Халқымыздың тарихына ой салып қарасақ, тағылымды, ғибратты салт-дәстүрлеріне бай екеніне көз жеткіземіз. Бүгінде бірқатары қолданыста болса, енді бірі мүлде ұмыт қалып барады. Бұндайда «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, уақыт еншісімен сақталып келе жатқан өміршең салттарымыз барына шүкір дейміз. Сондай салтымыздың бірі - ұрпақтың ұлағатты болып дамуына септігін тигізетін, бұлжымас қағидасына сіңіп кеткен құдалық рәсімдері.
Құдалық – қазақ халқының әдет-ғұрпында ерекше орны бар дәстүр. Бұл дәстүр - жекжаттық қатынастарға бастайтын алғашқы қадам. Ата-ананың алдын ала келісімімен немесе қыз бен жігіттің уәделесуі арқылы жүзеге асады. Осыдан кейін құдаласу рәсімі бойынша үкі тағуға әдетте жігіт жағының ең жақын адамдарынан туыстары барады. Екі жақ келісімге қол жеткізген жағдайда құдалық уақыты белгіленеді. Бұрынғы қазақтың үкі тағу дәстүрі бүгінде сырға тағумен алмасып жүр. Заманға сай түрлі қоржындар мен әшекейлер қалыптасты. Сырт көріністер өзгергенмен түбірі сақталып тұр. Деректерге сүйенсек, бұрынырақта ауылдың үлкен ақсақалдары бір топ болып жиналып, бойжеткені бар үйге құдайы қонақ болып барады. Түс кезінде барған қонақтар қандай шаруамен келгенін айтпайды. Ауыл-аймақ амандығын, ел, жер жайын әңгіме етіп, түнеп, ертеңгісін түскі уақытта ләм деместен аттанып кетеді. Әдеп бойынша, ол кезеңде қонақтар шайын ішіп, өз сыбағасын жеген соң, баратын жері, ауылы алыс болмаса, түнемей, қайтып кетеді. Сондықтан да бұлайша келіп, үн-түнсіз, бұйымтайын айтпай кеткен қонақтан соң, үй иелері яғни отағасы мен анасы мұның сырын аңғарып, қонақтар отырған жерді, сырмақты қарай бастайды. Сырмаққа шаншылған бізді көріп, қайрағының жоғалғанын біледі. Бұл «ұл ержетті, қыз бой жетті, сізде сұлу қыз бар, бізде ержеткен азамат бар, құданда болайық, жекжат болайық» деген белгі. Яғни бүгінгі тілмен айтсақ, құда түсейік деп қолқалағаны, қыз айттырып барғаны. Егер бойжеткені бар үй қызын беруге қарсы болса, бірден қайрағын сұратып, адам жібереді. Олар бір жеті ішінде қайрағын сұратпаса, жігіт жақ мұны келіскені деп түсініп, келіп құда түсіп, сырға салатын болған. Осы салттың өзінен тұнып тұрған мәдениет пен тектіліктің ізін көруге болады. Бұл дәстүрден өзара тіл табысу, екі елдің құрметі мен ізетін білдіретіндігін көреміз.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, ата-бабаларымыз ертеден-ақ ұрпағының болашағына бей-жай қарамай, ерекше қамқорлық танытқан. «Шешесін көріп – қызын ал, яғын көріп – асын іш» деген ақсақалдарымыз анасына қарап, қызына таңдау жасаған. Кімде болса, жақсы жермен құда болып, ибалы, инабатты, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсететін, көргенді, тәрбиелі келін алуды армандайды. Сондықтан да өзіне тең, үлгілі отбасын іздеп, табылса, олар туралы сұрастырып, көңілінен шыққаны болса, үйдің үлкені, сыйлы ақсақалдары, ер азаматтары жоғарыда айтқандай сол әулетке құдайы қонақ баратын болған. Тағы бір таңғаларлығы келген қонақтар сырмаққа біз шаншып кетсе бізде ұл бар, сол жігіт сіздерге де бала болса, деген жұмбағы болатын. Қайрақты әкетуі – «құда болайық, туыс болайық, қалай қарайсызар?» дегені. Ертеде бабаларымыз құда түсуді осылай бастаған екен. Ал бүгінде құдалықтың өзге де түрлері қоғамда кездесіп жатады. Мысалы, «Бесік құда», «Бел құда», «Қарсы құда» дегендей.
Бесік құда – екі нәрестені бесікте жатқанында атастырып қояды. Олар есейген шақта қызға сырға салып, құда түседі. Әрине, бұл рәсімнің барлығы екі жақтың, жастардың келісімімен орындалады.
Бел құда – екі адам өте жақын дос болып, сол достықтарының туыс болып жалғасқанын қаласа, бала болмай жатып құдаласады.
Қарсы құда - қыз алып отырған құда өз қызын құдасының баласына беруі.
Осындай жолмен бас қосқан жұптардың да отбасылық тұрақтылығы мызғымай, өнегелі өрісті болған.
Осы сынды құда түрлері де құда түсу жоралғылары да, оның барысында орындалатын салт түрлері де жеткілікті. Бүгінгі таңда бәрі ерікті. Ата-аналардың барлығы балаларының шынайы махаббатпен қосылып, тату болғанын қалайды. Сол себепті де іштей жақсы жарға жолыққанын қаласа да олардың таңдауына көп араласа бермейді. Екі жас өзара келіссе, ата-аналары бірден құда түсіп, сырға салады. Құдалықты бастап баратын беделді, жасы үлкен адамды бас құда деп атаған. Сондай-ақ, жігіт әкесінің одан кейін жолы үлкен аға-інілері барған болса, ол омыртқа құда делінген. Ал, күйеу жігіттің өз әкесіне әдетте бел құда деген атау берген. Құдаша, құда бала деп қыз бен жігіттің іні-қарындастарын теліген. Мұндай туыстық атауларды, әсіресе, үйдегі үлкендер жағы жиі қолданады. Бұл атаулар бір жағынан, енді құдаласқан жандардың қарым-қатынасын одан әрі нығайта түсуге өз ықпалын тигізген. Ұл өсіріп, қыз өсіріп отырған әрбір отбасы қызының орнын тапқанын, ұлын аяқтандырғанды, жақсы жермен құдаласқанды армандайды. Кім-кімде «Адал сүт емген бала жолықса игі» деп тілек тілейді.
Қашанда құда-жекжатын жоғары бағалап, өзара сыйластықтың зор үлгісін көрсеткен салтымызға не жетсін. Бұл байланыс жылдан-жылға нығайып, түбінде бір туған жандардай ағайынға айналады. Қазақтың жан-жағы, жақын-жұрағаты осылайша кеңіген, үрім-бұтағы осылайша өрбіген. Сөйтіп, олардың арасындағы құрмет пен өзара сыйластық ғасырға татырлық уақытқа жалғасқан. Өткеніміздің, салтымыздың, ғұрпымыздың жойылып, жойылмауы – бізге байланысты ағайын!
Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Бақдәулет Қыдырбайұлы