ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының жылдық жоспарына сай «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешіті ұстаздарының ұйымдастыруымер «Жақсы келін – ырысым» атты келіндер сайысы өтті.
Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешітінің ұстаздары Бақытгүл Айтқалиқызы мен Гүлнұр Қаныбекқызының ұйымдастыруымен өткен шараның басты мақсаты – дін мен дәстүрді ұштастырып, ибалы, инабатты, өнерлі қазақ келіндерінің өнегесін көпшілікке үлгі ету.
Байқауға Қарағанды облыстық «Әнет баба», Қарағанды қалалық «Әл Машани», Қарағанды қалалық «Бала қажы», Қарағанды қалалық «Әл Ғаффар» және Теміртау қалалық «Жақып Ақбай» мешіттерінің атынан келіндер қатысып, өзара өнері мен білімін ортаға салды.
Бәйгеде келіндер төмендегі кезеңдер бойынша өнер көрсетті:
1. Таныстыру кезеңі
Қатысушылар өзін таныстыру барысында өмір жолы, отбасы, келіндік қызметіндегі тәжірибелері туралы қысқаша мәлімет беріп, өздерінің ерекше қырларын паш етті.
Әр келіннің сөйлеу мәнері, өзін-өзі ұстауы, ұлттық болмысты жеткізу деңгейі әділ қазылар тарапынан жоғары бағаланды.
2. Құран оқу
Бұл бөлімде келіндер Құран кәрімнен өздері білетін сүрелерді мәнерлеп, жүрек тебірентер әсем дауысымен оқыды.
Діни білім деңгейі, тәжуид ережелерін сақтауы және дауыс әуезділігі ерекше назарға алынды.
3. «Дін мен дәстүр» сұрақ-жауап
Қазақы салт-дәстүрдің діндегі орны туралы сұрақтарға жауап беру арқылы қатысушылар діни сауаттылығы мен ұлттық мұраға деген құрметін көрсетті.
4. Үй тапсырмасы – ұлттық дастархан әзірлеу
Келіндер үй жағдайында ұлттық дастархан жайып, бауырсақ ашыту, пісіру және безендіру жұмыстарын видео форматында таныстырды.
Әр қатысушы ұлттық тағамды дайындау әдісімен қатар, дастарханның сәнін келтіріп, қазақы қонақжайлық мәдениетін көрнекі түрде көрсетті.
Бұл кезең келіндердің асханалық шеберлігін толық танытты.
5. «Ана» бейнесін ашу
Келіндер қойылым арқылы «Ана» тұлғасының мейірімін, даналығын, отбасыдағы орнын көркем түрде жеткізді. Бірі сахналық көрініс қойса, енді бірі поэзиямен, әсерлі монологпен ана жүрегінің жылуын танытты.
6. Өнер көрсету кезеңі
Қатысушылар ән шырқап, ұлттық және заманауи билер билеп, жыр-дастандар оқып, өз өнерлерін жан-жақты көрсетті.
Көрерменге рухани, тәрбиелік, әрі ұлттық құндылықтарға бай әсер сыйлаған сайыс жоғары деңгейде өтіп, үздік өнер көрсеткен жеңімпаздар марапатталды.
Байқау қорытындысы бойынша:
I орын – Қайырғазықызы Айман (50 000 тг);
II орын – Диханбаева Ақниет (30 000 тг);
III орын – Қуандықова Гүлзада (20 000).
Қалған қатысушылар да өз еңбегі мен белсенділігі үшін ынталандыру сыйлықтарымен және 10 000 теңге көлеміндегі қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Шара соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, отбасының ынтымағы мен қоғамның берекесін арттыруда ибалы келіндердің рөлі зор екенін атап өтті.
Байқау дін мен дәстүрді ұштастыратын тәрбиелік маңызы жоғары игі іс-шара ретінде кеңінен бағаланды.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы