Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Санамыздағы отбасы ұғымы тек ұрпақ жалғастығымен өлшенбеу керек. Маңыздысы - ұрпақтың саналы, иманды болып өсуі. Ал, бұл болмаған жағдайда отбасы сүттей тазалығын сақтап, ұлт болашағын алға жетелей алады деу бекер. Қазақтың дүниетанымы мен болмысы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі Ислам дінімен астасып жатқандықтан, бала тәрбиесі де діннен тамыр алып, әрбір мәселе шариғатпен шешілген. «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім ізден» дейтін дініміз Ислам білім мен тәрбие бесіктен басталу қажеттігін меңзейді. Сөзімізге мысалды мына бір ғибратты әңгімемен өрбітсек. Бір патша сол елдің бір данышпанына «Баламды өзіңнің тәрбиеңе берсем»-деп келеді екен. Әлгі данышпан: «Балаң қаншаға толды?», – деп сұрайды. Патша: «Екі айға енді толды», – деп жауап береді. Сол кезде данагөй қарт: «Балаңның тәрбиесін енді ойлай келсең, онда кеш қалыпсың», – дейді. Мұнысына түсінбеген патша: «Сіз не айтып тұрсыз? Ана сүтінен аузы кеппеген, буыны қатпаған, бесіктен белі шықпаған балаға тәрбие берудің кештігі қалай?», – деп шамданыпты. Сонда данышпан қария: «Баланы құрсақтан тәрбиелеу керек еді», – деген екен. Бірақ... Ойланып көрелікші, қайсымыз бүгінде баланың тәрбиесін ананың құрсағынан бастап жүрміз? Ананың құрсағынан бастау деген не өзі? Баланы құрсақтан бастап тәрбиелеу мүмкін бе?... Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін сөзінің жаны бар. «Бесікті» әркім әрқалай түсінеді. Көбіміз бұл бесікті бала жататын ағаш бесік деп ұғамыз. Бәлкім...Баланың алғашқы бесігі – анасының аялы құрсағы болар... Білім мен тәрбие қалай берілу керектігін Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сүннетінен табамыз. Мұхамед (с.ғ.с.) : «Әкенің баласына жасаған ең жақсы сыйлығы – жақсы тәрбиесі» деп тамаша өсиет қалдырып еді.
Құран Кәрімде: «Дүние – мүлік пен бала – шағаларың бұл дүние тіршілігінің сәні…» («Кәһф» сүресі, 46-аят). Сондықтан, бала – Жаратқанның аманаты, осы өмірдің негізгі мәні, келелі күннің ұрпағы. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген мақалдың құны ащы. Оның сылдыр күлкісі, шүлдір сөзі, тәтті тілі мен жұпар иісі адамға өмірді толықтай сезіндіреді. Яғни шаттық пен бақытты беретін Алланың бұл сыйы өміріміздің көркі. Ал, ол көрікті бұзбай, әрі қарай әсем ету, тәрбиелеу – әке мен ананың ең үлкен жауапты міндеті!
