Қасиетті айдың атаулары
Алла Тағала «Тәуба» сүресінің 36-аятында: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін», – деген. Пайғамбарымыз (с.а.с) соңғы қоштасу қажылығында ташриқ күндерінің ортасында минада айтқан құтпасында осы айлар жөнінде: «Бір жылда он екі ай бар. Бұлардан төртеуі харам айлар, үшеуі қатар келген Зилқаьда, Зулхижжа және Мұхаррам төртіншісі Мүьдар қабиласының Режебі. Ол Жұмазиел ахир мен Шағбан айлары арасындағы ай», – деді. (Имам Бұхари).
Пайғамбарымыз (с.а.с) ережеп айына екі түрлі атты қолданған. Соның бірі – Муьдар: Муьдар қабиласының бұл айға көрсеткен құрметі үшін атаған. Пайғамбарымыз (с.а.с) оның уақытын Жұмазил Ахир мен Шағбан айларының арасы деп белгілеген. Жыл мен айды есептеуде адамдардың қателік жасауына жол бермеу үшін осылай айтқан. Ережеп айы келген кезде найзалар төмен түсіп, соғыстар тоқтатылып, қылыштар қынына салынып, бір белгілі уақыт арасында тату-тәтті өмір сүретін.
Ибн Әнбари: «Бірде арабтар бір-бірлерімен соғысып жатқан кезде ережеп айы келді. Ережеп айы туған мезет қылыш, найзаларын тастап, ұрыс майданынан кетер еді. Сол уақыттан бастап, не қылыштың, не найзаның дауысы естілмейтін. Егер біреу өзінің әкесін өлтірген адамды іздеп жүріп, осы айда оны жолықтырып қалса, қылмыскерді көрмегендей болып өте шығатын», – дейді. Ережеп айына басқа да есімдер берілген. Бұлардан кейбіреуі мыналар: Шаһри-Муьдар, Шаһруллаһил Асмам, Мунсилул Әсинна, Шаһрул Мутаһһар, Шаһри Сәбиқ, Ферд, Шаһруллаһил Асааб.
Ережеп айында ораза ұстаудың артықшылығы
Абдулла бин Зубайыр (р.а) былай дейді: «Бір кісі «шаһриллаһи Асаам», яғни ережеп айында бір кісінің мұқтаждығын өтесе, Алла Тағала қиямет күні оған Фердауси жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі ара-қашықтықта сарай тұрғызып береді. Есіңізде болсын, бұл айда Алла Тағаланың сый-құрметіне лайық болуды қаласаңыз, өзгеге сый-құрмет жасап, икрам етіңіздер», – деген.
Қасиетті түндер
Осы айда ерекше атап өтетін мүбарак екі түн бар. Бұлардың бірі – Рағайып түні болса, енді бірі – Миғраж түні. Миғраж сөзінің тілдік мағынасы – «көтерілу, биікке шығу, рухани дәреженің шыңына биіктеу». Бұл Екі дүние Сұлтанының (с.а.с) Алла Тағаланың шексіз құдіретін тамашалап, Оның құзырына көтерілген киелі сапары. Әлем Патшасы Жаратушының рұқсатымен болған таңғажайып кездесу. Бұл түн мұсылман мемлекеттерінде және елімізде де ерекше аталып өтіледі. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тари-хында ерекше назар аударатын осы бір түн Жаратушының пай-ғамбарымызға (с.а.с) берген сыйы. Бір түн ішінде Алла тағала сүйікті пендесі, адамзаттың ардақтысы Мұхаммедті (с.а.с) Меккеден Құддысқа, Құддыстан көкке, одан кейін ешбір періштенің жете алмаған мақамдарына көтерген. Осы бүгінгі біз баяндап отырған «Миғраж», «Исра» уақиғасы – пайғамбарымыздың (с.а.с) ең үлкен мұғжизалары. Хижреттен бір жыл бұрынғы бір түнде пайғамбарымыз (с.а.с.) Меккедегі Харам мешітінен Құддыстағы әл-Ақса мешітіне барды. Осы аралықтағы сапарға Исра есімі беріліп, бұл жайында Құранда: «Құлын (Мұхаммедті) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбарак қылған Ақса мешітіне апарған Алла тағала әртүрлі кемшіліктен пәк. Шексіз Ол естуші, білуші», – дейді «Исра» сүресінің алғашқы аятында.
Миғраж оқиғасын біз хазреті пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис-терінен оқып үйренеміз. Оның (с.ғ.с) Жәбірейілмен (ғ.с) болған жолаушы сапарында көкке кө-терілу сәтінде өзіне дейінгі пайғамбарлармен дидарласқаны турасында хадистерде кеңінен түсіндірілген.
Мысырлық Зүннуни былай дейді: «Ережеп айы – дәнді егу айы. Шағбан айы – егінді суғару айы, ал Рамазан айы – егінді ору, қырман айы. Егілген егіннің жеміс бергені секілді, әрбір жақсы істің нәтижесі де болады». Сол себепті, бұл айда ораза тұтып, көбірек намаз оқып, рухани амал жасау керек. Осы айдың құрметі үшін біздер де арамыздағы дұшпандық, алауыздықтан арылып, кешірімді болуға тырысуымыз қажет. Өйткені, бұл – Шаһруллаһ, яғни Алла Тағаланың айы болған ережеп айы. Қайыр-ихсан, садақа жасап, мұқтаждардың қажетін өтеп, көмектесіп, Алла Тағаланың сый, құрметіне лайық болуға тырысайық.
Қарағанды қалалық "Хазірет Али" мешітінің имамы Ербол Мұқанұлы
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы