Ислам дінінде адам баласын игілік жасауға, мұқтажға жәрдем беруге, қоғамның дамуына үлес қосуға үндейтін сауапты амалдың бірі – уақып.
Уақып – адамның өзіне тиесілі дүние-мүлкін немесе қаражатын Алланың разылығы үшін белгілі бір игілікке арнап, оның пайдасын халыққа тигізуі. Бұл – ізгілік пен жомарттықтың, елге қызмет етудің жарқын көрінісі.
Уақыптың ерекшелігі – одан келетін пайда бір реттік көмекпен шектелмей, ұзақ уақыт бойы жалғасуында. Мәселен, мешіт салуға, білім беруге, шәкірттерге қолдау көрсетуге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек беруге, қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға жұмсалған қаражат талай жанның игілігіне айналуы мүмкін.
Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Сендер жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, игілікке жете алмайсыңдар» («Әли Имран» сүресі, 92-аят), – деп ескертеді.
Бұл аят бізге шын мәніндегі ізгіліктің адамға өзіне қымбат дүниесін Алланың разылығы үшін жұмсаумен байланысты екенін көрсетеді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде де адамның дүниеден өткеннен кейін сауабы жалғасатын амалдар баяндалады. Соның бірі – адамдарға пайдасы тиетін садақа.
Сондықтан уақып – дүниеден өткеннен кейін де сауабы жалғасатын ізгі амалдың маңызды түрі. Адам бұл дүниеден өтсе де, оның жасаған уақыбы арқылы мешітте құлшылық етіліп, білім алынып, мұқтаж жанға көмек көрсетіліп, талай игі іс атқарылса, оның сауабы да жалғаса береді.
Қазіргі таңда уақып мәдениетін дамыту – қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі. Уақып арқылы мешіттердің материалдық жағдайын жақсартуға, діни білім беру ісін дамытуға, әлеуметтік жобаларды қолдауға және қайырымдылық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік бар.
Әрбір мұсылман өз мүмкіндігіне қарай уақып жасауға ұмтылғаны абзал. Оның көлемі міндетті түрде үлкен болуы шарт емес. Ең бастысы – ниеттің таза болуы және жасалған көмектің адамдарға пайда әкелуі.
Уақып – байлықты көбейту ғана емес, бар нығметті ел игілігіне жарату. Бұл – бүгінгі ұрпаққа жасалған жақсылық қана емес, келешек ұрпаққа қалдырылған рухани мұра.
Сондықтан барша жамағатты Алланың разылығын көздеп, шамамыз келгенше қайырымдылық жасауға, уақып мәдениетін қалыптастыруға және қоғам игілігіне үлес қосуға шақырамын.
Жасаған әрбір игі амалымыз қабыл болып, берген садақамыз бен уақыбымыздың сауабы еселеніп, ел-жұртымызға береке әкелсін!
Алла Тағала баршамызға ізгі амал жасап, оның сауабын үздіксіз жалғастыратын қайырлы істер атқаруды нәсіп етсін!
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы