Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Нұрға бөлеген Қадыр түнінің қасиеті
16 шілде, 2013 жыл 20 Басып шығару нұсқасы

Ұлы Алла тағала құлдарына деген шексіз рақымдылығы мен кейбір күндер мен түндерді қадірлі етіп берген.Осындай қадірлі түндердің ең қасиеттісі – Қадыр түні. Айлар ішінде Рмазан айы қасиетті болса, түндер ішінде Қадыр түні барлық күн мен түндердің ең қасиеттісі. Ғалымдар былай дейді: « Алла бес нәрсені бес нәрседен жасырған; Ризалығын ғибадатта, азабын күнәларда, ортаңғы намазын бес уақыт ішінде, әулиелерін адамдар ішінде, Қадыр түнін Рамазан айы ішінде». Қадыр түні жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Түннің «Қадыр» деп аталуы да бекер емес. Бұл түнде пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қадірлі үмметіне қадірлі кітабымыз – Құран Кәрім түскен. Қадыр түннің нақты уақыты анық белгілі емес. Бірақ пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис шәріптерінде Қадыр түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірі екендігіне, оны айдың тақ түндерінің біріне, әсіресе 27-і түніне сәйкес келеді. Қадыр түннің ерекшелігін айтар болсақ ең біріншіден Құран Кәрім толық күйінде «Ләухул Махфуздан (тағдыр жазылған тақтадан) дүние көгіне, Бәйтул Иззатқа (құрметті үйге) Қадыр түні түскен. Бұл түнгі ғибадат құлшылық мың айда жасалған құлшылықтан артық. Жаратушы Алла келесі жылы болатын адамдар тағдырын бекітіп, оның орындалуын періштелеріне бұйырады. Яки Абдуллах ибн Аббас (р.а.) және Имам Әбул-Хаттаб әл-Басридың айтуынша бұл түні келесі жылға дейін болатын әртүрлі маңызды оқиғалар туралы Жаратушы Ие белгіленген тағдыр періштелеріне аян береді. Имам Сәһл ибн Абдуллаһ: «Жаратушы Ие бұл түні мүмін құлдарына рахымын төгіп, кешірім сыйлайды» дейді. Бұл түні Жәбірейіл періште және көптеген періштелер жер бетіне түседі. Имам Хамд ибн Ахмад « Бұл түні жер бетіне түскен періштелердің көптігі сонша, жер беті періштелерге сыймай кетеді» деген.
Мың түннен қадырлы бұл түнде түрлі құлшылықтар жасап, нәпіл және қаза намаздарын өтеп, Құран оқып тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасап жүрген жандар баршылық. Әсіресе кейбір жастарымыз қасиетті түнді қалай өткізетінінен хабарыз аз. Қадыр түнін қалай өткізген жөн? Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде кім қадыр түнінің артықшылығына сеніп, Аллаһ Тағаладан сауап үміт етіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күналары кешіріледі»- деген. (Бұхари,Қадыр 1). Айша анамыз пайғамбарымыздан «Уа Алланың елшісі, Қадыр түнінде қандай дұға жасайын?» - деп сұрағанда, Расулулла (с.ғ.с) «Аллаһуммә иннәкә афуун, тухиббул афуа, фагфу анни ( Алла тағалам,Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күналарымды кешіре көр») деп дұға етуге кеңес береді.Сондай-ақ бұл түнді рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, діни бейнефильмдер иен бағдарламалар көріп өткізуге де болады.Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер түннің бір бөлігін құлшылықпен ізгі амалдармен өткізуге болады.
Қадыр түні нелер атқарылады?
Бұл түнде 4 рекағат Қадыр түннің намазы оқылады.
1- Рекағатта 1 Фатиха және 3 Қадыр сүресі оқылады.
2- Рекағатта 1 Фатиха және 3 Ихлас сүресі оқылады.
3- Рекағатта 1 Фатиха және 3 Қадыр сүресі оқылады.
4- Рекағатта 1 Фатиха және 3 Ихлас сүресі оқылады.
Намаздан кейін 1 рет тәкбір: «Аллаһу акбар, Аллааһу акбар, ләә илләһә иллаллааһу уаллааһу әкбар. Аллааһу әкбар уә лилләәһил хамд».
100 рет Инширах сүресі
100 рет Қадыр сүресі
100 рет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Хазіреті Айша анамызға үйреткен мына дұғасы оқылады: «Аллааһүммә иннәкә ъафүууүн, кәриимүн, түхиббүл ъафуә фәъфү ъаннии». Мүмкін болса бұл түннің құрметіне бір тәсбих намазын оқыған жөн.


Биылғы Қадыр түні Рамазанның 27-е қараған, яғни Шілденің 23-нен 24 қараған түн.


Ораза айт мерекесі
Рамазан айы ғибадат айы. Қадыр түнінен кейін Ораза айт мерекесі де келіп қалады. Рамазан айты мұсылман қауымның ең ұлық екі мерекесінің бірі. Әнес бин Маликтің риуаят еткен бір хадисінде: «Аллаһ тағала Рамазан айтының түнінде Рамазан айын оразалы өткізген құлдарына сый-сыяпатын, сауаптарын береді.Ал айт таңында Періштелеріне жер жүзіне түсулерін әмір етеді.Олар жол бойына тұрады да адам мен жыннан басқалары ести алатындай тілмен былай деп жар салады: «Ей, Үмметі Мұхаммед! Азды қабыл етіп, көпті берген және үлкен күнәларыңды кешірген Раббыларыңа тура бет алдыңдар». Мұсылмандар айт намазын оқып, дұғаларын жасаған соң, Аллаһ тағала оларға тілегендерінің бәрін береді.
Құрметті мұсылман бауырлар!
Әлемді нұрға бөлеген қадыр түннің қасиеті, сауабы соншалықты үлкен болатын болса, Алла тағаланың бізге берген кеңшілігіне шүкір етіп, шайтанның азғыруына ілеспей, осындай түнді қастерлеп,ғибадат құлшылықта болайық ағайын. Мереке отбасымыздағы шаттықтың, Отанымыздағы тыныштықтың, ынтымақ пен ырыстың көрінісі бола берсін. Аллаһ тағала Рамазан айы бойы оқыған Тарауық намаздарымызды, ұстаған оразаларымызды, жасаған амалдарымызды, тілеген дұғаларымызды қабыл етсін! Әмин!


Бұқар жырау ауданы
«Жыржыс қажы» мешітінің Бас имамы Аманбол қажы Рымқұлұлы





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары