Құрметті Қарағанды жамағаты , бауырлар!
Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Сіздерді мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын, ағайын!
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады.
Облысымыз бойынша барлық мешіттерде қасиетті Рамазанда шарапаты мол іс шаралар жүзеге асты. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық акциялар өтті.
Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді.
Хадис-шарифте айтылғандай, Алла Тағала: «Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…», – дейді.
Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезі. Алла баршамызды мол сауапқа кенелген құлдарының қатарына қосуын тілеймін.
Қадірлі қауым!
Ораза айт мерекесі құтты болсын! Алла Тағала ұстаған оразамызды, дұға-тілектерімізді, қасиетті айда жасаған әрбір қайырлы амалдарымызды, берген зекет пен пітір садақаларымызды қабыл етіп, мол сауаптан жазғай!
Әрбір отбасына амандық, жақсылық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін! Раббымыз баршамызды рамазаннан рамазанға дейін аман-есен жеткізе берсін!
Еліміз аман жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әумин
Ihsan.kz
Пікірлер