«Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы әрі жақсы нәтижелі болмақ»,- «Ниса» сүресінің 59-аятында делінген.
Пенденің құлқыны адамға тәуелді еткісі келіп тұратындай. Адам дүниелік істі жедел бітіру немесе тез нәтижеге жету үшін оңай тәсілдерін қарастырады. Осы жағдайда ең жаман қасиет – жағымпаздық деген шығады. Көп адам оған мән бермеуі мүмкін. Бейсаналы түрде осы мінезді өз бойына сіңіре бастайды. Шындығында, қандай жағдай болмасын біз тек бір Аллаға бойұсынуымыз қажет. Бойұсыну жағымпаздық емес, бірақ ол жағымпаздықты жоятын амал. Өзіңді Аллаға тапсырып, Аллаға және оның Елшісіне (сас) бойұсынған түрде дұғада болып, амал етсек әр істің бір нәтижесі болары хақ. Егер бойұсыну пендеге болатын болса ол адамды түбінде құртып бітеді.
Алла тағала «Әнфәл» сүресінің 46-аятында: «Аллаһқа әрі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар (тартыспаңдар), онда ұтыласыңдар да күш қуаттарың кетеді, (әлсірейсіңдер, жүректерің бірікпейді) сабырлы болыңдар. Расында Аллаһ сабырлылармен бірге» -деген. Осы аятқа сүйене отырып, бірліктің сақталуы, елдің дамуы, отбасының бұзылмауы, ұлттар татулығы жасандылықтан ада болғанда ғана жүзеге асатынына көз жеткіземіз. Бүліктің шығуына да билік арасындағы жағымпаздық себеп болуы мүмкін. Мансапты ойлап басшыға жағымпаздық жасау, қалтасын ойлап, билік органдары қызметкерлеріне жағымпаздық жасау деген секілді мысалдар өте көп. Бұның салдары ыдырауға алып келеді. Яғни жеке басының қамын ойлап, тұтастық ұғымы жоғалады. Осы ретте дұрыс түсіну керек, басшыға бағыну жағымпаздық болмауы керек, ол бойұсыну болу қажет. Яғни, қызметтік шеңберде өз міндетіне орай белгілі бір қағидаларды ұстануы қажет. Аллаһ тағала Құранда: «Әй, иман келтіргендер! Аллаһқа бойұсыныңдар және Елшіге, сондай-ақ, араларыңдағы билік иесіне бойұсыныңдар» – деген. («Ниса» сүресі, 59-аят).
Қоғамдағы ұлы апаттар мен бүліктердің алдын алу мен ынтымақ, тыныштықты ұстап тұрудың барлық кілті, мұсылмандардың бір мәзһәбтің және бір басшылықтың төңірегіне топтасуында, сондай-ақ жамағатпен бірге болуында болып отыр. Сондықтан осы дүниелік нәрсені ойлап, жағымпаздыққа құмартып, жеке бастың ғана қамын ойламай, керісінше ақыреттік өміріміз үшін бірге қайырлы амалдар жасайық. Адамның көркем мінезді болуы, ПАйғамбарымыз (сас) мінезінен өзіне үлгі алып амал етуі бір жағынан сауап, екінші жағынан дұрыс өмір сүруіне себеп болады. Адам бойындағы тәкаппарлық, қызғаныш, жағымпаздық және тағы басқа да нашар мінездерді бойға сіңірмей өсірейік. Жақсы да көркем мінез барлық жағдайда маңызды және шешуші рол атқарады. Құрандағы пайғамбарға (с.ғ.с.) қаратыла: «...Егер дөрекі, қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді...»,-деп айтылған аят мұның айқын дәлелі. Ислам – ізгілікке үндейді. Мұсылман – айналасына жақсылық нұрын төгуші пенде. Құран мен хадис – имансыздық пен зұлымдыққа қарсы.
Валиев Ахмадулла
Баалқаш қалалық мешітінің наиб
ihsan.kz
Пікірлер