Әрине, бүгінде бала тәрбиесіне әркімнің өзіндік көзқарасы мен қағидасы толықтай қалыптасқан. «Аллаға шүкір, мына қайнаған заманда дамыған елміз, қазіргі адам өмірі мен болашағына барлық жағдай қарастырылған» деген алабұртқан құбылмалы көңілдердің алдында небір – небір өмірлердің үлгілері самсап тұр–ау. Алайда, баласын мұсылмандыққа баулып, исламның ізгі жолымен жүргізем деген ниеттегі әке мен ана баласының болашағына үлкен септігін тигізгені. Ислам әлемі балалық шақты бақыт пен арманға толы әдемі ерекше күйде қарастырады. Баланың жарық дүниеге келуінің өзі Алланың қалауы. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз балаларды «Жұмақтың көбелектері» дейтін. Мұхамед (с.ғ.с.) сәждеде болғанда, арқасына мінген немерелерінің өз беттерімен жерге түскенін күтіп, басын сәждеден алмайтын. Шариғат үкімінде тәрбиенің қай түріне болсын, қатып қалған қатаң талаптары жоқ. Дегенмен, көңілді аударатын өзіндік қағидалары бар. Ислам алдымен балаға әдемі есім бергенді қалайды. Өйткені, есім ғұмыр бойы баламен бірге әрі Алланың алдына сол есіммен шақырылатын болады. Және ол есімді иеленген балаға бұрыңғы адам өмірінен көп жақсылығы өтеді делінеді. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың «Кімнің баласы туылғанда оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге жамандық келмейді» дегені бар. Сондықтан, оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылып, бала есімі Аллаға жария етілуі тиіс. Ал, азан шақырылған есімді құндақтағы баланың жүрегіне Періште жеткізеді. Сондағы баланың қуанышы мен күлкісін ұйқыда жатса да бет – жүзінен байқауға болады. Есім балаға жарасым беріп, аталғанда құлаққа жағымды, әдемі естіліп, кімге болса да бейнебір әсер бергені өте жақсы. Есім таңдау әкенің құқығында, себебі, екі дүниеде де баланың есімі әкесі есімімен қатар тұрады. Сонымен қатар, әке үлкендерге құрмет белгісінде баласына есім беру жоралғысына құқығы бар. Кейінгі кездерде мұсылман есімдерге көптеп көңіл бөлініп жүр. Алайда, ол есімнің тарихы балаға таныстырылмай, оның аталу мақсаты түсіндірілмей жатады. Міне, «Атына заты сай болу» қағидасы бала тәрбиесінің бірінші қадамы. Ескеретін жағдай, исламда Алланың тоқсан тоғыз есімінен балаға ат қоюға тыйым салынады. Берілген күнде «Абд» яғни «құл» дегенді тіркестіру қажет. Мәселен, Әбдрахман, Әбдісаттар, Әбдімәлік т.с.с. Ал, есімді келемеждеу, бұрмалау, қысқарту, мазақ ету дінімізде ауыр күнә, Алланың алғашқы қаһарына ілігетін қылықтардың бірі. Халқымыздың салтындағы жаңа түскен келіннің отбасында баладан үлкенге дейінгі үй иелерінің есімін атамай, кішісін еркелетіп, үлкенін құрметтеп өзіндің есіммен атау жоралғысы осыдан шыққан.
Баланы ұл немесе қыз деп бөлуге, алалауға ислам қарсы. Ардақты Мұхамед (с.ғ.с.) Пағамбарымыз «Кімде – кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Аллаһ тағала ол кісіні Жәннетіне кіргізеді» дегені бар. Хасан мен Хусейн атты немерелерін емірене аймалап, сүйіп отырған Мұхамед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды көрген бір адам «Сіз қызыңыздың балаларын осыншама емірене сүйесіз. Алламен ант етейін, менің он ұлым бар, бірақ олардың бірде біреуін бұлай сүймеймін» депті. Сонда «Жаратқан Алла жүрегіңді мейірімділіктен айырса, саған мен не істей алам онда, дүниеде мейірімділік етпеген қияметте мейірімділік көрмейді» дегені бар. Бала тәттіге қаншалықты құмар болса, әке – шеше мейірімі оған соншалықты қажет. Бір күнін ата – анасыз өткізген баланың сағынышы қандай болады, өйткені өзіне ең жақын адамдары қасында болмады. Негізінде, балаға әке мен ананың жүрегі жақын келеді. Өйткені, жүрекке берілген Алланың мейірім махаббатынан бала жаратылды. Ал, мейірім бәрінің басын бір жерге түйістіретін Алланың нығметі. Бірде, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз сахабаларымен отырған кезеңде, бір сахабасы ортаға түйілген буыншақ әкеп қояды. Ол түйіншектің аузын шешкенде, бәрі жапа – тармағай не істерін білмей қарап қалыпты. Өйткені, онда құстың кішкене балапандары болады. Сол мезетте, қауырсын балапандардың анасы жоғары жақтан ұшып келіп, қанатымен балаларын көлегейлеп бастапты. Мұны көрген таң қалған сахабаларға Мұхамед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз «Алланың рақым – мейірімі бала мен ата – ананың бір – біріне деген мейірімінен артық болады» деген екен.
Ойымды Мағжан Жұмабаевтың мына бір сөзімен түйіндесем: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» Ендеше, «Не ексең, соны орасың» дейді қазақ, ұрпағымыз үшін алаңдасақ, әуелі тәлім-тәрбиеге терең мән бергеніміз жөн.
Пікірлер