Рамазан – мұсылман үмметіне берілген
ең ұлы мүмкіндік, рухани жаңғырудың теңдессіз мезгілі. Бұл ай - тек ашығу мен
шөлдеуден тұратын уақыт емес, ең әуелі жүректі тәрбиелейтін, нәпсіні
тізгіндейтін, рухты тазартып, Аллаға жақындататын мектеп. Алла Қасиетті
Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей
сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім тақуалыққа жетерсіңдер» («Бақара» сүресі, 183-аят) — деп бұйырған.
Демек,
Рамазанның түпкі мақсаты – аштық емес, тақуалық. Ал тақуалық – Алланы әр сәтте
көріп тұрғанын сезініп өмір сүру, әр ісіңе жауапкершілікпен қарау. Ендеше,
Рамазанда мұсылман адам қандай амалдарға ерекше көңіл бөлуі керек?
1. Ниетті
түзету және шынайы тәубе
Рамазанға қадам басар сәтте ең алдымен ниетті түзету қажет. Пайғамбарымыз
Мұхаммед (с.ғ.с.): «Амалдар ниетке байланысты. Әр адамға ниет еткеніне қарай
беріледі» (Бухари, Муслим) – деп ескерткен. Сондықтан ораза да, өзге
құлшылықтар да тек Алланың разылығы үшін орындалуы тиіс.
Тарихта Ухуд соғысында ерекше қайсарлық танытқан Кузман есімді адам жайлы
ғибратты оқиға бар. Ол кәпірлерге қарсы шайқаста өте батыл соғысады. Сахабалар
оның ерлігіне таң қалып: «Егер осы соғыста қаза тапса, шаһид болып, жәннатқа
кірер» - дейді. Бірақ Алла Елшісі (с.ғ.с.) оның тозақтық екенін жеткізген. Себебі,
Кузманның негізгі мақсаты Алла разылығы үшін емес, «Ел мені қорқақ демесін,
өзімді көрсетейін» деген ниетпен шыққанын баяндаған. Яғни сырт көз үшін, абырой
мен атақ үшін күрескен. Бұл оқиға ниеттің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Амал
үлкен болуы мүмкін, бірақ ниет дұрыс болмаса – құнсыз. Ораза да солай. Егер
адам «ел не ейді», «ұят келеді», «бәрі ұстап жатыр» деген себеппен ұстаса
рияшылдыққа жақындайды. Сондықтан Рамазанға дайындық ең алдымен ниетті
түзетуден басталуы керек.
2. Ораза –
барлық дене мүшелерінің құлшылығы
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім жалған сөз бен жаман әрекетті тастамаса,
Алла Тағала оның ішіп-жемей жүргеніне мұқтаж емес» (Бухари) – деген. Шынайы
ораза:
– тілді ғайбат
пен өтірік, өсек пен бос сөзден,
– көзді харам
нәрселерге қараудан,
– құлақты жаман
сөзден,
– жүректі кек пен көреалмаушылықтан сақтауды талап етеді.
Ораза – жай ғана ішіп-жеуден тыйылу емес, өзіңді түзеуді үйреніп, дүниелік
ойлардан арылып, жүректі толық Аллаға бұру. Себебі, аштық нәпсіні әлсіретеді.
Әлсіреген нәпсіге жүрек үстемдік етеді. Ал жүрек тірілсе - адам өзгеріп, күнәдан
алыстап, Аллаға жақындай түседі.
3. Құранмен
байланысты күшейту
Рамазан – Құран айы. Ол туралы Қасиетті Құранда: «Рамазан
айы – адамдарға тура жол көрсететін, тура жол мен ақиқаттың айқын дәлелдері
болған Құран түсірілген ай» (Бақара сүресі, 185-аят) – деп баяндалған.
Сондықтан бұл айда Құранды көп оқу, мағынасына
үңілу және өмірге енгізуге ұмтылу, осылайша Құранмен қарым-қатынасты ерекше
күшейту – ең абзал амалдардың бірі. Құран оқылған үйге тыныштық орнайды. Құран оқылған жүрек жұмсарады.
4. Намазға
ерекше жауапкершілікпен қарау
Намаз – діннің тірегі. Рамазан айында парыз намаздарға ерекше мән беріп,
тарауық намазын ықыласпен оқу – иманды күшейтеді. Әрі намаз адамды тәртіпке
үйретеді. Таңнан кешке дейін Алланы еске алған адам күнәдан алыстайды. Пайғамбарымыз
(с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазанда иманмен және сауабын Алладан үміт етіп түнгі
намазға тұрса, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бухари, Муслим) – деген. Сол
себепті, тарауық — қосымша ауыртпалық емес, рухани сауаптың есігі болып саналады.
Әлбетте, мүмкіндігінше тарауих намазын имаммен бірге толық оқыған абзал. Сонда
түнге құлшылық еткендер қатарынан жазылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім
имам намазын бітіргенше бірге оқыса, түнде құлшылық етті деп жазылады» (Сунан
кітаптары) – деген.
5. Дұға мен
истиғфар – жүрек шипасы
Рамазан – дұғалар қабыл болатын ай. Әсіресе ауызашар сәтіндегі дұғаның орны
бөлек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза тұтушының ауызашар кезіндегі дұғасы
қайтарылмайды» (Ибн Мәжа) – деп сүйіншілеген. Әсіресе тағдырлар жазылып,
күнәлар кешірілуіне себеп болатын қадыр
түні зая кеткен уақыттың орнын толтыруға үлкен мүмкіндік болып табылады. Мың
айдан да қайырлы бұл түнді намазбен, дұғамен, құран оқумен, тәубемен өткізу –
үлкен нығмет.
Көп истиғфар айту жүректегі ауырлықты кетіріп, рухани жеңілдік сыйлайды. Өйткені,
истиғфар — тек күнәнің кешірілуін сұрау емес, жүректегі ауырлықты түсіру.
Әлбетте, бұл ай бізді Аллаға жақындату үшін, жүректі оятып, адамдықты еске
салу үшін келеді. Кім Рамазанды шынайы өткізсе — бір ай емес, бүкіл өміріне
азық жинайды. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде қасиетті рамазан
айында ауыз бекіткендерді сүйіншілеп, былай деген: «Негізінде Адам баласының
әрбір амалына оннан жеті жүз есеге дейін сауап беріледі. Ал Рамазан айында Алла
Тағала: «Тек ораза олай емес, оның қарымын Мен беремін. Пенде рақатын, тамағы мен
сусынын Мен үшін тәрк етті» (Бухари, Муслим) - делінген. Ораза тұтушыға екі қуаныш бар.
Ауыз ашқандағы қуаныш және Раббысымен кездескендегі қуаныш. Ораза тұтқанның
аузынан шыққан иіс Алла құзырында миск қош иісінен де жақсырақ».
Алла Тағала қасиетті Рамазан айында ұстаған оразамызды қабыл етіп, баршамызды
Өзінің мейірімі мен кешіріміне бөлеп, сансыз сауаптарға кенелуімізді нәсіп
етсін!
Қалдарбеков Нұрболат Сейлханұлы
Балқаш қалалық мешітінің имамы
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы