Абай аудандық мешітінде жамағат арасында қасиетті Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан рухани сайыс ұйымдастырылды.
Игі шараның басты мақсаты – жамағаттың Құран Кәрімге деген сүйіспеншілігін арттыру, қасиетті Кітапты жаттауға ынталандыру, Құран оқу мәдениетін қалыптастыру және қатысушылардың діни білімін жетілдіру.
Рухани сайыс екі бағыт бойынша өткізілді. Бірінші бағытта қатысушылар Бәләд сүресінен Нәс сүресіне дейінгі соңғы 25 сүрені жатқа оқудан бақ сынаса, екінші бағытта 30-парадан қалаған сүресін мәнерлеп оқып, өзара сынға түсті.
Жарыс барысында қатысушылар Құран Кәрімді оқу шеберліктерін, жаттау қабілеттерін және тәжуид ережелерін меңгеру деңгейлерін көрсетті.
Құранды жатқа оқу бағыты бойынша:
І орын – Фархатұлы Нуролла (Саран қаласы);
ІІ орын – Берік Әбдіразақ (Абай ауданы);
ІІІ орын – Әнуарұлы Ахметфатих (Үштөбе).
Құранды мәнерлеп оқу бағыты бойынша:
І орын – Жөкен Нұржан (Үштөбе);
ІІ орын – Мұхаммедәли Омар (Саран қаласы);
ІІІ орын – Нұрмұхаммед Мурсалиұлы (Топар).
Сайыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ жарысқа қатысқан барлық 25 қатысушыға Абай аудандық мешітінің бас имамы Асхат Қанайұлының атынан алғыс хаттар табысталды.
Тағылымды шара жамағаттың рухани бірлігін нығайтып, қасиетті Құранға деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды басқосу болды. Қатысушылар үшін бұл жарыс өз білімдерін шыңдап қана қоймай, Құран ілімі жолындағы ізденістерін жалғастыруға ерекше серпін берді.
Абай аудандық мешіті алдағы уақытта да жамағаттың діни сауаттылығын арттыруға, Құран Кәрімді үйрену мен жаттауды насихаттауға бағытталған рухани-ағартушылық шараларды жалғастыра бермек.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы