Кіріспе
Отбасы – адамзат тарихындағы ең
көне әрі тұрақты әлеуметтік институттардың бірі. Оның негізінде махаббат,
сыйластық, жауапкершілік және ұрпақ жалғастығы жатыр. Ислам діні отбасыны
қоғамның іргетасы ретінде қарастырып, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген
құрметін, ата-анаға қызмет пен ізет көрсетуді, балаларды дұрыс тәрбиелеуді
негізгі міндеттердің бірі етіп белгілейді. Қазақ халқының ұлттық дәстүрінде де
отбасы – елдің тұтастығын, береке-бірлігін сақтайтын басты құндылық ретінде
бағаланған. Ұрпақ тәрбиесі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – қазақы
дүниетанымның өзегіне айналған қағидалар. Осы тұрғыдан алғанда, ислам
қағидаттары мен ұлттық дәстүрдің үйлесімді сабақтастығы айқын байқалады.
Негізгі бөлім
Құрандағы отбасыға қатысты
тағылымдар
Қасиетті Құранда отбасы
институтының рухани негіздері айқын көрсетілген. Алла Тағала былай дейді:
﴿وَمِنْ
آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِتَسْكُنُوا إِلَيْهَا
وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً﴾
«Оның белгілерінің бірі – сендерге
өздеріңнен жұбай жаратқаны. Олар арқылы тыныштық табасыңдар. Сондай-ақ
араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салды»
(Рум сүресі, 30:21).
Аталған аят отбасының тек
әлеуметтік құрылым ғана емес, рухани үйлесім мен жан тыныштығының қайнар көзі
екенін білдіреді. Ерлі-зайыптылар арасындағы мухаббат (сүйіспеншілік) пен рахма
(мейірім) – берекелі отбасының негізі. Қазақ халқының «Отан – отбасынан
басталады» деген нақылы да осы тұжырыммен үндеседі.
Сондай-ақ ата-анаға құрмет мәселесі
Құранда ерекше атап көрсетілген:
﴿وَقَضَىٰ
رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا﴾
«Раббың тек Өзіне ғана құлшылық
етуді және ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды»
(Исра сүресі, 17:23).
Бұл аят отбасындағы иерархиялық
құрмет пен жауапкершілік қағидаларын бекітеді.
Хадистердегі отбасы өнегесі
Исламдағы отбасы құндылықтары
Мұхаммед ﷺ сүннетінде нақты көрініс тапқан.
Пайғамбар ﷺ:
«خيركم خيركم
لأهله، وأنا خيركم لأهلي»
«Сендердің ең жақсыларың – отбасыңа
ең жақсы болғандарың»
(Тирмизи).
Бұл хадис ер адамның отбасы
алдындағы жауапкершілігін, ізгі мінез бен көркем қарым-қатынастың маңызын
айқындайды.
Сонымен қатар ананың мәртебесі
туралы хадисте:
«الجنة تحت
أقدام الأمهات»
«Жәннат аналардың табанының
астында»
(Нәсәи)
Деп, анаға құрмет көрсету иманның
белгісі екені көрсетілген. Қазақ халқының анаға қатысты тағылымды сөздері де
осы түсінікпен толық сәйкес келеді.
Дәстүр мен діннің үндестігі
Қазақ дүниетанымында отбасы –
тәрбие бесігі. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақал ұрпақ тәрбиесінің
отбасынан басталатынын білдіреді. Исламда да баланы ізгілікке тәрбиелеу –
ата-ананың аманаты. Пайғамбар ﷺ:
«ما نحل والد
ولده أفضل من أدب حسن»
«Әкенің балаға берген ең жақсы сыйы
– жақсы тәрбие»
(Тирмизи)
Деп, тәрбиенің рухани маңызын атап өткен.
Сондай-ақ қазақ дәстүріндегі «Ерді
– ер еткен әйел, елді – ел еткен ер» деген тұжырым отбасындағы өзара сыйластық
пен жауапкершілік қағидаларын айқындайды. Бұл қағида исламдағы өзара кеңесу
(шура), әділет және сыйластық принциптерімен үйлеседі.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, ислам дініндегі
отбасы құндылықтары мен қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы өзара тығыз
байланыста дамыған. Құран аяттары мен хадистерде бекітілген қағидаттар ұлттық
тәрбиелік ұстанымдармен сабақтасып, берекелі шаңырақ пен тұрақты қоғам
қалыптастырудың негізін құрайды.
Отбасы – имандылықтың мектебі,
адамгершіліктің тірегі, қоғам тұрақтылығының кепілі. Сондықтан отбасы
құндылықтарын сақтау – рухани жаңғырудың маңызды шарты болып табылады.
Қарағанды қалалық «Ар-Рахман» мешітінің имамы
Азамат Төлеуханұлы
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы