Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Шағбан айының қасиеті неде?
19 наурыз, 2021 жыл 231 Басып шығару нұсқасы

Шағбан айы көптеген қасиеттерді өз аясында қамтыған құлшылық айы. Алла Тағаланың пенделеріне деген ризық-несібесін молайтатын ай. Жақсылық атаулы бүршік жарып, береке біткен артып, ғибадат-құлшылықты жан-тәнімен атқарушылардың қателіктері кешіріліп, күнәларынан арылатын ай. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ережептен кейінгі кезекте Шағбан айына өте-мөте көңіл бөлген. «Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз», (Мүснәд) – деген дұғасын жиі айтатын. Қасиетті шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор.

Шағбан айындағы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен Айша анамыз былайша баяндайды: «Алланың елшісі кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті, оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде ауыз ашатын. Тіпті, біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла Елшісінің Рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ, шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім». (Бұхари)  Шағбан айында мұсылманның иманы толысып, кемелденеді. Әрі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айды ерекше ұнатып, осы айды ораза ұстаумен өткізетін. Демек, бізге де осынау мүбарак айда шама-шарқымызға қарай ораза ұстауға талаптанғанымыз абзал екен. Усама ибн Заид (р.ғ.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Я, Алланың Елшісі, айлардың ішінде шағбан айында көбірек оразада болғаныңды көремін»-дедім. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Осы айдан пенделердің көбісі ғапыл. Бұл ай – Ережеп пен Рамазанның ортасындағы ай. Шағбанда амалдар Алла Тағаланың хұзырына келтіріледі. Сондықтан амалымның оразамен көтерілгенін қалаймын»-деді. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) (Рамазаннан тыс) басқа айларға қарағанда Шағбан айында көп ораза ұстап былай дейтін: «Сауапты амалдардан шамаларың жететінін жасаңдар. Өйткені, сендер жалықпасаңдар болғаны Алла сендерге ешқашан жалыққандай сыңай танытпайды. Алла Тағала қабыл алатын ең жақсы амал − аз болса да үзбей істелген іс». (Бұхари) 

 Алайда Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана тұтқаны абзал. Егер Шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Өйткені Шағбан айындағы ерікті оразадан Рамазан айындағы парыз ораза маңызды. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланы игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды Рамазан айына екі- үш күн қалғанда ораза ұстаудан тыйған. Әбу Хурайра (оған Алла разы болсын): «Шағбан айының бірінші жартысы өткен соң ораза тұтпаңдар»,- деген Пайғамбарымыздың сөзін жеткізеді.

Шағбан айының тағы бір қасиеті -  Барағат түні. Себебі бұл түні мұсылмандарға рахмет, берекет, жақсылық, кешірім және мағфират жауады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбарак сөздерінде: Жәбрәйілден (ғ.с.): «Бұл түні мына есіктер қашанға дейін ашық тұрады?»-деп сұрағанымда Жәбрәйіл (ғ.с.): «Таң атқанша»,-деді де: «Я, Мұхаммед! Алла Тағала осы түні тозақтан құтқаратын құлдарының саны Бәни Кәлб руының қойларының жүндерінің санындай (Яғни, кейбіреулерден басқа, барлық мұсылмандар кешіріледі)»-деді.

Егер кімде кімнің шамасы жетсе, бұл түнді тек құлшылықпен өткізгені жақсы. Алайда кімнің бұған шамасы жетпесе, ол адам осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Құлшылыққа түннің екінші бөлігін арнап, мына ғибадат түрлерін атқарса болады:

- Намаз. Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Сондай- ақ әр намаздағы рукуғ, қиям, сәджеде ұзағырақ болғаны абзал. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Егер кімде кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.

- Тиләуәт. Қасиетті Құранды оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтың түріне жатады. Намаз оқып болған соң, я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.

- Зікір. Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту. Сондай- ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады.

- Дұға. Бұл түні бізге көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі. Осы түні Алла Тағала дұғамызды қабыл етеді деген үміт бар. Дұға – ғибадат. Алла Тағала жасаған әрбір дұға үшін сұраушының мұқтаждығын өтеп қана қоймай, сауап та жазады. Тіпті сұраған нәрсесі қол жетімсіз болса да, ол адам жасаған дұғасы үшін сауаптан құр қалмайды. Сонымен қатар дұға барлық ғибадаттың өзегі болып табылатын Алла мен адамның байланысын арттырады. Адам баласы қалағанынша, кез келген түрде дұға ете алады, алайда ең жақсы дұға – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  дұғалары. Бұл дұғалар шебер сөздерімен пенденің бұл өмірдегі әрі ақыреттегі барлық мұқтаждығын қамтиды. Расында да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғасы соншалықты терең мағыналы, тіпті пенденің оған баға беруге шамасы жетпейді.

 Алла тағала осы айдағы барша құлшылығымызды қабыл етсін!

 

 

Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қалалық мешіттің  имамы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары