Таң намазы — Алла Тағала парыз еткен бес уақыт намаздың ішіндегі ең ұлы, әрі сауаптысы. Сондықтан да болар таң намазы туралы Құранда бірнеше рет ерекше атап өтілген. Сауабы мол, рухани жақтан берері көп болсда қазіргі қоғамда мұсылмандардың көпшілігі таң намазына тұруда тұрақтылық таныта алмай жүр. Бұның себебі еріншектік пе, әлде тереңірек рухани, психологиялық немесе әлеуметтік себептер бар ма?
Бұл мақалада біз таң намазына тұра алмаудың негізгі себептерін діни, рухани-психологиялық және әлеуметтік тұрғыда талдап, бұл мәселеге ғылыми, дінтанулық және практикалық көзқараспен баға береміз. Мақала мақсаты – таң намазына тұруда кедергі болып тұрған факторларды анықтап, олардың шешімін ұсыну.
І. Құран мен сүннеттегі таң намазының орны
Құран Кәрімде таң намазы турасында былай делінеді:
أَقِمِ ٱلصَّلَوٰةَ لِدُلُوكِ ٱلشَّمۡسِ إِلَىٰ غَسَقِ ٱلَّيۡلِ وَقُرۡءَانَ ٱلۡفَجۡرِۖ إِنَّ قُرۡءَانَ ٱلۡفَجۡرِ كَانَ مَشۡهُودٗا
әл-Исра:78
Түс қиғаннан, түннің қараңғылығына дейін намаз оқы (бесін, екінті, ақшам және жашыйық намаздары). Әрі таң намазын оқы. Күдіксіз таң намазына періштелер де қатынасады.
Пайғамбарымыз (с.а.у.):
عن أبي هريرة رضي الله عنه قال: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم : إن أثقل الصلاة على المنافقين العشاء والفجر، ولو يعلمون ما فيهما لأتوهما ولو حبواً
Әбу Һурайра (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Мұнафықтарға ең ауыр намаз – құптан мен таң намазы. Егер бұл екі намазда қандай сауап барлығын білгенде еді, еңбектеп болса да келер еді», — деген.
Таң намазы – шын мұсылманның сынағы. Себебі бұл намаз нәпсіге ең ауыр, бірақ рухқа ең пайдалы уақытқа оқылады . Бұл – адамның шынайы сенімімен тақуалығының көрінісі.
ІІ. Таң намазына тұра алмаудың себептері
1. Адамның имани тұрғыдан әлсіз болуы және нәпсіге ерік беру.
Таң намазына тұра алмай үнемі қазаға жіберудің басты себептерінің бір – адамның имани тұрғыдан әлсіздігі. Иман жүректе терең орныққанда, Жаратушы парыз еткен таң намазына тұру адамға ауыр болмайды. Пайғамбарымыз: «Кімде-кім құптанды жамағатпен оқыса, түннің жартысын намазбен өткізгендей болады, ал таң намазын оқыса – түні бойы намазда тұрғандай сауап алады» деген (Мүслім).
Бұл сауапты білсек те, күнделікті естіп жүрсек те таң намазын оқуға тұра алмау – біздегі иман мен амал арасындағы байланыс әлсіздігін көрсетеді.
2. Ұйқы режимінің бұзылуы
Кеш ұйықтау, гаджетпен түнде ұзақ отыру, теледидар мен әлеуметтік желіде түнгі уақытын өткізу – адамның табиғи ұйқы жүйесін бұзады. Бұл физиологиялық себеп — таң намазына уақытында тұрудың ең үлкен кедергілерінің бірі.
3. Тән мен рухтың тепе-теңдігі жоқтығы
Дене мен рух — бір-бірін толықтырушы заттар. Дене шаршасада , бірақ рух қуатты болса — адам таң намазына ояна алады. Керісінше, тән демалыста , рух әлсіз болса — кедергілерді жеңіп намазға тұру қиынға соғад. Демек, таң намазы – рухтың үстемдігін талап ететін құлшылық.
4. Мотивация мен мақсаттың жоқтығы
Кей адамдардың түсінігінде таң намазы «міндет» іспетті . Ал оны «Алламен сырласу», «Жәннатқа жақындататын мүмкіндік», «Нәпсіні тәрбиелеу» деп түсінсе – ішкі мотивациясы артады. Құлшылық тек амал емес – сана мен жүректің серпілісі.
5. Айналамыздың әсері
«Адам адамнан тәлім алады, ағаш ағаштан мәуе алады» дегендей Адам кіммен араласса, соның әдеті жұғады. Таң намазына мән бермейтін ортада жүрген адам үшін таң намазына уақытында тұру әдеті қалыптасуы қиынырақ. «Жақсы дос – әтір сатушы, жаман дос – темір соғушы» деген хадис осыны растайды.
ІІІ. Таң намазына тұру үшін рухани және практикалық қадамдар
1. Иман мен ықыласты күшейту.
Таң намазын «міндетті, мәжбүрлі іс» деп емес, «Алламен кездесу» деп түсінсек, жүрек сергек болады. Ғұламаларымыз «Кім Алланы сүйсе, Оның шақыруын естісімен бірден жауап береді» деген.
2. Түнгі режимді өзгерту
Құптаннан кейін қажетсіз істермен айналыспау;
Телефон, гаджеттерді белгілі бір уақытта өшіру;
Ерте жатуға дағдылану;
Ұйқы алдында ниет етіп, намаз уақытында оянуға талпыну.
3. Күнделікті дұға тілектер
«Я, Алла! Таң намазына тұруды мен үшін жеңіл ет!» — деген деген сияқты тілектерді шынайы ниетпен үнемі айту.
ҰйықтарФа алдын кешкі арнайы оқылатын зікірлерді ,фатиха, Аятул курси сияқты Құран аяттарын оқу арқылы жүрек тыныштығы мен рухани қорғанысты арттыру.
4. Оятқыш емес, мақсат оятсын
Тек сағат қана емес, жүрек мақсатпен оянуы тиіс. Мақсаты – Алланың разылығы, Жәннатқа жетелейтін қадам деп білсе, ұйқыдан тұру жеңілдейді.
5. Араласатын ортамызды өзгерту
Таң намазын бағалайтын адамдармен жиі араласу;
Отбасында рухани серпіліс қалыптастыру;
Намаз оқуға мотивация беретін кітаптар, дәрістер тыңдау.
Таң намазы – нәпсіге ауыр, бірақ сауабы мол, рухқа жеңіл құлшылық. Оған уақытында тұру – ерлік, ал оны тұрақты түрде өмірімізге енгізу – тақуалық. Кедергі – сырттан емес, көбінесе өз ішімізден . Адам өзгеруге ниеттенсе, Алла Тағала жеңілдігін береді.
Кейбіріміздегі таң намазына немқұрайлы қарау – имани тұрғыдан әлсіреудің көрінісі. Ал оны қайта жандандыру – бір бірімізге рухани тұрғыдан көмек қолымызды созу арқылы жүзеге асады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Асқар Әкімхан Құран Кәрім аудармасы
2. Сахих әл-Бұхари, Сахих Мүслім
3. Имам Ғазали, «Ихия улум әд-дин»
4. Ибн Ражаб әл-Ханбали, «Латаифул-мағариф»
5. ҚМДБ «Намаз және рухани тәрбие» еңбектері
6. Қазіргі діни психология және уақытты басқару әдебиеттері
Жүсіп Шұғайұлы
Қарағанды облыстық «Әнет баба » мешітінің ұстазы