Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ерте тұру – құт берекенің нышаны
27 ақпан, 2024 жыл 321 Басып шығару нұсқасы

    Халқымызда  күнделікті тіршілікте азанмен ертерек тұрып бастау ежелден қалыптасқан үрдіс. Сонымен қатар, ғұмыр барда ізгі істерді атқаруға асығу дегдарлардың дағдысы. Қазақ нақылында «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» делінеді. Бұл мәтелдің мәні төмендегі хадистен алынғандай.

Сахр әл – Ғамиди (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Уа, Алла! Үмбетімнің ерте тұрғанына береке бер!» - деп дұға қылған.

«Игіліктің ерте – кеші жоқ» дегенмен, «өлімнен басқаның бәрінің ерте болғаны жақсы» деген нақыл сөз де бар. Мұның мәні жақсылықтың тезірек болғаны қайырлы дегенді білдіреді. Қазақ халқында сақталған мұндай нақыл сөздердің түп – төркіні аят – хадистер мен мұсылман ғұламалары мен тақуалардың насихаттарында жатыр. Мысалы, атақты тақуа Хатим әл – Асамму былай деген екен: «Асыұұан – шайтанның ісі. Тек бес жағдайда асығу: келген қонаққа ас беруге, балиғатқа толған қыз баланы ұзатуға, қарызды қайтаруға, мәйітті аттандыруға, істелінген күнәға тәубе жасауға – Пайғамбардың (с.а.с) сүннеті»

 Мұсылманның өмірінде ұйқының маңызы өте ерекше, себебі, ұйқы кезінде оның барлық күш, қуаты қалпына келіп, күнделікті  Алла Тағалаға ғибадат ету үшін бойына қажетті энергияны жинақтайды. Ағза тұруға бір сағат бұрын дайындалады: дене қызуы көтеріледі, ұйқысы жеңіл фазаға көшеді. Сонымен қатар  жаңа күнді белсенді бастау үшін  бойға күш беретін дофамин заты өндіріле бастайды. Ұйқысы қанған мұсылман сергек, көңілді және әлдеқайда белсенді ғибадат етеді, ал шала ұйқыдағы адамның әл-қуаты әлсіреп, кез-келген істе белсенділік, ептілік таныта алмайтыны белгілі.

Адам таңертеңгі намазға сергек ояну үшін нешеде ұйықтап, күнделікті ұйқыға қаншалықты уақыт бөлуі қажет?  Демалыстың бұл түрін денсаулыққа зиян тигізбей және сіздің ағзаңыздың қалыпты жұмыс істеуі үшін  қалай пайдалануға болады? Ұйқының қалыпты орташа бағамы - күніне сегіз сағаттық түнгі ұйқы, алайда бұл сандар тек  ресми құндылықтар, ал сізде осы көрсетілген уақыт аралығында салауатты ұйқы бар ма, жоқ па ол жағы белгісіз?

Түндегі  жеткілікті ұйқы үш сағаттан он сағатқа жалғасуы мүмкін. Ғалымдар алты сағаттан кем ұйықтайтындарды аз ұйықтаушылар, 9 сағаттан артық ұйықтаушыларды көп ұйықтаушылар деп атайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)-ның өмірбаянынан, біз Алла Елшісінің (с.а.у.) түннің үштен бір бөлігін ғана ұйықтағанын және оның жеткілікті болғанын көреміз. Ғалымдардың айтуынша, бұл мәселеде тек сағат саны ғана маңызды емес, біздің қанша сағат ұйықтап, нешеде жатып, нешеде тұратынымыз да аса маңызды рөл атқарады. Жалпы ұйқының ұзақтығы әркімнің жасы мен жынысына, жағдайына байланысты түрліше болып келеді.

Құран және сүннет бойынша да бізді түнде ұйықтап, таңертең ерте тұруға үйретеді. Сондықтан қасиетті Құранда түн ұйқы мен демалыс қайнары болса, күндізгі уақытты тіршілікке, ғибадат пен амалдарға, еңбек етуге арналғанын баяндайды. Ұлы Алла Тағала бұл хақында Құран Кәрімде былай деп түсіндіреді: "Олар ішінде тынықсын деп түнді және көрілетін күндізді жаратқанымызды көрмей ме? Сенетін ел үшін мұнда өнеге бар"  (Нәміл, 86). Келесі "Нәбә" сүресінің 9-11-аяттарында: "Ұйқыларыңды демалыс қылдық. Түнді жамылғы қылдық. Күндізді тіршілікке жараттық",-деп анық түсінік береді.

 

Ұйқының денсаулыққа қандай әсері бар?

Ұлы Раббымыз өзінің шексіз даналығымен түнгі ұйқыны жанның емшісі қылды. Түнде  бізде стресс пен ерте қартаюдан, суық тию мен қатерлі ісіктен қорғайтын гормон-мелатониннің күнделікті 70 %-ы өндіріледі. Мелатониннің негізгі қызметінің бірі - ұйқының қызметін реттеу болып табылады. Мелатонин ұйқыны жүйелеп, адамға сергектік сыйлайды. Біз ұйықтап жатқан кезде, күндізгі жұмыс үшін алынған мелатонин қалпына келіп, орны толығып, нығая түседі.

Түннің бір уақытында, өте жай жату ми функциясының бұзылуына әкеп соқтырады. Бұдан сөзсіз мидың қабілеті зиян шегеді. Мұнда психикалық тозудың төмендегідей белгілері бар: адамның зиянды әдеттері көбейеді, азық-түлікке деген қажеттілігі күшеяді,  ерік-жігері азаяды, жыныстық қарым-қатынасқа және тіпті қарапайым тірлікте қақтығысқа деген қажеттілігі артады. Сол себепті ардақты  Пайғамбарымыз (с.а.у.) құптан намазынан соң бос әңгімелер мен бос іспен айналыспай, бірден ұйқыға жатуға кеңес берген. Әбу Барзадан (оған Алла разы болсын:) "Пайғамбарымыз (с.а.у.) құптан намазына дейінгі ұйқыны және құптан намазынан кейінгі бос сөздерді ұнатпайтын" делінген (Бұхари, Мүслім).

Осы бағдарда түнге дейінгі және түннен кейінгі ұйқы сапасын салыстыруға болмайды.  Осы жайында ғылыми зерттеулер не дейді? Соған кезек берелік.

Егер сіз 22:00-де ұйықтап, таңғы сағат төртте тұрсаңыз, толыққанды ұйықтаған боласыз. Осының нәтижесінде сіздің рухани табиғатыңызды байыту әрі түсіну үшін жеткілікті күш пайда болады. Таңертеңгі сағат 5-6-ларда оянсаңыз, сіз физикалық және психикалық тұрғыдан сергек боласыз. Осы уақытта ми жаңа ақпаратты қабылдауға,  тез қорытуға бейімделіп, кез-келген нәрсені жадында терең сақтауға сезімтал болып келеді. Аталмыш ғажап уақыт қасиетті Құран Кәрімді оқуға һәм жаттауға қолайлы кез екенін ұмытпағанымыз абзал.

Сағат 6 мен 7 -ге дейінгі таңғы уақытта аздаған төменгі тонус бар. Алайда бұл  уақытта адам  көңілді,  бойы  энергияға толы әрі ынталы, ширақ болады. 

Ал сағат 9-дан кейін тұратындарда физикалық және психикалық тонустың елеулі төмендеуі байқалады. Олардың иммунитеті төмендейді,  жүйкесі нашарлайды,  әлсіздік, ерік әлсіздігі, асқазан және бауыр қызметінің бұзылуы аңғарылады.

Адам сағат 10-нан кейін төсектен тұрса, ол өміріндегі ең созылмалы ауруларға, өмірден түңілуге бейім келіп, өмірдегі сәтсіздіктерге душар болады. Мұндай адамдар айналасында болып жатқан жағдайды бағалауға және дұрыс шешім қабылдауда қиындық көреді.

Сағат 11-ден кейін тұратындардың табиғаты жалпы  немқұрайдылық пен депрессияға бейімделіп, өмір сүруге деген қызығушылығы төмендейді. Әрі табиғаты күдік пен қорқыныштың барлық түрлеріне жақын болып, ашушаңдыққа өте бейім тұрады.

 

Ұйқы мен ғибадат

Мұсылман кардиологтары: "Жүрек аурулары мен жүрек-қан тамырлары ауруларынан,  миокард инфарктісінен  және т.б. аурулардан  өзін қорғаудың ең жақсы жолы - күнделікті таңертеңгі намаз",-деген. Осылайша ұйқыдағы  15 минуттық күнделікті үзіліс (бұл тұтас намазға жұмсалған уақыт ) - жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудың ең жақсы әдісі. Алла Тағала бізге өмірде ауру мен бақытсыздықты болдырмаудың жолдарын көрсетіп,  пендесіне тиімді мүмкіндіктер берген.

Бірде бір оқымысты адам  ерте жастан ұлына Құран Кәрімді оқып үйретіп, бір күні ұлынан: "Құрандағы  "Үңгір" сүресінің құпиясын білгің келе ме?",-деп сұрайды. Бұл сүренің 107-110-аяттарының  мәнін түсінуің қажет,  сонда күн сайын таңертең азан үнін естіп, сергек оянатын боласың. Бұл үшін бір шартты орындауың қажет. Ол-ұйықтар алдында көзіңді жұмып, аталған аяттарды жадыңа сақтап, қайталауың  шарт". Жас жігіт әкесінің өсиеті бойынша күнделікті қоңыраудың дауысын естігенде тез арада таңғы намазға оянатын болады.

Бұл ретте ұйқы алдында Ұлы Жаратушыны еске алып, дұға, зікірлерді қайталаудың маңызы орасан екендігін мәлімдейді. Себебі, Алла Елшісі (с.ғ.с): "Алланы еске алмай ұйықтаған адамды Алла жазалауы мүмкін" деген болатын  (Әбу Дәуд). Осы себепті түннің бір уағына дейін компьютерде отырып, болмаса кітап оқып, яки  бос әңгімемен отыруға болмайтынын есте ұстағанымыз жөн. Күнделікті ерте жатуға дағдыланбасаңыз, ағзаңыз шаршап, қалпына келе алмай, келесі күнге жеткілікті күш, қуатты жинай алмайтыныңыз анық.

 

Ұйқыға қалай дайындалуымыз қажет?

Ардақты Алла Елшісі (с.а.у.): "Түнде  Алланың есімін еске алып, үйлерінің есіктерін жабыңдар, Алланы еске алып, шамды өшіріңдер". (Бұхари, Мүслім).

Ұйқының сапасы  сондай-ақ аса жұмсақ төсекке, қоршаған шу мен басқа кедергі келтіретін ойларға да байланысты. Жарық жанып тұрғанын бөлмедегі жарық ұйқы сапасына міндетті түрде кері әсерін тигізеді.

Бара ибн Азибтан (оған Алла разы болсын): "Пайғамбарымыз (с.ғ.с) маған: "Ұйқыға жатар болсаң, намазға дәрет алғаныңдай дәрет алып, сосын оң жағыңмен жат та: "Уа, Алла! Жүзімді Саған бағыштадым, ісімді Өзіңе тапсырдым және (сауабыңды) үміт етіп әрі (азабыңнан) қорқып арқамды Саған сүйедім. Өзіңнен басқа сенен паналар, қашып құтылар мекен жоқ. Уа, Алла! Түсірген кітабың мен жіберген пайғамбарыңа иман келтірдім" деп айт. Егер сол түні өлсең, туылғандағыңдай пәк қалпыңда боласың. Бұларды сөздеріңнің соңғысы ет" деп айтты" деген (Бұхари, Мүслім).

 

Алла Тағаланың ұйқыдағыларды қорғауы

Құран Ұлы Алланың сөзі болғандықтан, онда тіршілік пен құлшылыққа қатысты һәм адамзат ғұмырнамасы үшін аса қажетті барлық мәселелерге нақты жауап бар. Демек, нені іздегіңіз келсе, әуелі Алланың сөзі Құранды парақтасаңыз, сізді толғандырып жүрген сан сауалдарға тұщымды жауапты дәл осы жерден табасыз. Осы орайда Құрандағы ұйқы жайында айтылған аяттарға мән бермей, кетуге болмайды. "Олар ояу деп ойлайсың, негізінен олар ұйқыда еді. Оларды оңға, солға аунататын едік..." (Үңгір, 18).  

   Бұл аяттарда Ұлы Жаратушы Рим императорының қудалауынан қашып, көптеген жылдар бойы үңгірді паналап,  терең ұйқыға батқан "үңгір тұрғындары" жайында баяндайды. Әлем Иесі осы  аятта олардың денелерін оң және сол жағына қарай аунатқанын мәлімдеген. Аталмыш аяттағы Алланың шексіз даналығы мен аяттың жасырын мағынасының құпиясы жақында ғана көпшілікке мәлім болды. Анықталғанындай адам ұйқы кезінде ұзақ уақыт бойы қозғалмай жатып қалса, ол денсаулығына қатысты елеулі кедергілерге тап болады: ұзағырақ кезеңдерде қан айналымының бұзылуы, тері жаралары, дене салмағының астында қалған дененің ойылуы мен көгеруі орын алады. Бірақ Жаратушы Иеміз ұйқы кезінде де  біздің денсаулығымыз бен ағзамыздың толыққанды демалуына қамқорлық жасайды.

Тіпті Алла Тағала біздің ештеңені сезбейтін ұйқы халіндегі денемізді аунатып, ағзаға қан арқылы берілетін оттегі мен қажетті қоректік заттардың жеткізілуін қамтамасыз етеді. Егер қозғалыссыз қалған жағдайда қоректік заттар эпидермиске жетпей, теріміз баяу қурай бастайды. Ағзада жаралар пайда болады. Бұл жараларды емдемесе, теріге немесе жұмсақ тіндерге инфекция түсіп, олар ауыр ауруларды тудыруы мүмкін.

Мәлімделген медициналық факт Құран кереметтерінің бірі болып табылады. Бұл тек өткен ғасырдағы  ғалымдардың кешенді зерделеуімен белгілі болса,  күмән жоқ қасиетті Құран Кәрім XIV ғасыр бұрын айтылған ақиқатты адамзат баласына айшықтап көрсетіп, дұрыстықпен дәйектеп берген.

Нұра аудандық мешітінің бас имамы Ерлан Серікұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары