Center Image
IHSAN.KZ
ТЕМІРТАУ МЕШІТТЕРІНЕ БАҚЫЛАУ-БАСҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
ТЕМІРТАУ МЕШІТТЕРІНЕ БАҚЫЛАУ-БАСҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы Теміртау қаласына жасаған қызметтік сапары барысында аймақтағы мешіттерге бақылау-басқару жұмыстарын жүргізді.

Қызметтік сапар барысында Теміртау орталық «Әлихан Бөкейхан» мешітінің имамы Ақниет Сәлімбайұлы облыс бас имамына қаладағы діни ахуал, діни бағыттағы жұмыс жоспары, имамдардың қызметі, мешіттердегі тәлім-тәрбие бағытындағы шаралар жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ, соңғы айларда атқарылған игі істер мен жоспарланған бастамалар туралы баяндады.

Айта кетсек,  Теміртау қалалық «Жақып Ақбай» мешітіне газ құбыры жүргізіліп, мешіттің жылу жүйесі жаңартылды. Бұл жұмыс жамағат үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған.

Сонымен қатар, орталық «Әлихан Бөкейхан» мешітінің дәретханасы толықтай күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңартылды. Мешіт жанынан «Адал асхана» атты тамақтану орны ашылып, бүгінгі таңда аталған асхана ҚМДБ «Халал Даму» сертификатын алу бағытында құжаттық рәсімдерді бастағалы отыр.

Бас имам сапар барысында мешіттердің қысқы маусымға дайындығын, жылу жүйелерінің жұмысын, жамағатқа жасалған жағдайлар мен әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды да тексерді.

Сапар соңында облыс бас имамы Естай Айтуғанұлы Теміртау қаласының дін қызметкерлерінің жүйелі әрі қарқынды жұмысына оң бағасын беріп, алдағы уақытта да ел игілігіне бағытталған адал қызметті абыроймен жалғастыруға тілектестік білдірді.



Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz