Адамзат жаратылысы – Ұлы Жаратушының теңдессіз хикметі. Қасиетті Құран Кәрімде: «Расында, Біз адамды ең көркем бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят) деп баяндалады. Бұл аят адам баласының жаратылыстағы орны мен артықшылығын айқындайды.
Адам тек тәннен ғана құралмаған, оның шынайы болмысын айқындайтын – сана мен рух. Сана – адамның ақылымен, жүрек көзімен қабылдайтын құндылықтарының жиынтығы. Ал рух – Жаратушыдан келген ерекше аманат. Осы екеуі үйлескенде адамзаттың нағыз тұлғалық келбеті қалыптасады.
Сананың мәні
Сана – адамның жақсы мен жаманды, ақиқат пен жалғанды, адал мен арамды ажыратуына мүмкіндік беретін қабілет. Сана арқылы адам жауапкершілікті сезінеді, ізгілікке ұмтылады. Егер сана Алланы еске алумен, іліммен, ізгі амалмен толығып отырмаса, ол әлсірейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адамдардың ең жақсылары – адамдарға пайдалы болғандары» (Табарани) деп сана мен жүректің дұрыс бағыттағы жемісін айқындаған.
Сана мен рухтың байланысы
Адам бойындағы сана – рухани дүниенің айнасы. Рухсыз сана – тек дүниелік ойларға байланады, ал рухани сана – адамды имандылыққа жетелейді. Сондықтан сана тәрбиесі – имани тәрбиемен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда діни білімнің орны ерекше. Мешіттерде ұйымдастырылатын дәрістер, уағыздар – жамағаттың санасын оятып, жүректерін имандылыққа жақындатады.
Қазіргі қоғамдағы сана тәрбиесі
Бүгінгі ақпараттық заманда адам санасына түрлі ықпал етуші факторлар көбейді. Жастардың ой-санасын теріс ағымдардан, жағымсыз ақпараттардан сақтау – дін қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Сана тәрбиесі дұрыс жолға қойылса, қоғамда мейірім, әділет, жауапкершілік сияқты құндылықтар артады.
Қорытынды
Адамның болмысы – оның санасында. Санасы ояу, рухы биік адам – қоғамның тірегі. Сондықтан әрбір мұсылман өз санасын іліммен, құран оқуымен, ізгі амалдармен көркейтуге тиіс. Бұл – Алланың алдындағы, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік.
Жаратқан Иеміз бәріміздің санамызды иманмен нұрландырып, жүрегімізді хақиқатқа байласын!
ҚМДБ-ның Қарағанды қалалық «Хазрет Али» мешіті
имамы Ербол Мұқанұлы