Әділет – адамзат қоғамының ең басты құндылықтарының бірі. Әділетсіздік үстемдік еткен жерде тұрақтылық болмайды, адамдар арасындағы сенім жоғалады. Сондықтан да Құран Кәрімде:
«Шын мәнінде, Алла әділеттілікті, игілікті және туысқандықты сақтауды бұйырады» («Нахыл» сүресі, 90-аят), – деп бұйырылған.
Ислам өркениетінде әлеуметтік әділетті орнатудың түрлі жолдары қалыптасты. Соның ішінде уақып(вақф) – қоғамдағы теңдікті сақтап, әлсіз жандарды қолдауға арналған тұрақты тетік ретінде ерекше орын алды.
Уақып ұғымы және шариғаттағы орны
Уақып сөзі араб тіліндегі «вақф» етістігінен шығып, «тоқтату, белгілі бір мақсатқа бекіту» дегенді білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы – белгілі бір мүлікті немесе қаржыны Алла разылығы үшін қайырымдылық жолында арнау, оны сатуға, мұраға қалдыруға болмайтын етіп, тек қоғам игілігіне пайдалану.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) уақыптыамалдардың ішінде ең сауапты, әрі үзілмейтін садақаға теңеген. Хадисте:
«Адам баласы дүниеден өткен соң үш нәрседен басқа барлық ісі тоқтайды: садақа жария (уақып), пайдалы ілімі, дұға қылатын салихалы ұрпағы» (Муслим, Уасия, 14), – делінген.
Бұл хадис уақыптың адам өмірінен кейін де қоғамға пайда әкеліп, иесіне мәңгілік сауап жаздыратынын көрсетеді.
Әлеуметтік әділет және уақыптың маңызы
Әлеуметтік әділет – қоғам мүшелерінің теңдігін сақтап, бай мен кедей арасындағы алшақтықты азайту. Исламда әлеуметтік әділет – тек құқықтық ұстаным ғана емес, діни-имани міндет.Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Көршісі аш болып жатқанда өзі тоқ болған бізден емес» (Табарани), – деп ескерткен. Бұл сөз мұсылман қоғамындағы өзара жауапкершілікті айқындайды.
Уақып – осы жауапкершілікті жүйелі түрде жүзеге асыратын тетік. Байлар мен дәулетті адамдардың мүлкінен уақып жасау арқылы мұқтаж жандардың қажетін өтеу қоғамдағы әділетсіздікті азайтады, теңдікті орнатады.
Тарихтағы уақып дәстүрі
Ислам тарихында уақып мәдениеті ғылым-білімнің, мәдениет пен өркениеттің дамуына орасан үлес қосты.
Уақып арқылы мешіттер, медреселер, кітапханалар, ауруханалар, керуен-сарайлар салынды. Ғалымдар мен студенттерге шәкіртақы беріліп, ғылымға демеу жасалды. Жолаушыларға тегін қонақ үй, жол бойына көпір, құдық, бау-бақша салу секілді істер уақып арқылы жүзеге асты.
Қазақ даласында да уақып дәстүрі кең тарады. Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, XIX ғасырдың соңына дейін Орта Азия мен Қазақстан аумағында көптеген мешіт-медреселер уақыпесебінен жұмыс істеген. Ауқатты қазақ байлары жерін, малын мешіт пен мектепке арнап, халық игілігіне қалдырған. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанындағы уақыптық жүйе соның айқын мысалы. Бұл тәжірибе уақыптың қоғамдағы әлеуметтік әділетті орнатудағы тарихи рөлін дәлелдейді.
Қазіргі қоғамдағы уақыптың рөлі
Заманауи қоғамда уақып институты жаңа сипат алып отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған «Уақып қоры» осы игі дәстүрді жаңғыртуда. Қордың жұмыстары мыналарды қамтиды:
-әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету,
-жетім балаларға қолдау білдіру,
-дарынды шәкірттерге шәкіртақы тағайындау,
-науқас жандардың еміне қаржылай жәрдем,
-мешіт пен медреселердің қызметін дамыту.
Бұдан бөлек, әлемдік тәжірибеде де уақыптыңзаманауи үлгілері бар. Мәселен, Түркия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктерінде уақып қорлары білім, денсаулық, мәдениет, инфрақұрылым салаларын қолдап келеді. Бұл елдерде уақып тек діни емес, мемлекеттік маңызы бар әлеуметтік институт ретінде қызмет атқарады.
Насихаттық түйін
Бүгінгі мұсылман қауымына уақыптың мәнін қайта жаңғырту қажет. Себебі уақып – үзілмейтін сауаптың бастауы, қоғамдағы әділеттің тірегі.
Адам дүниеден озғаннан кейін артында қалған мал-мүлкі ізгі жолға жұмсалмаса, оның пайдасы жоқ. Ал егер ол уақыпқа арнаса – мешіттен шыққан әрбір дұға, медреседен шыққан әрбір ғалым, құдықтан ішілген әрбір тамшы су – иесіне садақаның сауабын жеткізе береді. Алла Елшісінің (с.а.с.) сахабаларының бірі Омар ибн әл-Хаттаб(р.а.) сүйікті жерін уақыпқа қалдырғанда: «Бұл – садақа жария болсын, оның жемісі мұқтаждарға арналсын» – деген өсиет қалдырған. Бұл – уақыптың мәңгілік аманат екенін айқын көрсетеді.
Қорытынды
Уақып – Ислам өркениетінің әлеуметтік әділетті орнатудағы ең пәрменді институты. Ол қоғамдағы теңсіздікті азайтып, білім мен мәдениетті өркендетіп, мұқтаждарға жүйелі қолдау көрсетеді.
Қазақ даласында қалыптасқан уақып дәстүрін жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Бұл дәстүрді сақтау арқылы біз Алланың разылығына бөленіп қана қоймай, қоғамдағы әділеттілік пен тұрақтылықты нығайта аламыз.
Алла Тағала баршамыздың амалдарымызды қабыл етіп, уақып арқылы әділет пен қайырымдылықтың орнауына себепші болуды нәсіп етсін!
Мәулен Әбілхайыр Кәсенұлы,
Қарағанды облысы Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің имамы