«Көршім бар. Сымбатты. Көрікті. Көркіне көз тоярдай, мінезіне көңіл тоярдай. Мұхаммед пайғамбардың (сас) асыл мінезін бойына жиып алған дерсің.
Осы уақытқа дейін ешкімді ренжітпеген сыпайылығына тәнті боласың.
Мен әр жұма оны күтемін. Таң ата ол кісіні көрмесем шай батпайды. Себебі, таңғы шайым көршімнің шелпегімен тәтті. Әр жұма шелпек пісіреді. Көпқабатты үйдегі кейбір кісілер жақтырмаса да шелпегін пісіруді үзген емес. Баршамызға таратып шығады. Сосын даладағы балаларға бауырсақ таратады. Жетпегеніне тәтті береді. Ол таусылса шат-шадыман болып ойнайды. Сылдырлаған көркем дауысымен жарқын күлкісі бойыңды баурап алар дерсің.
Қысқасы, көршіме ғашықпын. Ғашықпын – оның мінезіне, амалына, иманына! Ол ешқашан көрші ақысы дегенді ұмытпаған. Әр жұма жанына балаларды жинап алып көркем әңгімелер айтады. Онысын көркем жеткізеді, оны балалардың ұйып тыңдайтынынан байқайсың. Бірде мынадай оқиғаны баяндады: Әбу Шурайхтан (Оған Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға ант, ол иман келтірмеді! Аллаған ант, ол иман келтірмеді! Аллаған ант, ол иман келтірмеді!» – деп үш рет қайталайды. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Ол кім?» – деп сұрағанда, Ол (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оның зиян келтірмейтіндігіне көршісі сенімді болмаған жан» (Бухари), – деген. Яғни, көршісінің сенімінен айрылған адам толық иман келтірген болып есептелмейді. Бұл хадисті естіп, көршімнің біздердің жүрегімізде ұялатқан сенімі оның осы хадиске амал еткендігі екенін ұқтым.
Бірде балаларға Жебірейіл періштенің кім екенін айтып берді. Ауыздары ашылған балалар Жебірейілді көргісі келетінін, оны сондай күшті етіп жаратқан Алланың құдыреттілігіне таң қалысты. Осы сәтте көрші қыз: «Мен сендерді Жебірейіл періштенің пайғамбарымызға (сас) айтқан сөзі үшін жақсы көремін» деді. Кейін мен интернет ақтарып мына хадисті таптым: «Маған Жебірейіл періште көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы сонша, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» (Бухари мен Муслим) – деген. Бұл қыз неткен білімді еді! Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадистен Ислам дінінде көршіге қандай да бір залал тигізіп, жамандық жасауға тыйым салынғандығын, оларға өз бауырыңдай қарау қажеттігін түсіндім.
Өткен жұмада көрші қыз тағы да қызықты оқиғасын байыппен айта бастады. Мен үнсіз құлақ түрдім. Пайғамбарымыз көшеден өтіп бара жатқанда үстіне терезеден күнде қоқыс төгіп, жәбір көрсететін яһуди көршісі болған. Бір күндері әлгі кісі қоқыс төкпей қояды. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз ауырып қалған жоқ па екен деп, оның хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет жақсы қарым-қатынасты көрген көршісі кәлима айтып, иман келтірген екен. Сондықтан, мұсылман баласы қоңсысы өзге дін өкілі болса, тіпті дінсіз жан болса да тату болуы тиіс. Неткен керемет ә!
Міне, бізде әр жұмада осындай қызықты күн болады. Бауырларымның ойынын сылтау етіп, сыртқа шығамын. Анамның сүт шайы мен көршімнің шелпегін сылтау етіп ертемен оянамын. Жұма таңын ерте қарсы алып, күнді қызықты хадистерді тыңдап, білім алумен өткізу неткен бақыт десеңізші. Әр жұманы сауапты амалмен өткізуіме себеп болғаны үшін көршімді құрметтеймін. Біздің ауланың бәрі қазір өте тату, артық ауыз сөз айтуға ұялады, бірін-бірі ренжітуге қорқады. Көршінің көңілі біз үшін өте маңызды. Өзінің қарапайымдылығымен, көркем мінезімен, иманы және терең білімімен бүткіл көршіні тату, бауырмал еткені үшін мен ол қызды ұнаттым. Осындай өмірлік жарың, салиқалы ұрпағың, иманды көршің болса Алланың берген ең үлкен сыйы емес пе!? Сіз қандай көршісіз құрметті оқырман?»
Бұл бізге келген хат болатын. Жұма уағызында көпшілікке түпкі идеясын айтуға негіз бар еді. Дұрысы сайт бетіне жариялап, көптің оқуына себеп болайық дедік. Бұл жазбадағы негізгі айтылатын ой – «Көрші ақысы». Мүмкін балалық махаббат туралы жазылған деп қабылдарсыз, бірақ бұл тұста жас баланың көрегенділігін байқауымыз қажет. Хатты жазған жасөспірім бір адамның әрекетінен көршіге деген құрметті көріп отыр, адамның бойындағы иманын, білімін бағамдап отыр. Біздер Әлемдердің Раббысы – Алла тағалаға мақтау айтып, біздерге Ислам діні үкімдерін жүктеп, мәртебе бергені үшін шүкір етеміз. Оның ардақты Елшісіне (ﷺ) қиямет-қайымға дейін салауат-сәлем айтамыз. Бірақ, сүннетке сай амал етуді ұмытып кетеміз. Бірде Алла Елшісінен (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» – деп сұрағанда, «Есігі ең жақын орналасқанына,» – деп жауап берген. Біз осы хадиске сүйеніп амал етсек, татусыз көрші болмас еді. Қазақ халқы: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас,» − деп көрші ақысын белден басатындарды қатты сынаған. Осыдан оның адамгершілікке де, мұсылманшылыққа да сыймайтындығын аңғару қиын емес.
Сондықтан, құрметті қазақ халқы, мұсылман бауырларым, көршімен тату болайық!
Айтқазин Рауан
Балқаш қалалық мешітінің наиб имамы
ihsan.kz
Пікірлер