауысын бәсеңдетіп «Әмин» деді»[34]. Хаким аталмыш хадис жайында: «Бұл хадис – сахих. Оны Бұхари мен Мүслім кітаптарында келтірмегенімен олардың хадис қабылдау шарттарына сай», – дейді.
Әбу Һұрайра (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا قَالَ الْإِمَامُ {غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ } فَقُولُوا آمِينَ فَإِنَّ الْمَلَائِكَةَ تَقُولُ آمِينَ وَإِنَّ الْإِمَامَ يَقُولُ آمِينَ فَمَنْ وَافَقَ تَأْمِينُهُ تَأْمِينَ الْمَلَائِكَةِ غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ
«Имам «ғайрил мағдуби ғаләйһим уәләддаллин» деген кезде сендер де «Әмин» деңдер. Себебі, періштелер «Әмин» дейді, имам да «Әмин» дейді. «Әминді» айтқан кісінің бұл дұғасы періштелердің «Әмин» деп, айтқан сәтіне дәл келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі»[35]. Хадистің дәрежесі – сахих.
Ханафи ғалымдары бұл хадистегі имамның да «Әмин» дегенін негізге алып, «Әминді» іштей айтуды сүннет деп білген. Себебі, «Әмин» сөзін имам жасырын айтатын болса, Пайғамбарымыздың имамның да «Әмин» дейтінін жамағатқа білдіруінің қажеті болмас еді. Яғни, періштелер мен имамның «Әмин» деуі жамағатқа естілмейтін болғандықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Себебі, періштелер «Әмин» дейді, имам да «Әмин» дейді», деп, олардың да «Әмин», деп, айтатындығын білдіріп тұр. (Дұрысы Аллаға мәлім).
Осы хадиске сүйеніп те, «Имам фатиха оқып болғаннан кейін «әминді» дауыстап айу керек» деген тұжырым жасау қате. Өйткені бұл жерде әминді «жәрия айтады» деген сөз жоқ. Оның үстіне, имам айтқан дұғалардың бәрін дауыстап айту керек болса, оның келтірген тәкбірін (Аллаһу әкбәр), тәсмиъғын (самиъаллаһу лимән хәмидәһ), тәслимін (әс-сәләму ғалейкум) дауыстап айту керек болады. Себебі сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у):
عن أَبي هُرَيرَةَ، قال: قال َرسُولُ اللهِ (صلى الله عليه و سلم): " إِنَّمَا جُعِلَ الإِمَامُ لِيُؤْتَمَّ بِهِ ، فَإِذَا كَبَّرَ فَكَبِّرُوا ، وَإِذَا رَكَعَ فَارْكَعُوا ، وَإِذَا قَرَأَ فَأَنْصِتُوا ".
«Сөзсіз имамға ұю керек. Егер Имам, «Аллаһу әкбар» десе, сендер де солай айтыңдар. Ал, қашан Құран оқыса, (намазда) тыңдап тұрыңдар!»[36], – деген. (Сахих). Бірақ, бұл хадистегі бұйрыққа сүйеніп, имамға ұйыған ешкім «тәкбірді (Аллаһу әкбәрды)» жария айтпайды.
Мәзһабты мойындамайтындар шейх санайтын Насруддин Әлбани да «Әминді» дауыстап айтуды қолдамайды. Ол өзінің «Тәмәмул-минна фит-таълиқ ала фиқһус сунна» атты кітабында былай дейді: «Жамағаттың да имаммен бірге «Әминді» дауыстап айтуы керек дейтіндердің: «Сахаба Зүбайр және артындағылар «Әминді» айтқанда мешіт жаңғырып кетті» дейтін уәжінен өзге «дәлелі» жоқ. Бірақ, мұның өзі «Әминді» жамағаттың да дауыстап айтуына негіз бола алмайды. Себебі, бұл хадисті жеткізушілердің тізбегі Пайғамбарымызға (с.а.у.) «жетпеген» (марфуғ болмаған). Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дауыстап айтқанына байланысты бірқатар хадистер бар. Бірақ, ешбірінде Алла елшісінің артындағы сахабалардың да қосылып, «Әминді» жария айтқандығы келтірілмеген. «Әминнің» дұға екені белгілі. Негізінде дұға іштей айтылады. Өйткені, Алла тағала: «Раббыларыңа жалбарынып, іштей (құпия) тілеңдер!», – деген. Ал, бұған құлақ аспауға негіз болатындай сахих хадистен дәлел жоқ»[37].
«Әмин» сөзі – «Дұғамызды, тілегімізді қабыл ал!» деген мағынаны білдіретін дұға. «Cахих әл-Бұхари» кітабында «Әмин» сөзіне «Дұға», деп, түсінік берілген. Ал, дұғаның іштей айтылуы абзал. Құранда «Раббыларыңа жалбарынып, іштей (құпия) тілеңдер!»[38] делінеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Іштей тілек – жария жетпіс тілекке тең» дегенін де ескерер болсақ, «Әмин» дұғасын іштей айтқан абзал. Намазда «Сүбхана раббиял-ағла», «Субхана раббиял-азим», «Субханака», «әт-Тәхият» секілді басқа барлық дұғалардың іштей айтылатындығы «Әминнің» құпия айтылуына тағы бір дәлел бола алады.
Бұған қоса, бізге жеткен хадистердің бірде-біреуінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Әминді» дауыстап айтыңдар», деп, кесіп айтқан тікелей әмірі жоқ. Тек «Имам «Уәләддаллин» деген кезде «Әмин», деп, айтыңдар» деген әмірі бар.
Ал, Бұхари және Мүслімдегі «Имам «Әмин» деген кезде сендер де «Әмин» деңдер, «Әмин» деген кісінің осы дұғасы періштелердің «Әмин» деген сәтіне сәйкес келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» деген хадиске келер болсақ, бұл хадис те «Әминнің» жария айтылуына дәлел емес.
Олай дейтініміз, Мүслімдегі сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Имам (рукуғтан тіктеліп жатып) «Сәмиғаллаһу лиман хамидаһ» дегенде сендер де «Аллаһумма Раббәнә ләкәл хамд» деп, айтыңдар.. Егер кім де кімнің сол айтқаны періштелердің айтқан сәтіне сәйкес келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі»[39], – деген. Ешбір мәзһабта рукуғтан тіктелген кезде «Аллаһумма Раббәнә ләкәл хамд» деген тіркесті хадисті негізге алып, жария айтпайтыны белгілі.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Әминді» дауыстамайтындығын бірқатар деректерден кезіктіруге болады. Әбу Дәуідте риуаят етілген хадисте Әбу Һурайраның айтуы бойынша:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَة قَالَ : كَانَ رَسُول اللَّه صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا تَلَا " غَيْر الْمَغْضُوب عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ " قَالَ " آمِينَ " حَتَّى يُسْمِع مَنْ يَلِيه مِنْ الصَّفّ الْأَوَّل. رواه أبو داود.
«Пайғамбарымыз (с.а.у) «Ғайрил мағдуби ғаләйһим уәләддалин» аятын оқығаннан кейін, бірінші саптағылардан өзіне жақын тұрғанға естілетіндей «Әмин» деген».[40]
Бұл хадисте Пайғамбарымызға жақын тұрған кісі ғана ести алатыны айтылуда. Демек, Алла Елшісі «Әминді» дауыстап айтпайтын.
Рас, кейбір риуаяттарда Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Әминді» көтеріңкі дауыспен айтқандығы баяндалады[41]. Алайда, Алла Елшісі мұны артта тұрған жамағатқа үйрету мақсатында айтуы мүмкін. Бұл сөзімізді мына төмендегі риуаят дәлелдесе керек.
عَنْ أَبِي سَكَنٍ حُجْرِ بْنِ عَنْبَسٍ الثَّقَفِيِّ ، قَالَ : سَمِعْتُ وَائِلَ بْنَ حُجْرٍ الْحَضْرَمِيَّ ، يَقُولُ : " رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ حِينَ فَرَغَ مِنَ الصَّلاةِ حَتَّى رَأَيْتُ خَدَّهُ مِنْ هَذَا الْجَانِبِ وَمِنْ هَذَا الْجَانِبِ وَقَرَأَ غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلا الضَّالِّينَ فَقَالَ : " آمِينَ "يَمُدُّ بِهَا صَوْتَهُ (قال) مَا أَرَاهُ إِلا يُعَلِّمُنَا."
«Әбу Сакан Хужр ибн Ғанбас әс-сақафидан риуаят етіледі. Ол былай деді: «Уайл ибн Хужр әл-Хадрамидың былай дегенін естідім:
«Намаздан кейін Пайғамбарымызды (с.а.с.) көрдім, тіпті, оның жүзін мына жағынан да, ана жағынан да көре алдым. Ол: «ғайрил мағдуби алайһим уәладдаллин», деп, оқығаннан кейін «Әмин» дегенде даусын созды. Мен мұны тек бізге үйрету үшін осылай істедім, деп, ойлаймын».
Міне, пайғамбарымыз (с.а.у.) «Әминді» дауыстап оқыды деген хадисті риуаят еткен Уайл ибн Хужр пайғамбарымыздың «Әминді» жария айту себебінің «үйрету» мақсатында екенін айтуда. Пайғамбарымыз «Әминді» дауыстап айтты деген негізгі хадистерді осы Уайл ибн Хужрдың риуаят еткенін ескерсек, Ханафи ғалымдарының «үйрету мақсатында» айтуы мүмкін деген сөздерінің қаншалықты негізді екенін аңғаруға болады[42].
[1] Мұхаммед Әнур шах, Тирмизи сүнәні шархы, 1/249-бет, 179-баб, №242 хадис.
[2] Дарақұтни сүнәні, №1144 хадис сахих.
[3] Бадаиғ, 2/31-бет.
[4] «Нахл» сүресі, 98-аят.
[5] Ибн Мәжә, Китәбул Әдәб, №3784-хадис.
[6] Әл-Кәсәни, Бадаиғ – 2/33-37 бет
[7] Әл-Айни, әл-Биная – 2/208 бет.
[8] Әл-Марғинани, әл-Хидая – 1/121 бет. (әл-Биная – 2/208 бет)
[9] Нәсәи (Суюти шархы): 2/135 бет, №907 хадис.
[10] «Мүзәммил» сүресі, 20-аят.
[11] Маусули әл-Ханафи, Ихтияр, 1/194-бет.
[12] Сахих Бұхари, №724 хадис.
[13] Әбу Дәуіт, 2/145-бет, №859 хадис.
[14] Сахих Бұхари, №723 хадис; Мүслім, №394 хадис.
[15] Сахих Бұхари, №724 хадис.
[16] Тирмизи – 1/254-бет, 247-хадиске берген түсіндірмесі.
[17] Майдани, Лубаб – 1/73-бет.
[18] Мүслім, №451 хадис.
[19] Сахих Бұхари, №745 хадис.
[20] Нурул Изах – 26-бет. Уәжибус Сала.
[21] Тирмизи, Сыффатус-салә, №238 хадис.
[22] Бәдруддин Айни, Нухабүл-әфкәр – 4/88-бет.
[23] Мүслім, №577 хадис.
[24] Мүслім, №398 хадис; Нәсәи-387-баб/991-хадис.
[25] Тирмизи – 1/317бет, №313 хадис.
[26] Дарақұтни сүнәні, 2/125-бет, №1262 хадис.
[27] Фатиха мен қосымша сүре оқу
[28] әл-Муатта Имам Мәлік – 1/86-бет: 10-баб, 43-хадис.
[29] Ибн Мажә, 376-бет/ 850-хадис; Зәуәиду Сүнән Дарақұтни, №563 хадис.
[30] Имам Тахауи, Шарху Мағанил Әсәр, Имамның артында қирағат ету бабы. 4/89-бет.
[31] Ибн Әби Шәйбә, «ман раххаса филь қираәтә халфәл имам», №9 хадис.
[32] Абдул Уәһһаб әл-Бағдади, Әт-Тәлқин – 1/107-бет.
[33] «Ағраф» сүресі, 55-аят.
[34] әл-Хаким ән-Нисабури Мүстәдрак – 2-том/253-бет, (42) 2913 хадис;Тирмизи, Сыффатус салә, №248 хадис түсіндірмесі. Тирмизи бұны зайыф дегеннен гөрі хасанға жақын деген. Сондай-ақ, Мұхаддис әл-Хаким де бұл хадисті «Сахих» деген. (Зайлағи, Насбур Риуая – 1/370-бет.)
[35] Нәсәи, әс-Сүнәнүл-күбра – 2/ 479-бет, №1001 хадис.
[36]. Дарақұтни сүнәні, Имамға ұйиу бабы – 2/115-бет, №1243 хадис. Сахих.
[37] Мұхаммед Насриддин Әлбани, Тәмәмул-минна фит-та’лиқ ала фиқһус-сунна, 177-бет
[38] Ағраф сүресі – 55-аят.
[39] Сахих Мүслім, Китабус Сала – №409-хадис; Тирмизи 1/272-бет, №267 хадис.
[40] Әбу Дәуіт, Бабут тәмин уәрәл Иман – №934 хадис.
[41] Әбу Дәуіт, Бабут тәмин уәрәл Иман – №932 хадис.
[42] Қ.Жолдыбайұлы, «Дін мен Діл» – 2.
Дәлелдер Абдусамат ҚАСЫМНЫҢ «ДӘЛЕЛ-ДӘЙЕКТЕРІМЕН НАМАЗ ОҚУ ҮЛГІСІ (Ханафи мәзһабы бойынша)» атты кітабынан алынды