Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ЖАЛҚАУЛЫҚТАН АРЫЛУ
07 қазан, 2021 жыл 881 Басып шығару нұсқасы

                  Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын.

 

           Алдымен жоғарыдағы тақырыпқа пікір айтпастан, оны шешу жолы жайлы сөз қозғамастан бұрын "Жалқаулық деген не?", "Ол неден шықты?", "Оның адам баласына беретін зардаптары қандай?"  деген секілді сұраққа жауап іздеген жөн.

"Жаман болатын жігіт, шегіншек келер,

Кедей болатын жігіт, еріншек келер" деп ой топшылаған бабаларымыздың бұл сөзі мәңгілік өмір қағидаттарының бір жолағы. Жалқаулық екі өмірдің жақсылығынан құр қалдыратын үлкен дерт. Ал оны тудырушысы һәм анасы - адам баласының бойындағы нәпсісі. "Біз сүннет амалды сүннет болғаны үшін тәрк етеміз. Ал сахабалар сүннет амалды сүннет болғаны үшін қалдырмайтын еді". "Сүннетті тәрк еткен, уәжіпті тәрк етеді, уәжіпті тәрк еткен, парызды да тәрк етеді" дейді ислам ғұламалары. Ол ізгі амалды тәрк етудің ең басты себебі - жалқаулық. Адам көп еңбектену арқылы ғана жетістіктің дәмін татады. Адам көп еңбек еткеннен кейін ғана  көп ақша таба алатынындай, Аллаға жақындау һәм сүйіктісі болу да көп еңбекті талап етеді. Көп ілім оқу, көп құлшылық ету,  Жаратқанымызға көп зікір айту арқылы адам Аллаға бір қадам жақындайды. Ал жалқаулық арқылы ізгі амалдар орындалмай, ұмытылып, адамды Алладан ұзақтатады.

 

               Жалқаулықтың бірден-бір себебі - мақсатсыздық. Адам баласы бұл өмірге шын мәнінде не үшін келгенін білмесе, алдына қойған таудай талабы, мақсаты болмаса, ол адамда әлбетте ынта болмасы белгілі. Адамға ынта сыйлайтын, уәж беретін ол - бір істі тәмәмдаған соң, мақсатына жеткеннен кейін  алатын сый-сияпаты. "Адам мақсатына жету жолында жалқаулықты жеңу үшін ол мақсатқа жете алмағандағы бір қорқынышы және сол мақсатқа жеткендегі иеленетін бір қуанышы болуы шарт" дейді кей ғалымдар. Ал жүрегі құдай деп соғатын мұсылмандар үшін бұл өмірді ізгі амалда өткізуге ынталандыратын ол әлбетте - жәннәт. Ал Алланың азабы тозақ болса, өмірді бекер өткізбеуге итермелейтін бір  қорқыныш.

        Бірде Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір сахаба келіп сәлем береді. Сәлем берген сахабаның қолын ашып қараса, қолы көп жұмыс істегеннен жарылып кеткен, қолын сүйел басқан. Ардақты елші (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол қолды өзінің мүбәрак ауызымен сүйіп: "Алла және оның елшісі осы қолды жақсы көреді" деген екен.

 

        Соңғы кезде "Қазақ жалқау", "Қазақ әр жерге кешігіп келеді" дейтін ел дұшпандары да табылады. "Ауыздан шыққан әр сөз дұға" демекші бұндай сөздер әрине күллі халықты кері тартатыны белгілі. Қазақ жалқау болса, киелі топырағынан әлемді білімімен мойындатқан ғалым-ғұламалар, ел билеген батырлар, дәулетті бай-шонжарлар шықпас еді. Себебі, оның барлығы еңбекпен келеді. Ал еңбек пен жалқаулық кереғар ұғым.

 

           Жалқаулықты жеңудің бірден-бір жолы - Алладан көмек сұрау. Дұғамен жәрдем тілеу. Қос дүниенің сұлтаны Хазіреті пайғамбарымыз жалқаулықтан құтылу үшін мына дұғаны оқыған: "اللهُمَّ إنّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الهَمِّ والْحَزَن، وأعوذ بك مِنَ الْعَجزِ وَالكَسل، وأغوذ بك من الجُبْنِ والبُخْل، وأعوذ بك مِنْ غَلَبَةِ الدَّين وَقَهْرِ الرجال

Мағынасы: "Уа Алла, расында мен уайым-қайғыдан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сараңдық пен қорқыныштан,  қарызға батудан әрі адамдардың басымшылдығынан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын".

        Жалқаулықпен күресте жәрдемші болатын екінші құралыңыз -  ол мақсатыңыз. Адам өмірі қысқа, қамшының сабындай ғана екенін біліңіз. Уақыттың сұрауы бар екенің ескеріңіз. Әрбір бос уақыт үшін жауапқа тартылатындығыңыз жайлы ой жүгіртіңіз. Еңбектену арқылы, әрекет ету арқылы екі дүниеде де бақыт табатыныңызды біліңіз. Әсіресе екінші өмірде толассыз сыйлыққа қол жеткізетініңізді ойлаңыз, сезініңіз. Жалқаулықтың ұйытқысы болған нәпсіні тізгіндеңіз. Біліңіз! Жәннәтқа кіру бір-ақ қадам. Сол аяғыңызбен нәпсіңізбен басып, оң аяғыңызбен кіресіз. Алла Тағала баршамызға бойымыздағы жалқаулық пен ынтасыздықты жеңуге жәрдем берсін!

Әлихан Бөкейхан ауданы

«Төлеутай ата» мешітінің имамы

Мусин Сайлау Жұмағұлұлы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары