ЕЛДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ – ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА
Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткерді. Қазақ халқы да басынан қанша қасірет, небір нәубет кешіргені тарихтан белгілі. Аллаға шүкір біз сол нәубеттерді өткеріп, мамыражай заманда өмір сүріп жатырмыз. Алайда елімізде орын алған жағдайға байланысты отандастарымызды сабырға шақырамыз. Сабырлылық пен тұрақтылық – біздің табан тірейтін тұғырымыз. Майқы би «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе – нең қалар» деген. Біле білгенге бірлікке жетер байлық та, татулыққа жетер тірлік те жоқ. Бабаларымыз ер азамат ашуланса – сабырға, араздасса – пәтуаға шақыру керек деген.
Тұрақсыздық пен алауыздықтың салдары бір халықты не мемлекетті бүтіндей құртып жіберетіндей қауіпті жайт. Бұл мәселеде бірқатар елдерді мысалға беруге болады. Сондай жайтты өткерген елдің халқы тыныштықтың қадірін біледі. Тыныштық кез-келген қоғам үшін баға жетпес байлық. Тыныштық бар жерде бақ тұрады
Тыныштықты Құдай береді. Бірақ оны сақтау, қорғау үшін қоғамның барлық мүшелері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жабыла жұмылуы керек.
Қаншама қиындықпен келген қастерлі Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау бүгінгі ұрпаққа аманат. Еліміздің шырқын бұзғысы келетін түрлі саяси топтар мен сыртқы күштер елдің ішіне іріткі салып, ортаға от тастауы мүмкін. Сондықтан айтаққа ермей, ақылмен, сабырмен шешім қабылдайық.
Біз үнемі Тәуелсіздікті ең үлкен құндылық деп келеміз. Ендеше осы ұлттық құндылығымызға сырттан қауіп төнгенде өзгенің сөзіне ермейік. Бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтайық. Берекеміз кетпесін.
Татулық түсіністіктен басталады. Ендеше бабалар аңсаған егемендікке жеткен елдің ендігі мақсаты осы тұрақтылықты сақтап, орын алған мәселені ауызбіршілікпен шешуге атсалысайық.
Бірлігіміздің бекем, төңірегіміздің түгел болуы үшін үнемі дұғада болу мұсылманның міндеті. Әр қазаққа қымбат байтақ даламыздың бағзыдан келе жатқан дәстүрін сақтап, бабалар салған жолды жалғастыру бізге жүктелген аманат. Бабаларымыз аманатқа қиянат жасамаған. Дәл осы тұтастық пен тыныштық Алладан келген нығмет екенін сезіне білу де бақыт.
Қадірлі бауырлар. Алланың пендесіне берер нығметі шексіз, санап таусу мүмкін емес. Жаратқанның бізге берген нығметіне шүкір етейік, артық кетпейік.
Қымбатты отандастар! Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сендер, адам баласы үшін игілікті әмір етіп, жамандықтан тыятын, сондай-ақ, Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар» дейді. Олай болса, біз де мұсылман баласы ретінде өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйылуға шақырайық.
Осындай сындарлы сәтте еліміздің басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты құндылығымыз. Бізге ауызбіршілік ауадай қажет.
Алла Тағала елімізді тыныштығынан, береке-бірлігінен айырмасын!
Пікірлер