Ашура күні Пайғамбарымыз (ﷺ) ораза тұтқан. Ар-Рубаййи’ бинт Му’аууиз айтты: «Ашура күнінің таңында пайғамбар (ﷺ) ансарларға: «Осы күні таңертең тамақтанған адам, енді күн соңына дейін тамақтанбасын. Ал, таңнан бастап ораза ұстаған адам, оны соңына дейін ұстасын» дейтін хабаршыны жіберді». Ар-Рубаййи’ айтты: «Осы уақыттан, біз осы күнгі оразаны өзіміз ұстадық және балаларымызға да ұстатқыздық. Және біз оларға жүннен ойыншық жасап, тамақ сұрап жылаған уақытында, ауыз ашар уақыты келгенге шейін (ойнай тұрлару үшін) ойыншықты беретінбіз» (әл-Бухари 1960, Муслим 1136). Осы хадистен Ашура күні адам өзі ғана ораза тұтып қоймай, жанындағыларға, отбасына да осы күні істелген амалдың жақсы екендігін насихаттау. «Баланың көңілі далада» дегендей, балаға көңіл көтеретін ойыншықтар, тәтті тағамдар сыйлап, Ашура күні туралы түсіндірілсе, оның жадында сақталып қалады. Осы бір амалмен бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Рамазан айының оразасынан кейінгі ең жақсы ораза, ол Алланың айы әл-Мухаррамда ұстаған ораза» (Муслим 1163). Бұл күні ұстаған оразаның қадірі жайлы мына хадистен түсінеміз: Әбу Қатада жеткізген хадисте, Алла елшісі (ﷺ) айтты: «Ашура күніндегі ораза өткен жылғы күнәларды өтейді деп Аллаға үміт етемін!» (Муслим 1162). Имам Ахмет риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз: «Ашура күні ораза ұстаңдар. Яхудилерге ұқсамау үшін алдында бір күн және кейін тағы бір күн тұтыңдар», – деген. Муслим келтірген сахих хадисте Алла елшісі (ﷺ): «Егер келесі Ашура күніне дейін аман болсам, Ашура күнінен өзге оның алдында бір күн, яғни, Мұхаррамның тоғызыншы күні де ораза ұстаймын», – деу арқылы тек Ашура күніне, тым болмағанда бір күн қосып ораза ұстаудың ұнамды іс екенін айтып кеткен. Сондықтан мүмкіндігі бар кісілер Тек Ашура күні ғана емес, бір күн алдын не бір күн кейін қосып ораза ұстаған дұрыс болады.
Сол секілді, осы күні нәпіл намаз оқып, садақа беріп, қайырымдылық іс жасап, мол сауапқа кенелуге болады. Және де, Амр ибн Ас бір сөзінде: «Ашура күні ораза ұстаған бір жыл бойы ораза ұстағанмен тең, осы күні садақа берген кісі бір жыл садақа бергенмен тең болады»,– дегендігі риуаят етіледі. Алайда, «осы күні ораза ұстасам бір жылға жеткілікті, садақа берсе бір жыл бойы садақа бермесем болады» деген ой қалыптаспау керек. Мұндағы мақсат, осы күні ұсталған ораза, оқылған намаз, берілген садақаның сауабының үлкендігін білдіру мақсатында салыстырмалы түрде айтылған. Әрине бұл амалдарды бір күннің еншісіне байлап қоймау қажет. Дегенмен, осындай ерекше мәнге ие күндері нәпіл намаздың санын арттырған абзалырақ.
Нуров Махмуд қажы Нурұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имам
Пікірлер