Күллі ғаламды және бүкіл адамзатты ерекше хикметпен һәм ұлы мақсатпен жаратқан Алла Тағалаға шексіз мақтау айтамыз.
Әлемге ең үлкен рақым, ұлы шапағатшы әрі пайғамбарлардың ең соңғысы Мұхаммед Мұстафаға (саллаллаһу алайһи уа сәлләм), оның жан ұясына, сахабаларына және оның жолымен жүрушілердің барлығына салауат пен сәлем жолдаймыз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде:
«Шындығында, Жәннәтта «Хаулаб» деп аталатын бір тал бар. Ол талдың жемістері алмадан үлкенірек, анардан кішірек, балдан тәтті, сүттен ақ, майдан жұмсақ», – дейді.
Сонда Әбу Бакір (р.а): «Уа Алланың елшісі, оны кім жейді?», – дейді.
Бұған Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қандайда бір адам менің есімімді естіп, маған салауат айтатын болса, бұл жемістен сол жеп, дәмін татады», – деп жауап береді.
Ықылас сүресінде Аллаһ Тағала:
Ей, Мұхаммед! Былай де: Ол Алла – жалғыз!
Алла – мұңсыз (Алла ешнәрсеге мұқтаж емес, керісінше, Оған күллі зат тәуелді, мұқтаж).
Ол (ешкімді) тумаған, (ешкімнен) туылмаған.
Оған тең келер ешнәрсе жоқ.
Ықылас сүресінің түсу себебі:
Әби бин Кағб, Жәбир бин Абдулла, Әбул Алиат аш-Шағби, Ғукромат, Алла оларға разы болсын, былай деді:
«Бір күні Амир бин ат-Туфайл, Зайд бин Қайс т.б. Мекке кәпірлері Пайғамбарымызға келіп: «Ей, Мұхаммед! Сен раббыңды бізге сипаттап бер. Ол қандай нәрседен? Алтыннан ба? Күмістен бе? Темірден бе? Жоқ, әлде мыстан ба? Мәселен, біздің құдайларымыз осындай нәрселерден, ал сенің ше?», – дейді.
Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ол Алла Тағала еш нәрсеге ұқсамайды», – деді.
Алла Тағала жауап ретінде осы Ықылас сүресін түсірді: «Ей, Мұхаммед! Былай де: Ол Алла – жалғыз. Алла – мұңсыз».
Ибн Аббас айтты: «Алла Тағала үшін құрсақ жоқ, еш нәрсеге мұқтажсыз. Ол жемейді де, ішпейді. Егер құрсақ бір нәрсеге мұқтаж болған болса. Ол Алла еш нәрсеге мұқтаж емес, керісінше барлық жаратылыс Аллаға мұқтаж. Егерде бір нәрсеге мұқтаж болғанда, құдайлық сипатқа лайық болмай қалар еді», – деді (Хадисул арбағин кітабынан).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Айша (р.а) анамамызға айтты:
Төрт нәрсеге амал қылмай ұйықтама:
1.Құранды хатым қылмайынша,
2.Қиямет күні пайғамбарлар саған шапағат болмайынша,
3.Барлық мұсылмандар саған разы болмайынша,
4. Қажылық пен Ғұмыра қылмайынша, – деді.
Айша (р.а) анамыз Пайғамбарымыздың намаз оқып болғанын күтіп, оқып болған соң былай деді: «Уа, Алланың елшісі, Сенің жолыңда әке-шешем құрбан болсын! Сіз маған әмір қылған төрт нәрсеге қазіргі уақытта амал қылуға шамам жетпейді, деген кезде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жымиып күліп былай деп айтты:
1. Ықылас сүресін үш мәрте оқуың, Құранды хатым қылғаның.
2. Маған және менен бұрынғы пайғамбарларға салауат айтуың, сен үшін қиямет күні шапағат болғаны.
3. Барлық мүминдерге жарылқау тілеуің, саған разы болғаны.
4. «Субханаллаһи уалхамдулилләһи уа лә иләһа иллаллаһу уаллаһу акбар» деп айтуың, қажылық пен ғұмыра өтегенің», – деді.
Әби бин Кағбтан (р.а) риуаят етілген пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Кімде-кім «Қул һуаллаһу ахад»-ты бір мәрте оқыса, Алла Тағала оған жүз шаһидтің сауабындай сауаб нәсіп етеді», – деді (Хадисул арбағин кітабынан).
Сүренің «Ықылас» деп аталуының себебі – шындығында сол сүрені оқушы адам дүние және ахирет қиындықтарынан, өлім азабынан, қабір қараңғылығынан, қиямет күнінің қайғысынан арылады. Сол себепті «Ықылас сүресі» деп аталды.
Әби бин Кағбтан (р.а) риуаят етілген пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тағы бір хадисінде:
«Қандайда бір адам Ықылас сүресін бір мәрте оқыса, құранның үштен бір бөлігін оқығандай болады, екі мәрте оқыса, Құранның үштен екі бөлігін оқығандай болады, ал үш мәрте оқыған болса, Құранды толық оқығандай болады. Он мәрте оқыса, Алла Тағала жәннәтта қызыл жақұттан үй салып береді», – деді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім «Қул һуаллаһу ахад»-ты «Бсмилләһир-рохманир-рохим»-мен бірге оқыса, Аллаһ Тағала ол үшін елу жылдық күнәсін кешіреді», – дейді.
Хикая:
Ізгі адамдардың бірі түсінде бастары жоқ меккелік жүз көгершінді көреді. Ұйқысынан оянып, әлгі түсін түс жорушыға баяндап береді.
Түс жорушы былай деп айтады:
Мүмкін жүз мәрте айтылған Ықылас сүресін «бисмиллә» -сыз айтқан боларсың, дегенде. Ол: «Сен дұрыс айттың», – деген екен.
Ибн Аббас (р.а) риуаят етілген пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: Мен миғражға көтерілгенімде, Ғарыштың 163 000 тіреулерін көрдім. Бір тіреуден екінші тіреудің арақашықтығы 103 000 жылдық. Әр тіреудің астында 12 000 сахара бар. Әр сахараның үлкендігі шығыстан батысқа дейін. Ал енді, әр сахарада «Қул һуаллаһу ахад»-ты оқитын 80 000 періште бар. Олар оқуды тоқтатқан уақытта былай деп Аллаһ Тағалаға жалбырынады: «Ей Раббымыз, Ей Мырзамыз, шындығында бұл оқуымыздың сауабын Ықылас сүресін оқыған ер-әйел кісілерге сыйладық», – дейді. Сонда барлық сахабалар бұған таңғалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Ей, сахабаларым, сендер таңғалып отырсыңдар ма?»
Сахабалар: «Иә, Алланың елшісі».
«Жаным құзырында болған Алланың атымен ант етемін: «Қул һуаллаһу ахад» Жәбрейілдің (а.с) қанаттарында жазылған. «Аллаһус-сомад» Микаилдің (а.с) қанаттарында жазылған. «Ләм иәлид, уа ләм иуләд» Азірейілдің (а.с.) қанаттарында жазылған. «Уа ләм иакун ләһу куфуан ахад» Исрафилдің (а.с.) қанаттарында жазылған. Менің үмбеттерімнің қайсыбіреуі Ықылас сүресін оқитын болса, Алла Тағала оған Таурат, Інжіл, Забур, Ұлы Фурқанды оқығандай сауап береді», – деді Алла Елшісі.
Сосын тағы да: «Ей сахабаларым, сендер бұған да таңғалып отырсыңдар ма?», – деп сұрады.
Сахабалар: «Иә Алланың елшісі», – деді.
«Жаным құзырында болған Алланың атымен ант етемін: «Қул һуаллаһу ахад» Әбу Бакр Сыддықтың маңдайында жазылған. «Аллаһус-сомад» Омарул Фаруқтың маңдайында жазылған. «Ләм иәлид, уа ләм иуләд» Осман зин-Нуройнидің маңдайында жазылған. «Уа ләм иакун ләһу куфуан ахад» Али Ас-Сахидың маңдайында жазылған, Алла оларға разы болсын. Кімде-кім Ықылас сүресін оқитын болса, Алла Тағала оған Әбу бакр, Омар, Осман, Али сахабаларға берілген сауаптай сауаптар нәсіп етеді. Алла оларға разы болсын», – дейді.
Арабшадан аударған:
Асқар Мейрамбекұлы, Қарқаралы аудандық «Құнанбай қажы» мешітінің найб имамы.
Пікірлер