Қасиетті Құранда: «Ей, мүміндер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, пайғамбарға бойұсыныңдар, әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер, бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ» («Ниса» сүресі, 59-аят), – делінген. Бұл аятта ел билігі тізгінін ұстаған тұлғаларға бойұсыну туралы Алланың үкімі айтылған. Аяттың арабша нұсқасындағы «улул амр» яғни, «әмір иелері» кімдер деген сұраққа саңлақ сахабалар мен табиғиндер Әбу Һурайра, Ибн Аббас, Зәйд ибн Әсләм, әс-Судди және Муқатил: – Билік басындағылар, – деп жауап берсе, Ибн Аббас: – Мұсылман ғұламалары, – деп айтыпты. Бұл пікірді Ибн Әбу Талха, Жәбир ибн Абдулла, әл-Хасан әл-Бәсри, Әбу әл-Ғалийә, Мужәхид, ан-Нәхаи және әд-Даххақ (р.а.) қолдаған. Демек, осы аят ел басқаратын басшы, үкім шығаратын және діни пәтуа айтуға тағайындалған тұлғаларды қамтиды. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген мына хадис шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсынады. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбаудың белгісі. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны», – дейді (әл-Бұхари және Мүслим риуаяты). Бұл халықтың өз басшысына бойұсынуы қажеттігін дәлелдейтін хадис. Ибн Хажәр әл-Әсқәләни имам Бұхаридің хадис жинағы бойынша жазған шархы «Фәтх әл-Бари» атты кітабында: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл сөздерді басқаруға немесе билік атқаруға тағайындалған адамдарға бойұсынуы үшін және оларға қарсы көтерілмеуі үшін айтты. Әйтпесе, мұсылмандардың арасында келіспеушіліктер пайда болар еді», – деп көрсетіпті. Демек, басшыға бағынбау келіспеушілік туындатуы мүмкін. Ал, келіспеушілік өз кезегінде, елдің ауызбіршілігін, жұрттың тыныштығын бұзады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзін көрген мұсылман үмбетінің үлгі тұтар тұлғалары – сахабалар ел тізгінін ұстаған басшыларға сөзге келмей бағынатын еді. Өйткені, олар билікке бойұсыну ісіне аса мұқият болған еді. Әсіресе, ел ішінде бүлік шыға қалса, халықты ымыраға шақырып, ел басшысы халифаға қолдау көрсететін. Басшыға бойұсынып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ауызбірліктің арқасында ғасырлар бойы үстемдік орнатып келген алпауыт мемлекеттер Византия мен Парсы империясын тізе бүктірді. Ғылым мен өнерді дамытып, дүниелік саланың бәрінде жетекшілік жасады. Бұл ненің нәтижесі? Бұл басшыға бағынып, жұмыла жұдырық болғанның нәтижесі. Сахіл ибн Абдуллаһ әт-Тустари: «Адамдар басшысы мен ғалымдарын сыйласа жақсылықта болмақ. Егер (басшысы мен ғалымдарын) құрметтесе, Алла олардың дүниелік тіршілігі мен ақыреттік өмірін түзейді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұл дүниесі мен о дүниесін құртады», – депті (Имам Құртуби тәпсірі). Демек, адамдардың дүниелік һәм ақыреттік амалдары тек басшыға бойұсынумен ғана оңынан келмек. Басшыға бойұсыну дін Ислам талабы, мұсылмандық міндет. Өйткені, Әнас ибн Мәлік пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Тыңдаңдар, бойұсыныңдар, тіпті егер сендер-дің үстеріңнен басы мейіздей болған хабәшилік құл билік жасаса да» (әл-Бұхари), – деген хадисін баян еткені белгілі. Ендеше, әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, оның бұйрығын тың-дауын талап ету – дін Исламның басты ерекшелігі деп айтуға толық негіз бар. Жоғарыдағы аят та, хадис те осыны нұсқап отыр. Төртінші халифа Әли (р.а.) ел билеген тұста хауариж деген дінбұзар топ болды. Мұсылмандардың ауызбіршілігін бұзу, ел ішіне іріткі салу олардың басты тірліктері еді. Астыртын түрлі айлалар жасайтын. Тіпті, Құран аяттарын бұрмалап, өздерінің арам пиғылдарына пайдалануға тырысатын. Ондай теріс пиғылдылар қазіргі заманда да жоқ емес. Өкініштісі, дінді білмейтін ел кейде сол сөздерге ілесіп кетіп те жатты. Мұндайдан сақтану үшін құрметті жамағат, дінді көшедегі адамнан үйреніп кете беруге болмайды. Соны үйрететін, дін үйретуге тағайындалған басшыдан, жауапты адамнан үйренсек қана адасудан аулақ болмақпыз. Хазреті Әлидің билігінен мін іздеумен болған хауариждер өзінің арам пиғылын іске асырмақ болып, Құранның «Барлық билік Аллада. Ол әділ үкім етеді. Үкім жасауда Алладан артығы жоқ…», – делінген «Әнғам» сүресінің 57-аятын басшылыққа ала отырып, «үкімді тек Алла шығарады» – деп ел билейтін кісінің жарлығына бойұсынбайтындықтарын жариялады. Сол кезде хазреті Әли: «Иә, үкімді тек Алла шығармақ. Алайда, адамдарға тақуасы болсын яки тақуасы болмасын бір басшы қажет. Басшы мұсылман болса, айтылған үкімі орындалуға тиіс. Ал, мұсылман емес болса, құлақ асу қажет», – деп жауап беріп, бұл аяттың түп мағынасын елге түсіндіріп, хауариж ағымының теріс пиғылын паш етеді. Хазреті Омар ибн Хаттабтың (р.а.) ұлы Абдуллаға Язид бин Муғауия халифа болып ел оған ант бергені жайлы хабар жетеді. Сонда кемеңгер сахаба: «Егер ол (Язид) жақсы басшы болса, біз риза боламыз, ал жаман басшы болса, сабыр етеміз», – деген екен. Язид халифалық таққа отырған шақта көптеген сахабалардың көзі тірі еді. Олардың ішінде ел билеуге лайық тұлғалар жоқ еместін. Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Омар, Абдулла ибн Амр Язид бин Муғауияға қарағанда басшы болуға әбден лайық, әрі тәжірибелі еді. Бірақ, ел басшысына итағат етіп бойұсыну дініміздің талабы. Мұны сол сахабалар жақсы білді, әрі өте жоғары деңгейде оған амал етті. Ел тыныш болса, ауызбіршілігі берік болса, басшысы да ел игілігіне қызмет етерін жақсы түсінді. Бүгінгі мұсылмандар, яғни біздер сахабалардың өнегесін өмірімізде ғибрат ете білу қажет-ақ! Халық – біртұтас мемлекет, ел тыныш боламын десе, ең әуелі басшыларға бағыну ләзім.
Бала қажы мешітінің наиб имамы: Берік Алсейітұлы
Пікірлер