Құнанбай мешіті – Қарқаралы қаласында құрылысы 1850 жылы басталып, 1851 жылы салынып біткен мешіт. Мешіт салу жөнінде 1847 жылы әңгіме қoзғалып, арасында Күшік-Тобықты баласы Құнанбай бар, 16 болыс қол қойған.
Онда құрылыс үшін халықтан қаржы жиналатыны айтылған. 1849-1852 жылдар аралығында Қарқаралы округіне аға сұлтан болған Құнанбай құрылыс жүргізу ісін өз қолына алып, тыңғылықты аяқтағандықтан, мешіт – халық арасыңда Құнанбай мешіті аталып кеткен.
Кейінірек мешіт жанынан медресе, шәкірттер үшін жатақ, молдалар үйі бой көтереді. Құнанбай мешіті Қарқаралы округіңдегі ислам дінін уағыздауға, балалардың қара танып, сауат ашуына көп қызмет еткен. Мешітке кезінде Абай да барып тұрған. Құнанбай мешітінің күтімсіздіктен тозып, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған кесенені қайта қалпына келтіру үшін 1989 жылы қарашада облыс, аудан жұртшылығының шақыруымен Алматы қаласынан Қазақтың мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау және қайта жабдықтау конструкторлық жобалау институты Құнанбай мешітін алғашқы қалпына келтірді.
Құнанбай қажы дегенде, біздің ойымызға бірден Мұхтар Әуезов қаламына арқау еткен «Абай жолы» роман-эпопеясындағы қатал да мейірімсіз әке бейнесі сап ете қалады. Алайда, осы бір тұлғаны көркем әдебиетте суреттелген кейіпкер бейнесінен алшақ әкетіп, өзі өмір сүрген замандағы халқы үшін жасаған жарқын істері мен шынайы өмірдегі болмысына үңілетін болсақ, қатігез Құнанбай емес, қайраткер Құнанбайдың мәрт тұлғасын танимыз. Қарқаралы мекенін талай ғұламалар мен ғалымдардың ізі қалған киелі орда деп жатамыз. Осы қасиетті мекеннің тарихын айтсақ, қаланың қақ төрінен ойып тұрып орын алған мешітті, әлбетте, айтпай кетуге болмайды.
Ал, Қарқаралы мешітін айтпас бұрын, ең бірінші ауызға Құнанбай қажы Өскенбайұлының есімі түсетіні сөзсіз. 1849 жылы Қарқаралы уезіне аға сұлтан болып сайланғаннан кейін ел басқарушысына кесек қадамдар жасау керек болады. Қайраткер қазақ халқының даму жолы неде жатқандығын жақсы түсінді. Жаңадан сайланған аға сұлтан қазақ ең алдымен неге мұқтаж деген сұрақтың жауабын білді. Осылайша Құнанбай Өскенбайұлы өзінің бұрыннан келе жатқан арманын іске асыруға кіріседі.
Ең әуелі қазақ балаларының сауатын ашу мәселесін қолға алады. Аға сұлтан болмай тұрып-ақ, нақтырақ айтсақ, 1845 жылы шекара басқармасына қазақ балаларына арнап училище ашу туралы хат жазады. Нәтижесінде құрылыс салуға рұқсат алғанымен, қос тілді қатар меңгерген білгір мұғалім табылмай, игі іс кейінге шегеріледі.
Кейінірек Қарқаралыға аға сұлтандыққа келгеннен соң, 1851 жылы медресе құрылысын қайта қолға алып, көшпелі қазақ үшін ыңғайлы болсын деген ниетпен ол Тобықты руының орталығына салынып, Ескітам аталып кетеді. Бірақ, соңынан оқу орындарының көбеюі мен халықтың жаппай сауаттылыққа бет бұруы себепті Ескі тамдағы медресе қажетсіз болып қалады. Соған қарамастан, қайраткер тұлғаның осы бір әрекетінен өз халқының болашағына деген шексіз қамқорлықты айқын аңғаруға болады. Бұл қамқорлық кейін Қарқаралыдағы қасиетті мекен – Құнанбай қажы мешітін салу ісіне ұласады.
Қарқаралы аудандық «Құнанбай қажы» мешітінің имамы
Митератбек Орынбекұлы