Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Сабырлық
17 маусым, 2021 жыл 1226 Басып шығару нұсқасы

Адам бойындағы мінездің көркемдене түсуіне үлкен септігін тигізетін қасиеттің бірі – сабыр.  Сабырлылық таныта білу – өз-өзіңді тәрбиелеу, «менменсіген» нәпсіні құрықтау, бойдағы қайраттылықты нығайту.   Сабыр – иманды күшейтеді, айналадағы әрбір кереметке, Алла жаратқан әр жаратылысқа сүйсінген көзқараспен қарауға үйретеді, жамандықтан алыстатып, рухани тазалық сыйлайды.  Сабыр – иман қалқаны.  Жүректегі иманның толысуы да адам баласы сабырының қаншалықты салмақты екеніне тікелей байланысты болады. «Әли Имран» сүресінің 146-шы аятында: «Алла сабырлыларды жақсы көреді», – делінген.  Сондай-ақ, «Сабыр етушілерге берілетін сыйлық есепсіз» екенін де құдіреті шексіз Алла Тағала қасиетті Құран арқылы өз құлдарына сүйіншілей хабарлайды. Адам пенде болғаннан соң көптеген өмірінде келеңсіздіктерге бой алдырады. Соның бірі, адамдар арасындағы жағымды қарым - қатынасқа, өкпе, ренішке нұқсан келтіріп өзара түсінбеушілік туғызады. Сол себепті өкпе, ренішке бой алдырмай адамдарға түсіністікпен, ізгілікпен, құрметпен қарау керек. Өкпе, реніш адамның көңіл - күйімен денсаулығына кері әсерін тигізеді. Айналаңа ылғи өкпелеп, ренішпен қарау, риза болмау, түрлі ауруларға шалдықтырады. Міне, сондықтан да кез - келген мәселені салмақпен, сабырмен шешу керек. Адамның осы мінезінің аса бір көркем түрі - сабырлық. Сабырлылық - адам бойына екі жолмен дариды, бірі туа біткен де, екіншісі адам өзін - өзі тәрбиелеу жолымен келеді. Адам баласының бойында оны дәл сабырлылық тәрізді керемет етіп көрсететін мінез кемде - кем. "Сабыр түбі - сары алтын", "Сабырлы жетер мұратқа, Сабырсыз қалар ұятқа" деген қанатты сөз тегіннен тегін айтылмаса керек. Ашуға да, қуанышқа да сабырлылық көрсету бұл адамдықтың үлкен белгісі.  Егер адамда сабыр болмаса, ол тез ашуланады. Ал ашуланған адам ашу үстінде асығыстыққа жол береді. Асығып қабылданған шешім барлық уақытта оң бола бермейді. Сондықтан ондай жағдайда ақылға салып, ашуға берілмей - сабыр сақтау керек.

          «Сабыр» – Ұлы Жаратушының көркем есімдерінің бірі. Сөздік мағынасы әрбір істе тағатсыздық танытпай, төзімді бола білу ұғымын білдіреді. Рухани тұрғыдан алғанда адам қандай бір ауыр соққы көрмесін, Алланың разылығы үшін рухани тепе-теңдігін жоғалтпау мағынасына саяды.

            Алла Тағала Құран Кәрімде сабыр турасында жетпістен астам жерде насихаттайды. Пайғамбарымыздың (с.а.c.) хадистерінде де сабыр жайлы көптеп айтылған. Бәрімізге мәлім,Құрандағы «Алла сабырлылармен бірге» деген аят пен «Сабыр – діннің жартысы» деген хадистің адам баласының жүрегіне әсер етпеуі мүмкін емес. Сабырлық тек адам баласына ғана тән. Өйткені періштелерде және хайуандарда сабыр болмайды. Періштелерде сабыр болмауының себебі: оларда нәпсі болмайды және олар Алла Тағаланың әмірлерін ғана бұлжытпай орындайды. Ал хайуандарда ақыл болмағандықтан олар ойланып, толғанбайды, яғни сабырды қажет етпейді. Сол себепті сабыр бір жағынан адамға берілген емтихан болса, екінші жағынан адамның күнделікті әдетке айналған күнәларды тастауы, нәпсісіне өте ауыр келеді. Сол себепті адам баласы сабырға өте мұқтаж. Адам баласы істеген жақсылығының жемісін дереу көргісі келеді. Өкінішке орай, оны аз уақыт ішінде көрудің мүмкіндігі шамалы. Қалайша біз көктемде еккен егініміздің жемісін уақыты келмей жей алмайтын болсақ, сабырдың жемісі де солай. Дүниеде бұл жемісін бермесе, ақыретте өз жемісін берері анық. Құран Кәрімнің «Шура» сүресінің 43-ші аятында: «Әрине, кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің маңыздысы осы», - делінген.

         «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте», -демекші, әрине бір үйренген нәрсені кірпіштей қалап кету мүмкін емес, бірақ соған талпынып, «жаманнан жиреніп, жақсыдан үйреніп», амал етіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Құран Кәрімнің «Юсуф» сүресінің 90-шы аятында былай деп бұйырады: «Шын мәнінде кім Алладан сақсанса, сабыр етсе, күдіксіз Алла жақсылық істеушілердің еңбегін зая қылмайды».

            Сабырлылық таныту, сабырлы болу дегенді тек діни (имани) түсінікпен ғана шектемеу керек, оның дүниелік тұрғыдан да аса маңызды екендігін, яғни осы дүние тіршілігімізде де өзіндік орны бар екендігін айтуымыз керек. Әрине сабырлы пенделерді Алла Тағаланың ерекше жақсы көретіндігі ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда Раббысын танитын мұсылман пенде үшін сабырлы болудың орны ерекше болмақ. Өйткені мұндай пенде Алласын таниды һәм одан үміт етеді.  «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, әрбір мұсылманға сөзден қарағанда іске мән бергені абзал. Алла бәрімізге сабырлы болуды нәсіп етсін! Әмин.

Омаров Нұрперзент Еламанұлы,

Жезқазған қаласы,

«Ахмет Ишан Оразайұлы»

мешітінің бас имамы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары