Тәннің дұрыстығы жүректің дұрыстығына байланысты, өйткені адам денесіндегі ең маңызды ағза жүрек екені даусыз, бұған анатомия және медицина ғылымдары тұрғысынан қарағанда да қайшылық жоқ. Адам өмірінің сыртқы көрінісінің бастау көзі – жүректің саулығы, өйткені сау жүрек адам денесінің барлық мүшелерін қанмен қамтамасыз етеді, нәтижесінде адамның денсаулығы ойдағыдай болады. Бұл хадистегі жүректің дұрыс болуы туралы әңгіменің мақсаты – жүректің рухани саулығы. Рухани саулық – жанның іштей дұрыс болуы, ол тек Алла тағалаға ғана аян, бұл жан-дүние деп аталады. Өзінің «әл-Муъин ъала тафаһһум әл-арбаъин» (Қырық хадисті түсінуге көмекші құрал) атты кітабында шафиғилік Ибн әл-Мулаққин: «Анығында, жүректің дұрыстығы бес жағдайда: ойланып Құран оқығанда, аш қарында, түнгі (таһажжуд) намазын оқығанда, таң алдында Алла тағалаға жалбарынғанда және шыншылдармен мәжіліс құрғанда көрінеді. Мен: «Халалдан жеу – осы айтылғандардың бәрінің басы» дер едім. Мына сөзді айтқан адамның сөздері қандай тамаша: «Тағам – іс-әрекеттердің ұрығы: егер ол халал болып келсе, халал болып шығады, егер ол харам болып кірсе, харам болып шығады, ал егер шүбәлі болып кірсе, онда шүбәлі болып шығады», – деп жазған. Сау жүрек адамның Алла тағаланың алдында жетістікке жетуінің белгісі болады, өйткені аса Жоғары Мәртебелі Алла: «Ол күні, мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға сау жүрекпен келсе ғана (пайда береді)» («Шұғара» сүресі, 88-89 аяттар.) , – деген. Пайғамбар (с.а.с.) Алла тағалаға жалбарынып: «Уа, Алла, шын мәнінде Сенен жүрегімді сау-саламат бойсұнушы (етуіңді) сұраймын», – деп жиі дұға ететін. Ән-Нәуәуи: «Жүректің сау-саламаттығы мен дұрыстығына ашу-ыза, өшпенділік, күншілдік, сараңдық, ашкөздік, менмендік, басқаларды мысқылдауға бейімділік, боямаға (сырт көз үшін) ұмтылушылық, атаққұмарлық, қулық-сұмдық, дүниеқоңыздық және тағдырдың жазуына разы болмау секілді ішкі мерездерден құтылу арқылы жетуге болады…», – деген. Ибн Ражаб: «Сау жүрек – барлық дерт-мерездерден және тыйым салынған теріс амалдардан құтылған жүрек. Мұндай жүректе Алла тағалаға деген махаббат пен Одан қорқу, сондай-ақ Одан алыстататын істерден қорқудан басқа ешнәрсе болмайды»; «Жүрек істерінің дұрыстығы адам ағзалары істерінің де дұрыстығына апарады. Егер жүрек дұрыс болса және онда Аллаһ тағаланың қалауынан басқа ешнәрсе болмаса, дене бөліктері Аллаһ қалаған істерге ұмтылып, Оның разылығын табатын істерге асығады және ол анық көзі жетпесе де, Алла тағалаға ұнамауы мүмкін дегендей қауіп тудыратын амалдарды істеуден тыйылып, Алла тағалаға ұнамды амалдармен ғана
шұғылданады», – дейді. Хасан әл-Басри бір адамға: «Жүрегіңді емдеумен айналыс, өйткені Алла тағалаға құлдарынан олардың жүректерінің сау-саламат болғаны ғана керек», – депті.
1. Бұл хадис халалға шақырудың, харамнан аулақ болудың, шүбәлі дүниелер мен әрекеттерден бас тартып, дін мен абыройды сақтаудың, сондай-ақ адамдарда жаман пікірлер тудыратын және сақтануды керек ететін істерге ұстамдылық жасаудың қажеттігін көрсетеді.
2. Ақыл-парасат, сананы және жанның ішкі дүниесін дұрыстауға, бір сөзбен айтқанда, жүректі дұрыстауға шақыру.
3. Харамға апаратын жолдарды бекіту және харамды іске асыратын әрекеттерге тыйым салу
Пікірлер