ҚМДБ-ның Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай аудандық мешітінің ұйымдастыруымен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген Мәуліт айына орай тағылымды рухани кеш өтті.
Ізгі шара қасиетті Құран аяттарын оқумен бастау алды.
Рухани кешке ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы арнайы қатысты.
Облыс бас имамы алдымен жамағатқа ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің дұғай сәлемін жеткізіп, Мәуліт айының мұсылман қауымы үшін рухани маңызына тоқталды.
Кеш барысында Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Бауыржан Мейірбекұлы Мәуліт оқып, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арналған мадақтар айтылды.
Сондай-ақ жыр-термелер орындалып, көрермен назарына тағылымды қойылымдар ұсынылды.
Рухани кештің көркін айтыс өнері аша түсті. Кеш қонақтары белгілі айтыскер ақындар Дидар Қамиев пен Нұрмұхаммед Байсүгіров сөз додасына куә болды.
Бұдан бөлек, Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің ұстазы Жүсіп Шұғайұлы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен адамзатқа қалдырған асыл мұрасы жайында тағылымды насихат айтты.
Кеш барысында Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы аймақтық мешіттің дін жанашырларына алғыс хат табыстады.
Сонымен қатар, рухани кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына мұрындық болған Ақтоғай аудандық мешітінің имамы Еркін Әуелбекұлына ризашылығын жеткізді.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы