Center Image
IHSAN.KZ
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ «ӘНЕТ БАБА» МЕШІТІНДЕ «QURBAN FEST – 2026» МЕРЕКЕЛІК КЕШІ ӨТТІ
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ «ӘНЕТ БАБА» МЕШІТІНДЕ «QURBAN FEST – 2026» МЕРЕКЕЛІК КЕШІ ӨТТІ
ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің бастамасымен Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің ауласында қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай «Qurban Fest – 2026» атты ауқымды отбасылық мерекелік кеші өтті.

Мерекелік шараның шымылдығын ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы ашып, жиналған жамағатты ұлық мейрам — Құрбан айтпен құттықтады. Бас имам өз сөзінде Құрбан айттың адамзат баласын мейірімге, жанашырлыққа, бауырмалдық пен ізгілікке үндейтін ерекше мереке екенін атап өтті.

Шараның негізгі мақсаты — балалар мен отбасыларға қуаныш сыйлап, қасиетті мерекенің рухани мәнін кеңінен насихаттау болды. Осы мақсатта мешіт ауласында ұлттық әрі заманауи үлгідегі ерекше мерекелік атмосфера қалыптасты.

Кеш барысында түрлі кәсіп иелері мен қолөнершілер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, арнайы көрме ұйымдастырды. Сонымен қатар балаларға арналған ойын алаңдары құрылып, тәтті тағамдар мен балмұздақтар таратылды. Балғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған аниматорлар қызықты ойындар ұйымдастырып, түрлі сыйлықтар үлестірді.

Мерекелік кештің ерекше бөлігінің бірі — арнайы фотобудка аймағы болды. Онда келген қонақтар отбасымен естелік суретке түсіп, айт мерекесінің шаттыққа толы сәттерін жадына сақтады.

Шараға қатысқан ата-аналар мұндай рухани-танымдық кештердің бала тәрбиесінде алар орны ерекше екенін айтып, ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдірді.

Осылайша «Qurban Fest – 2026» мерекелік кеші Құрбан айттың қуанышын еселеп, жамағат арасындағы ауызбіршілік пен мейірімділікті арттырған тағылымды әрі әсерлі рухани шараға айналды.

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz