Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ОРАЗАНЫҢ ДӘРЕЖЕЛЕРІ БАР МА?
22 маусым, 2016 жыл 340 Басып шығару нұсқасы

Оразаның өз дәрежесі бар. Адам оның қай сатысында болса, берілер сауабы да соған сай болмақ. Алғашқысы – қарапайым ораза (саум әл-умум), екіншісі – ерекше ораза (саум әл-хусус), ал үшіншісі – өте сирек кездесетін бірегей ораза (1).

Қарапайым ораза – бұл тағам жеумен және төсек қарым-қатынасынан ғана шектелу.

Ерекше ораза – қарапайым оразамен қатар тіл, қол, аяқ, құлақ, көз және басқа да дене мүшелерін күнәдан сақтау, соларға шектеу қою.

Сирек кездесетін бірегей ораза – жоғарыдағы екі сатыдан өтіп, жүректі де белгілі шекарада ұстау. Өмірлік тақыметті шетке ысырып, бар жан-тәнімен, ойымен Алламен болу.

Ал, енді істелген амалдар, құлшылықтар жай-жайдан жоғарылай келе бірегей дәрежеге жетеді. Оразаның үштен бір бөлігі өтіп кетті. Адам баласы өзіне есеп берер болса, ендігі қалған күндерді оразаның үшінші сатысына шыға алмаса да кемінде екінші дәрежеге көтерілуі қажет-ақ. Ауыз бекіту қарапайым оразамен ғана шектелмей, ерекше құштарлықты қажет етеді.

Сахабаларымен отырған бір күні Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) қиямет жайлы сөз қозғады. Толассыз айтылған әңгіменің бір ұшығы адамның бұл дүниеде жасаған амалдарына барып тіреледі. Алла елшісі (ﷺ): «Қиямет күні барша адам Тұтаманың үлкендігіндей сауап арқалап келеді. Бірақ олардың амалдарын Алла тағала қабылдамайды», -деді. Бұны естінгенде бойын үрей билеген Сәлім Хұзафа (р.а.): «Уа, Алланың құрметті елшісі, әке-шешем жолыңа құрбан болсын. Олардың қандай адамдар екенін айтпай ма екенсіз? Аңдаусызда солардың бірі мен болып қалмайын деп қатты қорқып тұрмын», - деді. Сонда Пайғамбырымз (ﷺ) оған: «Әй, Сәлім, олар ел қатарлы ораза ұстайды, намаз оқиды. Алайда бір дүниеге тап келе қалса, көзі тұнып бас салады. Міне, Алла тағала осындайлардың амалын қабылдамайды», - деді (2). Осы хадистегі дүниеге құштарлық танытып, амалдарына немқұрайлылық танытатындар секілді, өсек-аяңға, көрсе қызығушылық танытып, зинаға бой алдырту үлкен қателікке апарып соғады.

 Ал, оразаның деңгейін көтеру иманнан. Иманды берік ету үшін дене мүшені жақсы амалдарға жетелеу қажет. Ең алғашқы күнәға алып баратын мүшеміз ол – көз. Көркем нәрсені бір қарап әдемілігіне тамсана тағы, кейін тағы қарап, басымызға әртүрлі ойлар келеді. Осылайша көздің зинасы жасалып, жүрекке күнәлі ой салады. Сол күнәлі ойлар жүректі тұмшалап, имансыз етпек болар. Ал, Құдыретті Алланың берген мөлдір көздерімен Құран беттеріне қараса, діни кітаптар оқыса, көзбен сауап жинап, оқып-білген дүние ақылға қонады. Ақыл, тілді, қол-аяқты жетелейді. Осылайша оразаның екінші сатысы – ерекше оразаға көшу басталады. Тілден көркем сөз шығып, қол-аяқтар дәрет алып, намаз оқып, адам мешітті паналағыш келеді. Осылайша жамағатпен жиі болып, отбасында ұйыған қазан-ошақ, салиқалы бала-шаға сыңғыры естілсе керек. Ондай адамның жүрегінде тек Аллаға деген махаббат болмақ. Осылайша дене мүшелері айқын тазарған жанның оразасы үшінші саты – бірегей оразаға айналмақ. Ал, көпшілік екінші сатыны ұмытып, бірден үшінші саты туралы ойлайды да, өз ойларынан шошып, мен «олай істей алмаймын» деп үрке қашады. Екінші сатысыз үшіншіге көтеріле алмаған секілді, кішкентай амалдарсыз, үлкен белеске жету неғайбыл. Сондықтан да, әрбір ауыз бекіткен жан, өз деңгейлерін көтеруге құлшынса екен.

Алла жүрекке берік иман беріп, құлшылықтар шын ықыласпен жасалғай!

 

1. Ибн Къаудама әл-Мақдиси, «Мухтасар минхадж әл-касыдин».

2. Қ.Бағашар, «Тағылым таразысы».

 

Түкетаев Ардақ Әділханұлы

Ақтоғай аудандық орталық мешіттің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары