Қоғамымызда бүгінгі күні аса алаңдатарлық мәселелердің бірі – буллинг. Бұл құбылыс күн өткен сайын тереңдеп барады. Кей сарапшылар буллингтің өршуін интернеттің шексіз қолжетімділігімен байланыстырса, енді біреулер оны отбасындағы ата-ананың жылулығын сезінбей өскен балалармен байланыстырады.
«Буллинг» сөзі – «қорқыту», «қысым көрсету», «бұзақылық» деген мағыналарды білдіреді. Яғни, бұл – әлсіз, қорғансыз адамға әдейі психологиялық немесе физикалық тұрғыда қысым көрсету, қорлау. Буллинг тек мектепте ғана емес, жұмыс орындарында, отбасында, тіпті әлеуметтік желілерде де кездесіп отыр. Оның түрлері де әртүрлі: физикалық, психологиялық, экономикалық, жыныстық зорлық-зомбылықтар. Алайда бұл формалардың барлығын біріктіретін бір ортақ белгі бар – ол агрессиялық әрекеттің әлсізге бағытталуы.
Буллингке қатысушылар әдетте үшке бөлінеді: жәбірленуші, агрессор және куәгер. Ең ауыр зардапты, әрине, жәбірленуші шегеді. Дегенмен, зерттеулер көрсеткендей, буллингтің кері әсері куәгерлерге де, агрессордың өзіне де ықпал етеді. Жәбірленушіде түрлі психологиялық және психосоматикалық дерттер пайда болуы мүмкін, ал ауыр жағдайда суицидтік ойларға дейін баруы ықтимал.
Статистикаға жүгінсек, 7 мен 15 жас аралығындағы мектеп оқушыларының 44 пайызы буллингке қатысы бар. Бұл – өте алаңдатарлық дерек. Өкінішке қарай, бұл құбылыс қоғамда аса елеулі қауіп ретінде қабылданбай отыр. Құқықтың бұзылуы – бала құқығы, ата-ана құқығы, оқытушы мен оқушының, жалпы кез келген азаматтың құқығының аяққа тапталуы секілді жағдайлар буллингтің таралуына жол ашады. Мұның бәрі ақыр соңында отбасындағы тәрбиеге тіреледі. Ал тәрбиенің түп негізі – иманда.
Иманды бала өзгеге зәбір көрсетуден аулақ жүреді. Жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде пайғамбарлық өнегенің орны ерекше. Бірде Алла Елшісі ﷺ немересі Хасанды еркелетіп сүйіп отырғанында, бір сахаба: «Менің он балам бар, бірақ бір де біреуін сүйіп көрген емеспін», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ: «Сен мейірімсіз болсаң, Алла Тағала да саған мейірім етпейді», – деп жауап береді (Әбу Дәуід риуаяты).
Жастарды имандылық пен адамгершілікке тәрбиелеу – заман талабы. Қоғамымызда діни және рухани сауаты бар жастар көбейсе, олар ақ пен қараны ажырата алатын, пайдалы мен зияндыны саралай білетін парасат иесі болар еді. Сонда ғана жемқорлық, отбасындағы зорлық-зомбылық, тастанды балалар, қараусыз қарттар, суицид секілді мәселелердің азаюына себеп болар едік. Бұл бағытта жүргізілетін жұмыстар оңай болмаса да, ел болашағы үшін бұл – маңызды әрі игілікті іс.
Жастарды патриотизм рухында тәрбиелеу де аса қажет. Ұлттың аманатын арқалаған жас өреннің бойында имандылық, инабаттылық, отаншылдық секілді қасиеттер болуы тиіс. Балаға қатігездік таныту, махаббат пен жылулықты бермеу – оның бойында салқындық пен мейірімсіздік қалыптастырады. Ал отбасында көрмеген жылулықты ол сырттан іздей бастайды.
Қоғамда жұмыссыздық, отбасын құруды кейінге қалдыру, баспана мәселесі, шетелге кету, зорлық-зомбылық сынды басқа да өзекті мәселелер бар. Дегенмен, олардың ішінде ең алаңдатарлығы – буллинг. Өйткені бұл мәселе тек бір отбасының немесе жекелеген баланың ғана емес, бүкіл қоғамның келешегіне қатер төндіреді. Сондықтан буллингтің алдын алу, оған душар болғандарға психологиялық көмек көрсету, дұрыс отбасылық тәрбие қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Ануар Ниязов
Балқаш қалалық мешітінің наиб имамы