Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Тұрақтылықты қалыптастыратын факторлар
19 шілде, 2021 жыл 270 Басып шығару нұсқасы

          Алла Тағала адам баласын ең көркем бейнеде жаратып, ақыл мен нәпсіні қатар берген. Адам өмірі нәпсі мен иманның айқасынан тұрады. Нәпсі өткінші өмірдің уақытша ләззаттарына сүйресе, иман жақсы амалдар жасатып, Аллаға жақын болуға шақырады. Өмірдің әртүрлі ләззаттарына беріліп, нәпсімізді семіртіп алсақ иманнан алыстап, құлшылығымызға селсоқ қарай бастаймыз. Бұл адамзатты құрдымға жетелейтін қақпан іспеттес. Сондықтан адам иманын берік ету үшін құлшылығына бекем болу керек. Иманын сақтайтын, құлшылығын көркейтетін бірден-бір фактор – амалдардағы тұрақтылық.  Яғни, адам өмірдің сан түрлі соқпағынан жаңылмай, осы дүниенің тіршілігімен қатар, тұрақты түрде құлшылығын орындауы – мұсылманның иманының жемісі.  Екі дүниенің сардары, Пайғамбарымыз (Алланың игілігімен сәлемі болсын) өзінің мүбәрак хадис-шарифінде: «Расында Алла үшін ең сүйікті істер – бұл тұрақты түрде орындалатындары, тіпті олар аз болса да» - деген екен. Сондықтан да адам ораза ұстау, таһажут оқу, аз болса да садақа беру сынды амалдарды орындар болса, осы амалдарын тастамай, тұрақты түрде орындаса – ақыретте оның жемісін көреді әрі сауабы да мол болмақ. Су ешқашан тасты тесе алмас еді, алайда жылдар бойы тасқа аз-аздан, тұрақты түрде су тамшылап тұрса, қанша үлкен тас болса да тесіледі. Сол сияқты, тұрақты жасалған амалдар да  адамға өз пайдасын тигізері хақ. Амалдарда тұрақтылықтың көркем үлгісі ретінде әз Пайғамбарымызды (Алланың игілігімен сәлемі болсын) және оның салихалы отбасын айтсақ болады. Барша мұсылманның анасы Айша анамыз (Р.А.) өзінің бір сөзінде: «Егер Мұхаммедтің үй іші қандай да бір амалдарды орындайтын болса, олар оны кейін тастамайтын» - деп, Пайғамбарымыздың (Алланың игілігімен сәлемі болсын) отбасымен бірге ылғи да тұрақтылықты сақтайтынын жеткізген. Иманымызды әлсіреуден сақтап, күш-қуат беріп, көркейтетін – осы тұрақтылық деп айтуға толық негіз бар.

           Ескеретін жәйт, қазірде арамызда жақсы құлшылығына селсоқ қарайтын, арагідік орындайтын адамдардың бар екені жасырын емес. Мұндай пенделер төмендегі ғибратты сөздерден өнеге алғаны дұрыс болады.  Әш-Шәғбиден: «Құлшылықта ынта таныту үшін қайсы ай жақсырақ? Ережеп пе, шағбан ба?», - деп сұрағанда, ол: «Аллаға әркез құлшылық етуші бол, әрі «шағбаншы» болма!», - деп жауап қайырған екен. Өкінішке орай қазір жұмада ғана мешітке келетін «Жұмабайлар», ораза айында ғана  құлшылыққа бет бұратын «Оразбайлар» көп. Нәпсінің арбауында жүрген бұл кісілер Әш-Шағбани сынды ғалымымыздың өсиетін ескерсе екен.

Бірде Пайғамбарымыздан  ( Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға ең ұнамды қайсы амал?» — деп сұрағанда, ол кісі : «Аз болса да үздіксіз орындалатын амал», — деп  жауап берген екен. Ендеше Аллаға ең ұнамды амалдарды көптеп жасап, сауап алуға ұмтылғанымыз жөн. Тұрақтылығымыздан тайқымай, жүзіміз жарық болуын Алла Тағала нәсіп етсін!

Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары