Ислам діні – мейірімділіктің, татулық пен ынтымақтың діні. Біздің дінімізбен де, дәстүрімізбен де мүлде ұштаспайтын кей дүниелер бар.
Олар: жала жабу, өсек, өтірік, ғайбат атаулы дүниелер. Мұндай тіл кесапаттары салдарынан жақын адамдар бір-бірімен араздасып, арадағы достық қарым-қатынастары қастыққа айналады, адамдарға нақақтан күйе жағылып, қоғамдық байланыс әлсірейді. Осы себепті де жала жабу – дінімізде үлкен күнәлі істерден болып саналады. Халық даналығында: «Жалада шындық болмайды», «Қаңқу сөздің қоспасы көп», «Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар», «Итке төсек не керек, естіге өсек не керек?», – деген сияқты т.б. мақал-мәтелдер өте көп. Жала жабу деп – адамның сыртынан оның ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет таратуды айтамыз. Жала жабудың күнәсі ғайбаттан да ауыр. Себебі, жала жабуда өтірік қоса араласып жүреді. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі сахабалардан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?», – деп сұрайды. Олар: «Оны Алла мен елшісі жақсырақ біледі», – деп жауап қатады. Пайғамбар : «Ғайбат деген – бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың», – дейді. Сонда біреу: «Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше?», – деп сұрақ қояды. Пайғамбар : «Егер айтқаның оның бойынан табылса, ғайбаттадың демек. Ал егер бойында болмаса, онда жала жапқаның», – деп жауап береді.
Құранда Алла Тағала жала жабудың үлкен күнә екендігі жайында былай дейді: «Мүмін еркектер мен мүмін әйелдерді жоқтан өзгемен ренжіткендер, анық сол жаланы және үлкен күнәні өз мойындарына артқан болып есептеледі. Жала жабудың бірнеше түрі бар: Бірінші: Алла Тағалаға жала жабу.Бұл жаланың ең жаманы әрі ең ауыр түрі. Бұған: Құранда айтылмаған сөзді «Алла Тағала айтты» деу, Құранды әдейі бұрмалап тәпсірлеу, бір іске қатысты білімсіз түрде «адал не арам» деп үкім айту секілді істерді жатқызған. Құранда: «Аллаға жасанды жала жапқаннан немесе келген шындыққа қарсы болғаннан залым бар ма? Кәпірлердің орны тозақ емес пе?». Расында Алла, әрине адамдарға кеңшілік иесі. Бірақ, олардың көбі шүкірлік қылмайды. «Тілдеріңнің «бұл арам,бұл халал» деп өтірік сипаттағанын айтпаңдар, Аллаға өтірік жала жапқан боласыңдар. Шынында Аллаға өтірік, жала жапқандар , құтылмайды», – деп айтылған.
-Алатын кезде – алға озып, беретін кезде – артта бұғып қалатын, алғаны мен бергенін жіпке тізіп санайтын адамнан аулақ жүр. Ондай адамнан құтылудың өзі – үлкен олжа. Имам Раббани хазреттері былай деген: "Өтірік айту және жала жабу харам болып табылады, бұлардан сақтану керек. Бұл екі жамандық барлық діндерде де харам еді. Жазалары өте ауыр." (3 том, 34 хат)
Жала жабу – үлкен күнә және үлкен жамандық. Мұнда өтірік айту да бар, ал өтірік айту барлық діндерде харам. Жала жауып мұсылманды ренжіту де бар, бұл да бөлек харам. Бұлардан басқа, жала жабу жер бетінде бүлік шығаруға, қоғамды бұзуға себеп болады, бұл да харам болып табылады. (3 том, 41 хат). Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Бір адам бір мұсылман жайында ол істемеген бір нәрсені айтса, жалаға ұшыраған адам оны кешіргенге дейін Аллаһу та’ала оны тозаққа тастайды.» (Әбу Дауд) «Бір мұсылманда әр түрлі мінез болуы мүмкін. Алайда қиянат пен өтірік бола алмайды.» (Ибн Әби Шәйба) Дұшпаны ең көп болған Аллах Тағала ! Бір күні Мұса алейһиссалам адамдардың сөзінен шаршайды, «Йа Раббым, бұл адамдар мен жайында ештеңе айтпасыншы» деп дұға етеді. Сол кезде Аллах тағала былай дейді: «Йа Мұса, сен сұраған нәрсеңді мен өзіме де істемедім. Көрмейсің бе, естімейсің бе, Мен туралы не айтып жатқанын.»
Пайғамбарымыз алейһиссалам Алланың сүйіктісі еді, әлемдерге мейірім еді. Адамдарды жәннатқа шақыру және тозақтан құтқару үшін ең ауыр қиыншылықтарды тартты. Оған ақылға қонбайтын жалалар жабылды, сиқыршы дегендер болды, жынды дегендер болды, ақын деп сенбеушілік танытқандар шықты (Алла сақтасын!). Жұбайы Айша анамызға жала жабылды, өзін қатты қинады, жүретін жолдарына тікендер тасталды. Имансыздар Аллаһтың сүйіктісімен соғысқа түсті. Алайда Ол Аллаһтың дәл сол адамдарға жіберген мейірімі еді, адамдар отқа түспесін деп күн-түн демей насихат жүргізді. «Олар білмейді, білсе бұлай істемейтін еді» дейтін. «Бір адам бір мұсылман жайында ол істемеген бір нәрсені айтса, жалаға ұшыраған адам оны кешіргенге дейін Алла Тағала оны тозаққа тастайды.» (Әбу Дауд) Құран кәрімде де былай делінген:«Өтірік айтатындар, жала жабатындар – олар Аллаһтың аяттарына сенбейтіндер. Міне олар – өтірікшілердің дәл өздері.» (Нахл 105) Сөзімізді қорытындылай айтар болсақ, ешкімге жала жаппа, себебі сен оның күнәсынан хабарың болғанымен, оның тәубасынан хабарың жоқ... Алла бәрін біліп тұр, көріп, естіп тұр есінде болсын. Жала жабу үлкен күнә сондықтан да түзу жолдан таймайық бауырларым!
Сыздықов Қанат Қайратұлы,
Жезқазған қаласы, «Ахмет Ишан Оразайұлы»
мешітінің азаншысы
ihsan.kz
Пікірлер