Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ҰЛЫ ЖЕҢІС КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
08 мамыр, 2024 жыл 42 Басып шығару нұсқасы

Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Қадірменді жерлестер!

   Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке - жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі де Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі арқасында!

   Біз бүгін соғыс құрбандарының рухына тағзым етіп, ардагерлерге құрмет көрсетеміз. Олардың майдандағы өжеттігі мен тылдағы еңбегі туған елге деген қалтқысыз сүйіспеншіліктің және қайсарлықтың жарқын үлгісі екені сөзсіз.

Жиырмасыншы ғасырдағы ең сұрапыл соғыстағы жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Отан үшін от кешкендердің ерлігін ұмытпау, ардагерлерге қамқорлық көрсету – баршамыздың қасиетті борышымыз.  

Батыр бабаларымыздың қаһармандығы қазіргі тыныш заманда да біздің бойымызға жігер береді. Ол ауызбірлік, патриоттық, қайсарлық және Отанға деген махаббат арқылы кез келген қиындықты жеңіп, бейбіт әрі бақуатты өмірге қол жеткізуге болады деген сенімімізді нығайта түседі.

Жаратушы Иеміздің ұлы нығметіне шүкір етіп, тәуелсіздікті сәт сайын қорғау, қастерлеп-аялау – еліміздегі әрбір азаматтың адамгершілік борышы. Кезінде құлауға шақ қалған рухани құндылықтарымызбен егемендігімізді алып, еңсені тіктеген Тәуелсіздік жылдары қайта қауыштық. Дербес елдігіміздің арқасында дініміз еркіндік алды.

Ұлы Жеңіс күнінде баршаңызға мықты денсаулық, баянды бақыт пен жақсылық тілеймін! Аспанымыз әрдайым ашық болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке, жұмыстарыңызға ізгілік тілеймін.

Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, Тәуелсіздігіміздің тұғырын биік еткей. Мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі мәңгілік болғай! Әмин!

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Әбдіғали Естай Айтуғанұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары