Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Түсі жылыдан түңілме
14 ақпан, 2024 жыл 317 Басып шығару нұсқасы

  Халқымызда көркем мінезді кісіні «Иманжүзді екен, түсі жылы екен» деп сипаттап жатады. Жүзі жылы, мінезі көркем, байсалды адам айналасына да жылулық беріп тұрады. Демек, қоғамда осындай сипаттағы адамдар көбірек болса, адамдар арасындағы сенім, құрмет, мәдениеттілік сынды қарым-қатынастар өркен жаяды.    Иә, көркем мінез - адам бойындағы ұлы қасиет. Әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі өзінің ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, әр кез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындаған. Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымызға қаратып былай дейді: (Ей, Мухаммед) Алла тағала тарапынан берілген мархамат себепті оларға (сахабаларыңа) жұмсақ сөзді болдың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болғаныңда еді, әлбетте, айналаңнан (бәрі де) тарқалып кеткен болатын еді. Сондықтан оларды кешір, олар үшін Алладан жарылқау сұра және істеріңде олармен кеңес (Али-Имран 159). Сағд ибн Һишамнан жеткен хадисте Айша анамыздан: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мінез-құлқы жайында сұрағанда, ол: «Сендер Құранды оқымайсыңдар ма? Ол: «Ия, оқимын» деді. Айша анамыз: Оның мінез-құлқы – Құран ғой», - деп жауап берген. Дін ғалымдары: «Көркем мінез» сөзін кеңінен қарастырып, адам баласының жеке өзіне, отбасында, жұмыс орнында, қоғамдық орындарымен құлшылығына қатысты іс-әрекетінде әдепті болу, жақсы атқару - деген. Көркем мінез – Алланың берген үлкен сыйы. Әрбір саналы мұсылман баласы көркем мінездің биік үлгісі ретінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмір жолын, оның іс-әрекетін негізге алады. Хадисте былай дейді: «Жұмсақтық қай нәрседе болса оны көрікті етеді, ал қай нәрседен кетсе оны көріксіз етеді». Мінезді дұрыс ұстаудың бір жолы – жақсы сөз сөйлеу. Себебі, тіл – бізге берілген үлкен нығмет. Тілдің жақсылығы да, жамандығы да үлкен. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды», «Басқа келетін пәле тілден» деп халқымыз тілге ие болуды меңзеген. Тілдің көлемі кіші, зардабы үлкен. Адамның иманды немесе имансыз болуы да ауыздан шығатын сөздеріне байланысты. Мысалы құлақ тек естиді, көз тек қана көреді. Ал тілдің өрісі кең. Жақсылық немесе жамандық айту үшін өте кең мүмкіндіктерге ие. 

Сондықтан жас кезімізден дұрыс, көркем сөйлеуге дағдылану адам бойында көркем мінез қалыптастыратын ізгі қасиеттердің бірі. Мұсылман адам бұған үлкен жауапкершілікпен қарайды. Хадисте  мұсылман адамның тілге өте абай болу керектігін сездіріп: «Шын мұсылман - тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам»,  «Кімде кім Аллаға, сондай-ақ ақырет күнінің растығына сендім десе, сөйлегенде мәнді нәрсе айтсын, әйтпесе үндемесін» дейді. Демек, үндемеуде үлкен даналық бар, бірақ оның байыбына бара бермейтіндер бар. Ал, осының бәрі айналып келгенде көркем мінез бен парасаттылықты қалыптастырады. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесінде жыр жолдарымен де қамтып отырған. Соның бірінде: «Мінезің мінсіз болсын көп ішінде, Ұқыппен қарай білгін өз ісіңе» деп, мінез бен істің үйлесуін өсиет етіп отырған. Сонымен қатар, «Жүрмегін жанжалдасып болмас жерде,

Әдепсіз кейбір сотқар жасқа ерме.

Берік бол, өз өзіңе тура жүргін,

 Орынсыз кекшіл болмай жүргін жөнге» деп термелеген.

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары