Салтымызды сүннетпен, ғұрпымызды хадиспен тұжырымдай білген дана халқымыз адамның жаратылысына тән құндылықтарды тіршілік айналдыра білген. Біздің қазіргі әдет-ғұрып деп ұстанып жүрген ата-баба мұраларының көпшілігін бабаларымыз сол кезеңдерде «сүннетті ұстану» ниетімен қалыптастырған. Бұған дәлел – көптеген әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдеріміздің хадис және сүннеттерімен үндесіп жатуында. Соның бірі – әмеңгерлік салты. Қазақ отбасында оқыстан Алланың жазуымен ері дүниеден дүниеден өтсе, жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпай «аға өлсе, жеңге мұра, іні өлсе, келін мұра» деген әдепті әмеңгерлік салтын ұстанған. «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» дей отырып, отбасы тұстастығын сақтай білген. Дүниеден қайтқан ер азаматтың дәстүр бойынша бір жылдық асын бергеннен кейін ел ақсақалдары келелі мәжіліс өткізіп саналы түрде өзара келісім жасап отырған. Әмеңгер болуға сол әулетте бірнеше үміткер болса, ішінен балаларға қамқор болатыны таңдай білген. Осы жерден әмеңгерліктің өзін аманат ретінде қарастырып, оның әрі қарай өміршеңдігін басты назарға алғандығын көруге болады. Ал, жесір қалған әйелдің тұрмысқа шыққысы келмесе, оны өз еркіне қалдырылып, бала-шағасымен бірге сол елде өмір сүруіне жағдай қалыптастырған. «Дінде зорлық жоқ» деген қағиданы әділ ұстанған. Ол отбасын барлық керек-жарағымен қамтамасыз еткен. Күйеуі қайтыс болған қамкөңіл жесір мен асқар тау әкесіз қалған жетімге отағасының туыстарынан артық ешкім мейірім көрсетпейтінін ескеріп, балалардың қаны жақын туыстарының арасында еш қиындық көрмей өсетінін сезіндіре білген. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне зер салсақ, жесірге қол ұшын созған, жәрдемдескен адам түнін құлшылықпен, күндізін ораза ұстап өткізетін адам секілді болады деген. Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жесір жайлы былай дейді: «Жесір мен міскінге жақсылық жасап, көмектесуге ұмтылған әр адам Алла жолында барын салып күрескен жанкешті құл секілді және түнінде шаршамай-талмай құлшылық ететін әрі үзбей ораза ұстайтын адам сынды» (Бұхари, Мүслим). Ал жетімге қамқорлық еткен адам Алла елшісімен жәннатта бірге болатыны айтылған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімге қарайласудың сауапты іс екені жайында бір қолын көтеріп, сұқ саусақ пен ортаңғы саусағын көрсетіп дауыстап: «Мен және жетімге қамқоршы болған адам екеуміз жәннатта осы секілді (бірге) боламыз», – деген (Бұхари). Демек, қазақ халқы шариғатты да толыққанды меңгеріп, адамның болмысына тән қасиеттерді де жақсы түсінген. Қазақ халқының әрбір жасаған ісі, сөздері таза болмыстан (фитрат) алыс кетпей, Құран және сүннет елегінен өтіп, мықты бір дәстүрге айналғанындығын мақтан етуге тұрарлық. Сонымен қатар, халқымыздың салт-дәстүрлері мұсылманшылықты өмірлік жол ретінде салт-дәстүріне айналдырғанын ұғынған адамға қуат беретін қанатты сөздерінен де байқау қиын емес. «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деуі осыны меңзесе керек.
Пікірлер