Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Адамнан емес, Алладан сұра
14 наурыз, 2022 жыл 1129 Басып шығару нұсқасы

Дана халқымыздың: «Үмітсіз шайтан»,  «Күніне тоқсан пәле көрсең дағы, Сонда жа күдер үзбе бір Алладан», -деп келетін орынды мақал-мәтелдері бар. Күнделікті күйбең тіршілікте қиындыққа төзу, сабыр сақтау адамзат атаулысын адастырмайды. Әсілінде қиындықтан шығудың жолы өз өзіне қол жұмсау емес. Өзін өзі өлтіру – ғылым тілінде суицид деп айтылып келеді. Өзі өзіне қастандық жасау қазақ үшін ғана емес, жалпы Алла жаратқан адамзат баласы үшін алапат кесел. Амал етіп алдын алар шарасы жоқ індеттің қоғам мен адам санасына дендеп енгені соншалық сан мемлекет бұған қолданар шара таппай отырғаны рас.

Бұл ретте бізге жеткен риуаяттарға назар салсақ екен.

Алла Тағала былай дейді: «…Және де өз өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, Біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» (Ниса, 29, 30).

 Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.): «Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әрқайсысында да қайырлылық бар. Сондықтан да өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырысып, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа. Егер бір нәрсе болып қалса «егер былай істегенімде олай болмас еді» деме, «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды», - деген.

Тағы бір  Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кімде-кім таудан құлап, өзін-өзі өлтірсе, ол жәһәннам отында мәңгі-бақилыққа құлайды. Кімде-кім у ішіп, өзінөзі өлтірсе, жәһәннам отында мәңгі бақи сол уын қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде-кім өзін өзі темірмен өлтірсе, жәһәннам отында сол темірді қолына ұстап, өзін өзі мәңгі-бақи ұрғыштап тұрады». (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім, егер ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, егер жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар». (Нәсәи риуаят еткен).

Хадисте: «Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле» (Термези риуаят еткен).

Құран Кәрімде: «Әлемдердің Раббысы Алла қаламаса, қалай алмайсыңдар» (Тәукир сүресі, 29-аят)

Асыл дінімізде бұл жайсыз жайтқа деген көзқарасы, әрине жақсы емес. Шама жеткенше олқы әрекеттің алдын алу ләзім. Ой-өрісі кең, рухы  кемел, байсалды жан мұндай әрекетке бармасы анық. Алды-артын байыппен ойлап, Аллаға құлшылық-ғибадатын жасап жүрудің маңызы көл-көсір.  «Аяқ киіміңнің бауы үзілсе де Алладан сұра» дегенді алға тартамыз, насихат етеміз. Үздіксіз күйзеліске түсіп кетпей, дәйім ілім ізденіп, рухани байлықтың қамында жүрсе,  нұр үстіне нұр болары хақ. Біз айтқан тақырыптың, қаузалған проблемалардың қорытындысы көпшілік үшін, көпшілікке мұның зиянын түсіндіру, санасына жеткізу үшін уағыз-насихаттау жұмыстарын жүзеге асыруда көп көмегін тигізеді деген ойдамыз.

Суицидтің белең алуының бір ұшы қоғамның, халықтың діни білімінің кемшіндігі, рухани жағынан әлсіздігінде жатыр ма деген ой қылаң береді. Бүгінде мынадай қарқынмен адам баласын жалмап келе жатқан кеселдің соңы неге соғады?!

Аманбол Мукаев,

Абай ауданы бойынша бас имамы

 

 

 

 

 

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары