Мұсылман адамның бойында болуы
керек асыл қасиеттің бірі – адалдық. Алла Тағала қасиетті Құранда:
كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ
وَاعْمَلُوا صَالِحًا
«Таза нәрселерден жеңдер және ізгі
іс істеңдер», – деп, мұсылман адамның жейтін
асы адал, атқаратын ісі де ізгі болуы керектігін бұйырған («Муминун» сүресі,
51-аят).
Адам баласы адалдықты өмірінің
өзгермес қағидасы ету арқылы Алла Тағаланың разылығына кенеледі. Өйткені
адалдық тек қана асқа, ішіп-жеуде, не кәсіп жасауда ғана қолданылатын сипат
емес. Қазақ халқында адал жан, адал дос, адал ас, адал жар, адал перзент сынды
т.б. адал сөзімен байланысты ұғымдар өте көп. Бұдан адалдық мұсылманның әрбір
ісінде қажет екенін аңғарамыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылды
«Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялады. Бұл бастаманың басты мақсаты –
қоғамда әділдік пен адалдық құндылықтарын орнықтыру, алаяқтық пен
пайдакүнемдікке тосқауыл қою және жас ұрпақты ар-ұят іліміне тәрбиелеу. «Адал
қоғам» тұжырымдамасы әрбір азаматты сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қарауға
үндейді. Адал қоғам – ең алдымен әрбір отбасыдан басталатын рухани құндылық.
Алла Тағала адам баласына аманат
етіп берген ең асыл қасиеттердің бірі – адалдық. Ол – жан тазалығы, сөз бен
істің бірлігі және әрбір әрекеттің Жаратушы алдында жауапты екенін сезіну.
Мұсылманның имандылығы мен шынайы келбеті оның адалдығымен өлшенеді. Ардақты
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлықтан
бұрын-ақ «Әл-Әмин» – сенімді, адал деген атқа ие болғаны соның айқын дәлелі.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Саған
аманат тапсырғанның аманатын орында. Саған қиянат жасағанға сен қиянат жасама» деген
хадисі адалдықтың өмірлік қағида екенін көрсетеді.
Адалдық – тек шындықты айту емес,
ол – жүрек пен әрекеттің үйлесімі. Хакім Абайдың қайрат, ақыл мен жүрек
бірлігін дәріптеуі де осы ұстаныммен сабақтас. Ең әуелі адам Аллаға адал болуы
тиіс. Бұл – құлшылықта ықыласты болу, риядан сақтану және әрбір істі тек
Жаратушы разылығы үшін атқару.
Имам Ғазали айтқандай, амалдың
қабыл болуы – ықыласқа байланысты. Ал рия – жасалған игі істің сауабын жоятын
қауіпті дерт. Құлшылық пен қайырымдылық мақтан үшін емес, шынайы ниетпен
орындалғанда ғана адал болады.
Шәкәрімнің «Адамдық борышың
– халқыңа еңбек қыл, ар сақта» деген өсиеті адал мұсылманның негізгі
бағдарын айқындайды. Халқына адал қызмет ету, ақ жолдан таймау және арды сақтау
– иманның көрінісі. Ар сақтау – Алланың әрдайым көріп тұрғанын ұмытпай өмір
сүру.
Адалдық адамның табысынан, асынан,
сөзінен және рухани болмысынан көрінеді. Адал кәсіп – берекенің кілті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адал саудагерді қиямет күні пайғамбарлармен,
шыншылдармен бірге болатынын сүйіншілеген. Адал ас – тән мен жанның тазалығы,
ал адал сөз – адамға деген сенімді арттырады.
Руханият адалдығы – жалғыз кезде
де, көпшілік алдында да бірдей болу. Іші мен сырты бір адам ғана шынайы
адалдыққа жетеді.
Адалдық – тек жеке адамның емес,
тұтас қоғамның іргетасы. Сенім жоғалған жерде бірлік те, береке де болмайды.
Егер әр маман өз ісіне, әр басшы аманатқа, әр азамат қоғам алдындағы борышына
адал болса, мемлекет те нығаяды.
Адал қоғам – бақылаумен емес,
ар-ұятпен қалыптасады. Әр адам өз ісін Алланың алдындағы аманат деп
қабылдағанда ғана шынайы әділ әрі берекелі қоғам құра аламыз.
Қарағанды қалалық
«Қазыбек би» мешітінің имамы Асылхан Нұртайұлы
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы